Көміртекті егіншілік: қостанайлық аграршылар топырақты қалай сақтап, қосымша табыс таба алады
«Атамекен» Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының АӨК және көлік мәселелері жөніндегі салааралық кеңесінің отырысында бизнес өкілдеріне көміртекті егіншілік тұжырымдамасы таныстырылды. Фермерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер туралы Қостанай облысы бойынша «Гипрозем» ШЖҚ РМК филиалы басшысының орынбасары Мәулен Сүндетбаев баяндады.
Бүгінде жердің тозуы, эрозия және қарашірік деңгейінің төмендеуі – Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына төнген басты қауіптердің бірі. Көміртекті егіншілік бірден екі міндетті шешуге мүмкіндік береді: топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге көмектеседі және агробизнестің рентабельділігін арттырады.
Өсімдіктер өсу кезеңінде атмосферадан көмірқышқыл газын сіңіреді. Тамырлар мен өсімдік қалдықтары шіріген кезде көміртек топыраққа өтіп, пайдалы қарашірікке айналады. Фермердің міндеті – көміртекті топырақта сақтап, оның мөлшерін арттыруға мүмкіндік беретін технологияларды қолдану.

Көміртекті егіншіліктің негізгі тәсілдері:
Жер жырту қарқындылығын төмендету (минималды немесе нөлдік өңдеу технологиялары);
Топырақты органикалық заттармен байыту үшін жабынды дақылдар егу;
Егістіктерде сабан мен аңыз қалдықтарын сақтау;
Ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін қолдану.
Арнайы жобаларға қатысу арқылы агрокәсіпорындар жерге деген қамқорлығын нақты табыс көзіне айналдыра алады. Бұл тетік бес кезеңнен тұрады:
Сарапшылар топыраққа талдау жүргізіп, көміртектің бастапқы деңгейін анықтайды.
Шаруашылықтың ерекшеліктеріне сәйкес көміртекті жоба әзірленеді.
Аграршылар егіс алқаптарында топырақ қорғау технологияларын енгізеді.
Қайта өлшеу жүргізіліп, топырақтағы көміртек мөлшерінің артқаны расталады.
Тәуелсіз тексеруден кейін көміртек бірліктері шығарылады. Бұл – сатудан шаруашылыққа қосымша пайда әкелетін арнайы нарықтық актив.
Осылайша, заманауи экологиялық таза агротехнологиялар қостанайлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін табыстылықты арттырудың нақты құралына айналуда.