Қазақстан Еуропаның азық-түлік «фабрикасына» айналуы мүмкін – Райымбек Баталов
Былтыр Қазақстан органикалық өнімді Германия, Нидерланды, Польша, Чехия, Литва, Норвегия нарықтарына экспорттады. Еліміз Еуропа үшін азық-түлік «фабрикасына» айналуы мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов еуропалық делегаттардың қатысуымен өткен Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің кезекті отырысында айтты.
Былтыр Қазақстан органикалық өнімді Германия, Нидерланды, Польша, Чехия, Литва, Норвегия нарықтарына экспорттады. Еліміз Еуропа үшін азық-түлік «фабрикасына» айналуы мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов еуропалық делегаттардың қатысуымен өткен Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің кезекті отырысында айтты.
Халықаралық кездесудің негізгі күн тәртібі Қазақстан мен Германияның қазіргі ахуалы мен ынтымақтастығындағы экономикалық бейімделудің маңызына қатысты болды. Осыған байланысты Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы өзара іс-қимылды дамыту үшін әлеуеті жоғары салалардағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айтты. Мұндай салаларға тау-кен металлургия, жасыл экономиканың тұрақты дамуы, машина жасау, көлік-транзит коммуникациялар, адами ресурстарды дамыту және ауыл шаруашылығы жатады.
«Қазақстанның Еуропаның азық-түлік «фабрикасы» болуының барлық алғышарты мен мүмкіндігі бар. Агроөнеркәсіп секторының әлемдік нарығында Қазақстан мақсары өндірісі бойынша екінші, зығыр бойынша үшінші, қарақұмық бойынша алтыншы, күнбағыс майы бойынша сегізінші, жасымық бойынша оныншы орында тұр. Органикалық ауыл шаруашылығына да ерекше назар аударылып жатыр. Бүгінде органикалық алқаптардың көлемі 200 мың гектардан асады және 2022 жылы Германия, Нидерланды, Польша, Чехия, Литва, Норвегия және басқа да нарықтарға 35 миллион доллар көлемінде органикалық өнім экспортталды», – деді Ұлттық палата басшысы.
Спикер 2021 жылы іске қосылған Қазақстан-Германия кооперациясын – Петропавл қаласында CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын өндіру зауытының іске қосылғанын атап өтті.
«Біз түсінікті және ашық шарттарда технологиялардың трансфертін құптаймыз. Біз үшін бәсекелестік орта және локализация көлемін ескере отырып, жеңілдіктерді үйлестіру маңызды. Қазақстанда өндірісті барынша локализациялауды қолдаймыз. Бұдан басқа, қазір көлік-транзит коммуникациялардың әлеуетін өсіру, интеграция және цифрландыру арқылы олардың тиімділігін арттыру маңызды мәнге ие болып отыр. Геосаяси жағдайға байланысты әлемде Қазақстан мен Германия арасында автомобиль тасымалының азайған байқалады. Осыған байланысты біздің бизнес-қоғамдастық Транскаспий бағытын қоса алғанда, баламалы маршруттармен автотасымалдау бойынша неміс серіктестерімен ынтымақтастықты қарастыруға дайын», – деді Райымбек Баталов.
Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Нико Варбанофф, бүгінде Германия Жаңа Қазақстанмен жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Кейінгі жылдары Қазақстан бірқатар салада реформалар жүргізу арқылы өзінің саяси жағдайын өзгертті. Сондай-ақ халықаралық деңгейде өз позициясын нығайтып, әлемдік қоғамдастықта маңызды сындарлы рөл атқарып келеді. Былтыр Қазақстан үшін экономикалық табысты жыл болды. Ел әлемдегі саяси жағдайға байланысты шикізат бағасының өсуінен пайда көріп, сонымен бірге сенімді жеткізуші серіктес ретінде өзінің беделін сенімді түрде көрсете алды. Қазақстанның Германия экономикасы үшін өсіп келе жатқан маңызы негізінде «Дойче банк» Германия мен Қазақстан арасында пойыздардың қосымша жүру мүмкіндіктерін қарастыруда. Сондай-ақ, неміс технологияларының көмегімен Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлемдік азық-түлік үшін өз маңызын одан әрі нығайтып, экспорт әлеуетін арттыра алады», – деп толықтырды сарапшы.
Шара барысында Қазақстан Германия үшін энергетика саласындағы сенімді серіктес екені айтылды. Мәселен, 2022 жылы Германияға 8 млн тоннадан астам қазақстандық мұнай жеткізілді. Қазір Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы мұнай жеткізудің жаңа мүмкіндіктері талқылануда. Қазақстан мен Әзербайжан осы құбыр арқылы 1,5 миллион тонна мұнай жеткізуге келісті.