Инфрақұрылым мәселелері бизнеске кедергі келтіргенде: Ақтөбеде кәсіпкерлердің үш өтініші қаралды

27.11.2026
Инфрақұрылым мәселелері бизнеске кедергі келтіргенде: Ақтөбеде кәсіпкерлердің үш өтініші қаралды

Инфрақұрылымдық ұйымдармен туындаған даулар, электр энергиясы үшін миллиондаған теңге көлемінде қосымша есептеулер және абаттандыру мәселелері - осы тақырыптар Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында қаралды. 

Отырыс Кеңес төрағасы Нұрлан Махамбетовтың төрағалығымен, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Келіс Тұрмағамбетовтың қатысуымен өтті. Күн тәртібіне үш өтініш шығарылды. Олардың әрқайсысы кәсіпкерліктің нақты мәселесіне және қосымша қаржылық шығындарға ұшырау қаупіне қатысты. 

Өтініштердің бірі «Тау» шаруа қожалығынан түсті. Шаруашылық ауданы шамамен 600 гектарды құрайтын ирригациялық жүйенің сорғы станциялары мен трансформаторлық қосалқы станцияларын бөлшектеп, басқа жерге көшіру жөніндегі «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының жоспарларына байланысты қиындықтарға тап болған. Бұл жүйені құруға шаруашылық ЕҚДБ қарыз қаражатын тарта отырып, қомақты қаржы салған. Сонымен қатар электрмен жабдықтау шарттары мен су беру тарифіне қатысты да келіспеушіліктер туындаған. 

«Аграрлық бизнес үшін мұндай шешімдер жай ғана техникалық мәселе емес. Бұл - салынған инвестициялардың құнсыздану және өндірістік жоспарлардың бұзылу қаупі», - деп атап өтті Кеңес төрағасы Нұрлан Махамбетов. 

Тағы бір өтініш BarBQ демалыс базасының иесінен түскен. Кәсіпкерге бұған дейін электрмен жабдықтауға техникалық шарттар берілгенімен, кейін Ақтөбе су қоймасы маңындағы кабельді бөлшектеу мәселесі көтерілген. Палата ұсынылған құжаттарды зерделеп, қойылған талаптардың және бұрын берілген рұқсат құжаттарының құқықтық негіздеріне баға беру қажеттігіне назар аударды. 

Осы екі өтініш бойынша Кеңес тараптарға келіссөздер жүргізуді және Палатаның қолдауымен медиация рәсімін қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

Изображение

Күн тәртібіндегі екінші мәселе жарнама және әлеуметтік-ақпараттық қызметтер саласында жұмыс істейтін Project X ЖК өтінішіне қатысты болды. Қала даңғылдарының бірінде орналасқан LED-экранды тексеру барысында «Энергосистема» ЖШС өкілдері электр энергиясына шартсыз қосылу дерегін тіркеп, нысанды электрмен жабдықтаудан ажыратқан. Нәтижесінде кәсіпкерге болжамды электр энергиясын тұтыну үшін 4,4 млн теңгеден астам қосымша төлем есептелген. 

«Кеңес электрмен жабдықтау қағидаларын сақтау қажеттігіне күмән келтірмейді. Алайда ұсынылған есептеулер ашық әрі құжаттармен негізделген болуы тиіс. Мәселені қарау қорытындысы бойынша қосымша тексеру жүргізу, кәсіпкерге толық есеп-қисапты ұсыну және дауды сотқа дейін реттеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ нысанды заңды түрде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру және қажетті шарттық қатынастарды рәсімдеу мәселесі көтерілді», - деп атап өтті Кеңес мүшелері мәселе бойынша ұсынымдар қабылдау барысында. 

Үшінші өтініш «Рахат» мейрамханасының иесінен түсті. Кәсіпкер Арбат аумағына және ортақ пайдаланылатын жерлерге жататын іргелес аумақты жазғы алаң ретінде пайдалану кезінде шектеулерге тап болған. Сонымен қатар аумақты абаттандыруға қатысты мәселелер де шешімін таппаған: асфальт жабынының болмауы, жер бедерінің биіктік айырмашылықтары, кіреберіс маңында жауын-шашын суының жиналу қаупі және жақын маңдағы қоғамдық дәретханалардың тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы. 

Кеңес қала әкімдігіне бейінді қызметтердің, Палатаның және кәсіпкердің қатысуымен мәселені кешенді түрде қарастыруды ұсынды. Мұнда аумақтың қоғамдық маңызын сақтай отырып, қала тұрғындарының еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беру және осы жерде жұмыс істейтін бизнес үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Сондай-ақ нысанға көлікпен қатынауды ұйымдастыру мәселесін бағалау үшін Палата мен Полиция департаментінің қатысуымен оқиға орнына шығу жоспарланды. 

«Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің негізгі практикалық міндеті - бизнес, мемлекеттік органдар және бұл жағдайда инфрақұрылымдық ұйымдар арасында диалог орнату, даулы шешімдердің негізділігін тексеруге ықпал ету және жанжалды жағдайлардан екі тарапқа да қолайлы шешім табуға көмектесу. Кеңес ұсынымдары мүдделі тараптарға жолданады. Қабылданған шешімдердің орындалуы мен өтініштердің әрі қарай қаралу барысы Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының бақылауында болады», - деді Нұрлан Махамбетов.

ИзображениеИзображениеИзображение