Ұлттық палата индустриялық сертификаттарды ҚТӨ тізіліміне автоматты түрде енгізу тетігін іске қосуда шешуші рөл атқарды
Ұлттық палата жүргізген жұмыс пен мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылданған шешімдердің нәтижесінде қолданыстағы индустриялық сертификат иелерін қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне (ҚТӨ) автоматты түрде енгізу тетігі іске қосылды.
Отандық өндірушілерге түсетін жүктемені азайту мақсатында, жүйелі реформалар бір мезгілде енгізіліп жатқан жағдайда, индустриялық сертификат иелерін ҚТӨ тізіліміне автоматты түрде енгізу тетігі бойынша Жол картасы бекітілді. Құжат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық палата қатысуымен жүзеге асырылуда.
Қабылданған шешімдер өндірушілерге отандық бизнеске зиян келтірмей, ешбір ақаусыз жаңа жүйеге көшуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ҚТӨ тізіліміндегі мәртебені бекіту үшін кәсіпорындар 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін өтінім беріп, цифрлық верификациядан өтуі қажет.
Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес ҚТӨ тізілімін енгізудің өтпелі кезеңін ұзарту мүмкін болмаған жағдайда, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға және тұрақтылықты сақтауға бағытталған шешімдер қабылданды.
ҚТӨ тізілімі Қазақстан Республикасының «Тауарлардың шығу елін айқындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес құрылған. Тізілім «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектісі саналады және қазақстандық тауар өндірушілер мен отандық шығу тегі бар тауарлар туралы мәліметтерді қамтиды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚТӨ тізілімінен берілетін үзінді қолданыстағы СТ-KZ сертификаттары мен индустриялық сертификаттарды толықтай алмастырады.
Индустриялық сертификаттары жоқ отандық өндірушілер де өндірістік операциялардың орындалуын растаған және ҚТӨ тізілімін жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес келген жағдайда, ҚТӨ тізіліміне енгізу үшін өтінім бере алады.