Ұлттық палатаның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті ұсынылды

04.11.2022
Ұлттық палатаның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті ұсынылды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезінде аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев палатаның 2023-2025 жылдарға арналған индикативті орта мерзімді бюджетін таныстырды. Ол осы мерзімде кәсіпкерлердің жарна төлеу деңгейін 37 пайыздан 58 пайызға дейін көтеру жоспарланғанын мәлімдеді.

«Кейінгі үш жылда мүшелік жарна бойынша жоспарлы міндеттемелер 36-38 пайыз деңгейінде орындалып келеді. Кәсіпкерлік ішіндегі төлемнен босату критерийлерін бекіту нәтижесінде бизнеске жүктеме төмендетілді. Сол арқылы кәсіпкерлерді қамтып, 2023-2025 жылдары жарна төлем деңгейі 37 пайыздан 58 пайызға дейін көтеріледі деген жоспарымыз бар», – деп бөлісті Бауыржан Оразғалиев.

Ұлттық палата басшылығы бюджет қаржысын қысқарту туралы бірнеше рет айтқан болатын. Бұл тенденция алдағы уақытта да жалғасады.

«2019 жылы мемлекеттен түсетін түсімдердің жалпы көлемі 13 млрд теңге болса, биыл бұл сома 1,4 млрд теңгені құрады. Яғни 9 есе төмендеді. Кейінгі жылдары өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жоспарланған. Соған байланысты бюджет қаражаты түсімдерінің көлемі 2,6 млрд теңге болады. Бұл палата бюджетінің 20%-нан аспайды», – деді палата өкілі.

Сондай-ақ, аппарат басшысы Ұлттық палата бюджетінің 5 бағытын таныстырды:

  • Бизнестің жол картасы – қаржылық емес қолдау (1,3 млрд теңге);
  • «Алтын Сапа» және «Қазақстан үздік тауары» конкурсы (0,1 млрд теңге);
  • Әйел кәсіпкерлігін дамыту (1,0 млрд теңге);
  • Агроөнеркәсіп саласындағы мемлекетті тапсырыс (0,1 млрд теңге);
  • Оқу бағдарламаларын бағалау (0,1 млрд теңге).

Сондай-ақ, палата өкілі индикативті орта мерзімді бюджеттің негізгі көрсеткіштерін түйіндеді.

«Орталық аппарат шығындары 5,2-5,6 млрд теңге аралығында. Өңірлік палатаға берілетін қайтарымсыз аударымдар 4,1-5 млрд теңге аралығында, ал республикалық бюджет қаржысының игерілуі 2,6 млрд теңге шамасында болады», – деді Бауыржан Оразғалиев.