Павлодар облысында күзгі дала жұмыстарына арзандатылған дизельдік отын жеткізуші операторлары анықталды.

25.07.2022
Павлодар облысында күзгі дала жұмыстарына арзандатылған дизельдік отын жеткізуші операторлары анықталды.

Павлодар облысында өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін арзандатылған дизель отынын сату операторын және жанар-жағармай бағасын белгілеу механизмін анықтау мақсатында жұмыс тобының отырысы өтті.

Ашық дауыс беру арқылы «ТК Парнас» ЖШС, «LF-TRADE» ЖШС, «Рымжан Трейд» ЖШС және «Leading Kuan Construction» ЖШС күзгі дала жұмыстарына шаруаларға арзандатылған дизель отынын сату операторлары болып анықталды.

Операторлық қызметтерді ескергендегі арзан дизель отынын сату бағасы, «LF-TRADE» ЖШС – 228 000 теңге, «Leading Kuan Construction» ЖШС – 227 500, «Рымжан Трейд» ЖШС – 227 500, «ТК Парнас» ЖШС – 227 000 теңге болып белгіленді.

Астық жинауға барлығы 23 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл бір жыл бұрынғыдан 2 мың тоннаға артық.

Шілде айында дизель отынының тоннасының бағасы 222 мың теңгені құрап отыр.

«Операторлар жеткізушімен келісім-шарт жасасқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде әр айға бөлінген дизельдік отынның барлық көлеміне төлем жасауы керек», - дейді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.

Аудандар шаруа қожалықтарының дизель отынын алуды бекітілген кесте бойынша ұйымдастырады.

Күзгі дала жұмыстарына бөлінген жанар-жағармай көлемін алу мерзімі 15 -ші қазанға дейін.

Егер шаруалар жанар-жағармайды дер кезінде пайдаланбаса, операторлар таңдалмаған жанар-жағармайдың қалған бөлігін еркін нарықта сата алады.

Жұмыс тобының шешімімен дизельдік отынмен қамтамасыз ету операторлары ауыл шаруашылығы басқармасына күн сайын, сағат 17.30-ға дейін дизельдік отынның шаруа қожалықтарына сатылуы туралы есепті және басқа да қажетті ақпаратты ұсынуы қажет.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Павлодар мұнай-химия зауытынан отын жеткізу кестесін және жұмыс тобы отырысының хаттамасының мерзімін бұзған жағдайда комиссия дизельдік отынмен қамтамасыз ететін ​ жаңа операторды анықтауға құқылы.