Тұрақтылық пен табандылық тарихы: Роза Авершина – шетел нарығын бағындырған алғашқы қазақстандық франчайзер
«Red Dragon KZ» компаниясы бизнесті кеңейтудің жолы ретінде франчайзингті таңдады және бүгінде Қазақстанда 32 франшизалық нүктесі бар. Бүгін назарымызда – өз өмір жолымен дағдарысқа қарсы басқарудың, көшбасшылықтың және іскерлік табандылықтың…
«Red Dragon KZ» компаниясы бизнесті кеңейтудің жолы ретінде франчайзингті таңдады және бүгінде Қазақстанда 32 франшизалық нүктесі бар.
Бүгін назарымызда – өз өмір жолымен дағдарысқа қарсы басқарудың, көшбасшылықтың және іскерлік табандылықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген тұлға. Роза Авершина, «Red Dragon KZ» компаниясының бас директоры, валюталық дағдарыстар мен пандемияны, Қаңтар оқиғасын артқа тастап, соның бәрінен шыңдала түскен кәсіпкер.
Роза Авершина – шетелге қазақстандық франшизаны сатқан алғашқы әйел атанған ерекше кәсіпкер. Қолында сертификаты бар коуч, ментор және төрт баланың анасы бола отырып, ол осы рөлдердің барлығын үйлестіруде. Қазір ол еліміздегі сирек брендтердің бірі, жылдар бойы нарықтағы тұрақтылығын дәлелдеп келе жатқан «Red Dragon KZ» мейрамханалар желісін басқарып отыр.
.jpeg)
Антикризистік компания: девальвациялар мен дағдарыстардан шыңдалу
«Red Dragon KZ» компаниясы 2010 жылы құрылған. Роза Авершинаның айтуынша, нарықта 15 жыл жұмыс істеп келе жатқан ұйымды толыққанды антикризистік компания деуге болады.
«Біз бірнеше девальвациядан өттік, пандемияны бастан кештік, Қаңтар оқиғасын да артта қалдырдық. Бізді антикризистік компания деуге болады... Болат секілді, әрбір жаңа сынақ бізді одан сайын шыңдай түседі», – дейді кәсіпкер.
Оның пікірінше, дағдарыстан шығудың басты шарты – ішкі дайындық пен стратегиялық ойлау. Дағдарыстар компанияны жедел шешім қабылдауға, шығындарды оңтайландыруға және бизнес-модельді үнемі жетілдіріп отыруға үйретті.
«Мемлекетті басқару мен компанияны басқару – ұқсас ұғымдар. Бір жерде шығынды азайтамыз, бір жерде бағаны көтереміз, кейде стратегиялық шешім қабылдау қажет болады – осылайша компания өседі, дамиды», – деп бөлісті ол.
Роза Авершинаның пікірінше, сыртқы факторларға қарамастан, бизнестің басты күші – кәсіпкерлік ойлауда жатыр:
«Бизнес әрқашан бола береді және дами түседі. Ешқандай турбуленттілік бізге кедергі емес – ол бізді күшейтеді. Тек бағытты нақтылап, бизнесіңнің диагностикасын дұрыс жасау қажет».
Икемділік пен даму: автодүкеншіктен халықаралық франшизаға дейін
Компания табысының негізі – бастапқыда дұрыс құрылған бизнес-модель. «Red Dragon KZ» фуд-трейлер (автодүкеншік) форматынан бастау алып, бастапқы инвестиция көлемін барынша төмен – 5 млн теңге шамасында ұстаған.
Алайда, шығындарды оңтайландыруға қарамастан, компания жергілікті биліктің ауысуына байланысты реттеуші мәселелерге тап болуда.
«Жаңа әкім келеді – жаңа ережелер пайда болады», – дейді Роза Авершина.
Мұндай жағдайда ол үнемі сабырға келіп, жағдайды жеке талдауға уақыт бөледі:
«Мен бұл сәтте өзіме бірнеше күн тыныштықта ойлануға мүмкіндік беремін. Сол кезде идеялар келеді. Кейін қаржы маманымен бірге бәрін есептеп, шешім қабылдаймыз».
Франчайзинг – бизнес мектебі ретінде
Компания бизнесті кеңейтудің басты жолы ретінде франчайзинг моделін таңдаған. Қазіргі уақытта «Red Dragon KZ» Қазақстан бойынша 32 франшизалық нүктеге ие.
«Франчайзинг – өте ыңғайлы модель. Дайын жүйеге кіресің, барлық бизнес-процестер қалыптасқан, команда бар. Саған тек стандарттарды орындау керек», – дейді кәсіпкер.
Франшиза серіктестер үшін нағыз кәсіпкерлік мектебі болады. Бас кеңсе қызметкерлерді іріктеуден бастап қаржылық есепке дейінгі барлық бағытта кеңес береді. Ал, өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған өндіріс жүйесі енгізілген.
Халықаралық нарыққа кездейсоқ шығу және шексіз мүмкіндіктер
Шетел нарығына шығу Роза Авершина үшін күтпеген жағдай болған. Ол 2014 жылы ресейлік кәсіпкерлердің сұранысы бойынша қазақстандық франшизаны шетелге сатқан алғашқы кәсіпкер атанды.
«Мен білімім бойынша заңгермін, біздің және Ресейдің заңнамасын алып салыстырдым, Күні-түні жұмыс істедім. Меніңше, ешқандай шекара жоқ – барлық шектеу біздің ойымызда», – дейді ол.
Жеке тепе-теңдік: отбасы – басты мотивация көзі
Төрт баланың анасы ретінде Роза Авершина бизнесті де, отбасын да табысты алып жүрудің құпиясы – тепе-теңдікті сақтап, басымдықтарды дұрыс анықтау деп біледі.
«Құпия баланста – басымдықтарды дұрыс анықтай білуде. Егер балама бірнәрсе болса, барлық күш соған бағытталады. Бұл – жауапкершілікті бөлісе білу мәселесі».
Бизнес Алматыда орналасқанымен, кәсіпкер өзі Астанада тұрып, онлайн жұмыс істейді. Ол басты шабыт көзі ретінде отбасы, бала-шағасын атайды:
«Менің мотивациям – отбасым, балаларым. Мен үшін ең бастысы – отбасы. Маған жігер мен шабытты жолдасым мен балаларым береді», – деп түйіндеді Роза Авершина.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Business Bailam» подкастынан көріңіз.