Бизнеске салықтық жеңілдік: Қостанай облысының бірқатар қалалары мен аудандарында 2027 жылға арналған оңайлатылған декларация бойынша салық мөлшерлемесі төмендетілді
Қостанай облысындағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық жүктемені азайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен 2027 жылға арналған оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдану кезіндегі салық мөлшерлемесі төмендетілді (базалық мөлшерлеме – 4%).
Салық мөлшерлемелерін сақтау және төмендету мәселесі «Атамекен» Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырыстарында бірнеше рет көтеріліп, жан-жақты пысықталды. Бизнес-қоғамдастық шағын және орта бизнестің жергілікті деңгейде қолайлы жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау қажеттігін жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл кәсіпкерлерге үнемделген қаражатты бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын сақтауға және бағаның өсуін тежеуге бағыттауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда 2027 жылға арналған төмендетілген салық мөлшерлемелері облыстың мына қалалары мен аудандарында бекітілді:
2% – Жангелдин ауданы;
2,5% – Қарабалық ауданы;
3% – Қостанай және Рудный қалалары, сондай-ақ Жітіқара, Федоров, Қостанай және Сарыкөл аудандары.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, бизнес пен жергілікті өкілді органдар арасындағы сындарлы диалог нақты практикалық нәтижелер беруде. Өңірдің басқа аудандарында да кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қалыптасқан жағдайды талдау және ұсыныстар әзірлеу жұмыстары жалғасуда.