Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы 200-ден астам жеке балабақшаның құқықтарын 135 млн теңге көлемінде қалпына келтірді

03.12.2025
Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы 200-ден астам жеке балабақшаның құқықтарын 135 млн теңге көлемінде қалпына келтірді

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы 200-ден астам жеке балабақшаның құқықтарын 135 млн теңге көлемінде қалпына келтірді

Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жеке балабақша иелері жергілікті атқарушы орган тарапынан ағымдағы жылдың қаңтар–ақпан айларына көрсетілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтері үшін төлемдердің кешіктірілуіне байланысты шағымдармен жүгінді.

Алматы қаласында 800-ден астам жеке балабақша жұмыс істейді. Олар мемлекеттік балабақшаларда орын тапшылығын өтеп, ата-аналар үшін икемді жағдай жасап, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олардың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жан басына шаққан нормативтік қаржыландыру жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Төлемдер ай сайын нақты тәрбиеленушілердің саны бойынша жүргізілуі тиіс.

Алайда, биыл жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік білім беру тапсырысы аясындағы төлемдерді уақытылы жүргізбеген. Бұл балалардың құқықтарының бұзылуына, жеке мектепке дейінгі ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуіне елеулі қиындықтар туғызды және ата-аналарға түсетін қаржылық жүктеменің артуына себеп болды.

Кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен өтініштерден кейін Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы мәселені жедел шешуге кірісті. Палатаның хаттары негізінде Наурызбай және Медеу аудандарының прокуратуралары заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізді.

Ұсыныстарды қарастыру нәтижесінде құқықтары қорғалды:
    •    Наурызбай ауданының 118 кәсіпкерінің құқықтары 32 960 001 теңге сомасына;
    •    Медеу ауданының 89 кәсіпкерінің құқықтары 102 541 870 теңге сомасына.

Жалпы қалпына келтірілген кәсіпкерлер құқықтарының көлемі 135 млн теңгені құрады.

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы мектепке дейінгі білім беру субъектілерінің құқықтарының сақталуын және мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырудың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен өзара жұмысты жалғастырады.