Сенімді диалог - тұрақты даму кепілі

08.07.2025
Сенімді диалог - тұрақты даму кепілі


Семей қаласының прокуратурасы мен Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен кәсіпкерлермен ашық кездесу өтті. «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен жиынның мақсаты – бизнесті заңсыз қысымнан қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру және өзекті проблемаларды талқылау болды.

Кездесуге құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында кәсіпкерлік қызметке әсер ететін түрлі саладағы мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, Кәсіпкерлер палатасының құқық қорғау бағытында атқарған жұмыстары таныстырылып, өңірдегі кәсіпкерлерден келіп түскен нақты өтініштер бойынша қабылданған шаралар баяндалды. Бұдан бөлек, прокуратура өкілдері бизнеске қатысты шағымдардың жүйелі түрде қаралатынын айтып, құқықбұзушылықтардың алдын алудағы өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, қаржылық қауіптерден сақтану, су ресурстарын пайдалануға байланысты нормативтік өзгерістер және өндірістік нысандардағы қауіпсіздік талаптары жөнінде түсініктемелер берілді.

Шара соңында қатысушылар үшін ашық сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерге қатысты түсініктемелер берілді.

Ашық диалог форматында өткен бұл жиын кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сенімді нығайтып, өңірдегі іскерлік ортаның тұрақты дамуына негіз қаламақ.