Журналист Ләйлә Сұлтанқызы елордалық кәсіпкерлерге арнап шеберлік сабағын өткізді
Елордалық кәсіпкерлерге жеке брендті қалай құруға және дамытуға болатыны жайлы журналист және қоғам қайраткері Ләйлә Сұлтанқызы айтты.
Шеберлік сабағы «Атамекен» ҚР ҰКП-ның 10 жылдығы аясында Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды
Ләйлә Сұлтанқызы қазіргі кезде жеке брендті құру, оны ілгерілету қаншалықты маңызды екенін, жалпы бренд кімге және не үшін қажет екенін айтты. Мәселен, спикердің пікірінше, сарапшылар, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар және, әрине, кәсіпкерлер жеке брендпен жұмыс істеуі қажет. Бірінші басшының немесе иесінің есімі дәл осы компаниямен байланысты болуы керек.
«Егер сіз белгілі бір саланың маманы болсаңыз, өзіңізді таныстыра білуіңіз керек. Қоғамға пайдалы біліміңіз болса, сіз жеке брендті оңай дамыта аласыз», – деп атап өтті журналист.
Сондай-ақ, спикер жіберуге болмайтын қателіктер туралы және беделді сақтаудың маңызы, PR саласындағы дағдарыстық жағдайларда қалай әрекет ету керегі туралы айтты.
Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнар Балахметова Іскер әйелдер кеңесі өзекті тақырыптар бойынша осындай шеберлік сабақтарын Палатамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін тұрақты негізде ұйымдастыратынын атап өтті.
Тыңдаушылар, оның ішінде «Бақытты шаңырақ» ҚҚ төрайымы Ботагөз Сұлтанова мен оның қамқорлығындағы қыз-келіншектер кездесуді ұйымдастырушылар мен спикерге алғыс білдірді.