Decarbonisation Day 2026: Франция мен Қазақстан көміртегі бейтараптығы жолында ынтымақтастықты нығайтуда

27.11.2026
Decarbonisation Day 2026: Франция мен Қазақстан көміртегі бейтараптығы жолында ынтымақтастықты нығайтуда

Астанада Франция – Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы (ФҚСӨП) ұйымдастырған декарбонизация жөніндегі екінші Франция – Қазақстан форумы – Decarbonisation Day 2026 өтті. Қатысушылар электр энергетикасын, көлік саласын және өнеркәсіпті декарбонизациялау, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады.

Форумға мемлекеттік органдардың, қазақстандық және француз бизнесінің, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Қатысушыларға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Францияның Қазақстандағы елшісі және ФҚСӨП президенті құттықтау сөз сөйледі. Министр декарбонизация Қазақстан үшін экологиялық міндеттеме ғана емес, стратегиялық басымдық екенін атап өтті.

Изображение

«Қазақстан үшін декарбонизация – экологиялық міндеттеме ғана емес, экономиканы жаңғыртуға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған стратегиялық басымдық», – деді Әлібек Қуантыров.

Министр Қазақстанның Париж келісімінің мақсаттарына және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемесіне берік екенін еске салды. Жаңартылған ұлттық деңгейде айқындалатын үлес (ҰДАҮ 3.0) аясында Қазақстан 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 17%-ға, ал халықаралық қолдау болған жағдайда 25%-ға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Квоталық сауда жүйесі елдегі парниктік газдар шығарындыларының шамамен 43%-ын қамтиды. Қазақстан көміртегі нарығының тетіктерін жетілдіруді және Париж келісімінің 6-бабы аясында халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда. Министр Франциямен ынтымақтастықтың төрт басым бағытын атап өтті. Олар – төмен көміртекті энергетика, өнеркәсіпті декарбонизациялау, цифрландыру және экологиялық технологиялар, сондай-ақ климаттық қаржыландыру мен инвестициялар. Сонымен қатар ол Қазақстан экономикасына салынған француз инвестицияларының жиынтық көлемі шамамен 21 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтті.

Изображение

Форумның іскерлік бағдарламасы төмен көміртекті дамудың жекелеген бағыттарына арналған төрт панельдік сессиядан тұрды. Бірінші сессия электр энергетикасын декарбонизациялау мәселесіне арналды. Одан кейін қатысушылар көлік пен инфрақұрылым мәселелеріне көшіп, теміржол логистикасын, авиацияны, теңіз және автомобиль көлігін талқылады. Экологиялық таза өнеркәсіпке арналған үшінші сессияда метан шығарындыларын бақылау саласындағы саясат пен мониторинг, есептілік және верификация (MRV) стандарттары, мұнай-газ саласындағы өндірістік операциялар кезінде бөлінетін метан шығарындыларын азайту және декарбонизациялау жобалары қарастырылды. Осы сессияда «Атамекен» ҰКП Басқарушы директор – Экология және тұрақты даму департаментінің директоры Әсел Ынтымақова қазақстандық бизнестің көмірқышқыл газын ұстау, пайдалану және сақтау (CCUS), сондай-ақ метанды ұстау технологияларын енгізуге дайындығы туралы баяндама жасады. Ол аталған технологияларды енгізуге кедергі келтіретін және ынталандыратын факторларға да тоқталды. Іскерлік бағдарлама энергия тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне арналған сессиямен аяқталды.

Форум қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП мен ФҚСӨП ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжатқа «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Маханов пен ФҚСӨП бас директоры Стивен Бостроем қол қойды.

Изображение

Меморандум қазақстандық және француз ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Париж келісімінің 6-бабы аясында бастамаларды бірлесіп пысықтауға мүмкіндік жасауға бағытталған. Тараптар парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілу көлемін арттыру мүмкіндіктерін талқылауға мүдделі қазақстандық кәсіпорындар мен өндірістік алаңдарды анықтауға жәрдемдесуді көздейді. Сонымен қатар жоба иелері, компаниялар, сарапшылар мен технологиялық серіктестер арасында байланыс орнатуға ықпал етпек.

Изображение

«Меморандум ынтымақтастықтың жалпы негізін айқындайды. Ынтымақтастық одан әрі дамыған сайын тараптар белгіленген рәсімдерді ескере отырып, компаниялардың тікелей қатысуымен нақты бастамалар бойынша келісімге келе алады», – деді Мұратбек Маханов.

Тәжірибе алмасудың негізгі бағыттарына метан шығарындыларын басқару, көмірқышқыл газын ұстау және пайдалану, өнеркәсіптің энергия тиімділігін арттыру және төмен көміртекті энергетиканы дамыту жатады. Мониторинг, есептілік және верификация саласындағы техникалық білім алмасуға, қолданылатын әдістемелер мен бастапқы деректерге ерекше назар аударылады. Осы мақсатта бірлескен жұмыс кездесулерін, семинарлар мен сараптамалық сессияларды өткізу, сондай-ақ Қазақстан мен Францияға өзара танысу сапарларын ұйымдастыру көзделген. Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және үш жыл бойы қолданыста болады.

Изображение

Осылайша, форум төмен көміртекті даму мәселелері бойынша қазақстандық және француз бизнесі, мемлекеттік органдар мен сарапшылар арасында сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік берді. Ал қол қойылған құжат осы диалогты практикалық деңгейде жалғастыруға жол ашады.