Қайталама кедендік баждарсыз: ЕАЭО Соты «Атамекен» ҰКП-ның өтініші бойынша бизнес үшін маңызды түсіндірмелер берді

27.11.2026
Қайталама кедендік баждарсыз: ЕАЭО Соты «Атамекен» ҰКП-ның өтініші бойынша бизнес үшін маңызды түсіндірмелер берді

Қазақстандық кәсіпкерлер Ресейге тауар жеткізу кезінде жоғарылатылған кедендік баждарды қолдану мәселесі бойынша маңызды құқықтық түсіндірмелер алды.

2026 жылғы 20 қарашада Еуразиялық экономикалық одақтың Соты «Атамекен» ҰКП-ның өтініші бойынша консультативтік қорытынды шығарып, ЕАЭО туралы шарт пен ЕАЭО Кеден кодексінің жекелеген ережелерін түсіндірді.

Соттың қорытындысына сәйкес, егер тауар белгіленген тәртіппен ішкі тұтыну үшін шығарылса, ЕАЭО Кеден кодексіне сәйкес ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелері бойынша әкелу кедендік баждары төленсе және тауар Одақ тауары мәртебесін алса, оны мүше мемлекеттер арасында одан әрі тасымалдау өздігінен әкелу кедендік бажын қайта төлеуге негіз болмайды.

Ұлттық палатаның Сотқа жүгінуіне Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығы ұсынған ақпарат негіз болды. Онда 2025 жылдың соңынан бастап Ресейдің кеден органдары жекелеген үшінші елдерден шыққан, бұған дейін Қазақстанда ішкі тұтыну үшін шығарылып, Одақ тауары мәртебесін алған тауарларға жоғарылатылған әкелу баждарын қолданғаны айтылған.

Қауымдастықтың мәліметінше, мұндай өнімді кейін Ресейге жеткізу кезінде кәсіпкерлер Ресей заңнамасында көзделген мөлшерлемелер бойынша қосымша кедендік баж есептеу талаптарына тап болған.

«Атамекен» ҰКП бағалауынша, мұндай тәжірибе бизнеске қосымша қаржылық жүктеме түсіріп, өнімнің өзіндік құнын арттырады және қазақстандық жеткізушілердің Ресей нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Осыған байланысты Ұлттық палата Одақ құқығының тиісті ережелерін түсіндіруді сұрап, ЕАЭО Сотына жүгінді.

Консультативтік қорытындыда Сот кәсіпкерлер үшін маңызды бірқатар құқықтық тұжырым жасады.

Атап айтқанда, тауарды ЕАЭО мемлекеттері арасында тасымалдау немесе оның меншік иесінің ауысуы өздігінен Одақ тауары мәртебесінің жоғалуына әкелмейді. Мүше мемлекеттің кеден органдары тауарды белгіленген тәртіппен шығару туралы қабылдаған шешімдері ЕАЭО Кеден кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Одақтың бүкіл кедендік аумағында танылады.

Сонымен қатар Соттың түсіндіруінше, тауарды Қазақстанда ішкі тұтыну үшін рәсімдеу кәсіпкерді оны тек қазақстандық нарықта ғана сатуға міндеттемейді. Мұндай тауарды ЕАЭО-ның басқа мемлекетіне одан әрі тасымалдау өздігінен кедендік рәсімнің талаптарын бұзбайды.

Сонымен бірге Сот бұл тұжырымдар тауар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау жүргізуге және ЕАЭО Кеден кодексінде көзделген жағдайлар мен тәртіпке сәйкес баждарды өндіріп алуға кедергі келтірмейтінін атап өтті. Бұл бастапқыда кедендік баждардың Одақ құқығында көзделген мөлшерден аз есептелгені немесе төленгені анықталған жағдайда мүмкін болады.

Сот сондай-ақ мүше мемлекеттер ЕАЭО туралы шартта белгіленген қағидалар мен шектеулерді сақтай отырып, үшінші елдерге қатысты біржақты жауап шараларын қолдануға құқылы екенін көрсетті. Алайда мұндай шаралар кеден одағы мен ішкі нарықтың жұмыс істеу қағидаттарын айқындайтын Шарт ережелеріне қайшы келмеуге тиіс.

«Атамекен» ҰКП-ның өтініші бойынша алынған құқықтық түсіндірмелер қазақстандық импорттаушылар, дистрибьюторлар мен сауда компаниялары үшін маңызды. Олар әкелу кедендік баждарын қайта төлеу туралы талаптар туындаған жағдайда бизнестің өз мүдделерін қорғауына қосымша құқықтық негіз береді.

«Атамекен» ҰКП ЕАЭО Сотының құқықтық түсіндірмелерін ескере отырып, жоғарылатылған кедендік баждарды қолдану мәселесі бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен өзара іс-қимылды жалғастырады.

ЕАЭО Сотының консультативтік қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие. Осы іс аясында Сот Одақ құқығының ережелерін түсіндірді, алайда нақты жағдайларда олардың мүше мемлекеттер тарапынан сақталғанын немесе сақталмағанын анықтаған жоқ.