ҚТӨ Тізілімі: реформаны жылдам енгізу әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін

15.10.2025
ҚТӨ Тізілімі: реформаны жылдам енгізу әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін

Қазақстандық тауар өндірушілердің (ҚТӨ) тізілімін міндетті іске қосуға үш айдан аз уақыт қалды, алайда реформаның негізгі тетіктері әлі де дайын емес.

Айта кетсек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде «СТ-KZ» сертификаттары мен Индустриалды сертификаттардың күші жойылады, ал мемлекеттік қолдау шаралары мен реттелетін сатып алуларға қатысу мүмкіндігі тек жаңа Тізілімге енгізілгендерге ғана беріледі. Алайда, отандық бизнес өкілдерінің айтуынша, тиісті рәсімдер әлі де толық айқындалмаған, сондай-ақ мемлекеттік жүйелермен интеграция толық аяқталмаған әрі цифрлық платформа да өндірушілерге ұсынылмаған.

2025 жылдың 19 мамырында Мемлекет басшысы қол қойған заң аясында басталған реформа бастапқыда локализациялауға ықпал етуге, импортты азайтуға және ішкі өндірісті дамытуға бағытталған еді. Бірақ, қазір бұл нарықтың тұрақсыздығына және отандық өндірушілердің бірқатар шығынына алып келуі мүмкін.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шілденің соңына дейін кәсіпорындарды іріктеу критерийлерін әзірлеуге, технологиялық операциялар тізбесін анықтауға, цифрлық верификация жүргізуге, ақпараттық жүйені тестілеуге және бизнесті ақпараттандыру жұмыстарын аяқтауға тиіс болатын. Келесі кезеңде жүйені тестілеу нәтижелері бойынша бизнестен кері байланыс алу, қажетті түзетулер енгізу және Тізілімді техникалық іске қосу жоспарланған еді. Алайда, бұл іс жүзінде орындалған жоқ.

Қолданыстағы ережелер бойынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Индустриалды сертификаттар мен «СТ-KZ» сертификаттары заңды күшін жояды. Салдарынан мыңдаған кәсіпорын мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырылуы мүмкін.

«Егер 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жүйе толық дайын болмаса, бұл бейберекеттік ахуал туындатады: компаниялар сатып алуларға қол жеткізе алмай, өндіріс тоқтап, жұмыс орындары қысқарады. ҚТӨ  Тізілімін енгізу шұғыл әрі аяқ асты емес, біртіндеп жүзеге асуға тиіс», – деп атап өтті ҰКП Төралқасы Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Қанат Ибраев.

Аталмыш жағдай Парламент деңгейіне жетті. Жуырда «Ақ жол» партиясы Үкіметке депутаттық сауал жолдап, қолданыстағы сертификаттардың мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды талап етті.

Қауымдастықтар мерзімдердің қысқалығына байланысты рәсімдердің айқын болуын және жұмысты жеделдетуді талап етуде. Өтпелі кезеңнің нақты стратегиясының болмауы мен мерзімдердің бұзылуы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге аспай қалуына, жұмыс орындарының қысқаруына және әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкелуі мүмкін.

«Тізілімді іске қосу үлкен әлеуеті бар реформа бола алады. Бірақ қазіргі күйінде ол отандық өндірісті тұралатып қоюы мүмкін. Мемлекетке барлық дайындық жұмыстарын шұғыл аяқтау қажет. Әйтпесе, экономикадағы тұтас салалар қатерге ұшырайды», – деп қорытындылады Қанат Ибраев.