Көлік прокуратурасы «Атамекен» ҰКП алаңында тасымалдаушылармен жүйелі диалог орнатты

27.11.2025
Көлік прокуратурасы «Атамекен» ҰКП алаңында тасымалдаушылармен жүйелі диалог орнатты

«Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстан Республикасының Бас көлік прокурорының орынбасары Ақан Ысқақовтың төрағалығымен теміржол және автокөлік тасымалы саласындағы бизнеске қатысты жүйелі проблемаларды талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті. Жұмысқа салалық министрліктердің өкілдері, СЖжРА, салалық қауымдастықтар мен логистикалық компаниялар қатысты. Талқылау барысында қатысушылар отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін негізгі кедергілерді атап, рәсімдер мен нормативтік тәсілдерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы халықаралық автотасымалдар саласында әлі де шешімін таппай отырған мәселелерге, соның ішінде еуропалық рұқсат бланкілерінің тапшылығы мен олардың «көлеңкелі» жолдармен берілу қаупіне назар аударды.

«Еуропа елдерінің рұқсаттама бланкілеріне қатысты проблема әлі де өткір. Нарықта халықаралық тасымалдарға рұқсат алған шамамен 90 мың көлік бар, бірақ рұқсаттар әлі күнге жеткіліксіз. Тіпті тасымалмен айналыспайтын субъектілердің бланкілерге ие болу қаупі бар», – деді «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры міндетін атқарушы Қуаныш Ермұханов.

Көлік министрлігінің өкілі мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша Мемлекеттік кірістер комитетімен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Бізде Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлескен жол картасы бар. Оның аясында шетелдік рұқсаттама бланкісін алған тасымалдаушылардың тізімдері тоқсан сайын жолданады. Грузия мен Әзербайжанның уәкілетті органдарының ақпараты бойынша, бланкілерді беру және қолдану кезінде бірқатар заңбұзушылық фактсі анықталған. Осы деректер негізінде 246 тасымалдаушы мен 4 мыңнан астам көлік құралының қызметі тоқтатылды. Жұмыс жалғасуда», – деді ҚР КМ Автомобиль көлігіндегі бақылау басқармасының басшысы Ғани Салмаев.

Ішкі нарық өкілдері әлеуметтік маңызы бар тауарларды тасымалдайтын компаниялар үшін ақылы жолмен жүрудің жеңілдетілген режимін енгізу қажеттігін атап өтті. Олардың айтуынша, баламалы маршруттардың болмауы өндірушілерге қосымша салмақ түсіруде.

«Біздің сүт таситын көліктеріміз күн сайын ақылы трассамен жүруге мәжбүр, балама жол жоқ. Біз абоненттік төлем енгізуді ұсынғанбыз, бірақ «ҚазАвтоЖол» мен Автокөлік комитетінен әлі күнге дейін нақты шешім болған жоқ. Мемлекеттік органдар осы мәселеге назар аударса дейміз», – деді «Лидер-2010» ЖШС заң басқармасының басшысы Арман Молдагозин.

Талқылауда теміржол саласындағы жүйелі проблемалар да кеңінен қозғалды. Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылары қауымдастығының бас директоры Рамия Сараева бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті.

Бүгінде тәуелсіз ұлттық инфрақұрылым операторын құру мәселесі өзекті болып отыр. Салалық қауымдастықтың айтуынша, толыққанды бәсекелестік барлық тасымалдаушыларға магистральдық желіге тең қолжетімділік болғанда ғана мүмкін. Қазіргі ұсыныста инфрақұрылым операторы «ҚТЖ» АҚ құрамында қалып отыр, бұл ұлттық тасымалдаушы мен инфрақұрылымдық бөлімше мүдделерінің тоғысуына әкеліп, жеке компаниялардың нарыққа енуіне әсер етеді.

«Ұлттық тасымалдаушының мүддесі бірінші орынға қойылғанда, жекеменшік бизнес зардап шегеді. Олардың өз құқықтарын ҚТЖ басшылығына жеткізуге мүмкіндігі жоқ, өйткені бұл құқықтар алдымен сол жерде талқыланады да, кейін еншілес компаниялардың мүддесін қорғау тұрғысынан шешіледі. Бұл проблема шешілуі керек», — деді Рамия Сараева.

2018 жылдан бері жұмыс істейтін екі жеке жүк тасымалдаушысының бағыттары соңғы үш жылда жаңартылмаған. Жаңа тасымалдаушылар да рәсімдердің ашық еместігіне және шешім қабылдау мерзімдерінің ұзақтығына тап болуда.

«Биыл бес компания өтінім берді, бірақ оларға қатысты шешімдердің уақыты созылып жатыр. Біз үш кедергіге – саяси, құқықтық және қаржылық тосқауылдарға тап болдық», – деді ол.

Сала өкілдері Магистральдық теміржол желісін пайдалану қағидаларының орындалмауына алаңдаулы. Атап айтқанда, тасымалдаушыларға сұралған учаскелер бойынша техникалық сипаттамалардың берілмеуі, сондай-ақ резервте тұрған және өткізу мүмкіндігі бар жолдар туралы ақпараттың ұсынылмауы да жүйелі мәселенің бірі.

Жылжымалы құрам иелері қауымдастығы ҚТЖ жүргізетін жылына екі реткі ішкі локомотив тексерулерінің құқықтық негізін көтерді. Ревизорлардың тапшылығы кідірістерге әкеледі, ал тексерулер көбіне формалды сипатта өтеді. Әкімшілік жүктемені азайту үшін осы функцияларды тәуелсіз аккредиттелген сараптамалық ұйымдарға беру ұсынылды..

Бас көлік прокурорының орынбасары Ақан Ысқақов ведомствоның бизнес-қоғамдастықпен жүйелі диалог орнатуға дайын екенін атап өтті.

«Біздің мақсат – байланыс көпірін орнату. Барлық айтылған уәждер жинақталып, түгендеу жүргізіледі және жүйелі түрде пысықталады. Әр бағыт бойынша жауапты мамандар бар, мен өзім де бұл жұмысқа тікелей араласамын. Біз «Атамекен» алаңында немесе өзге де алаңдарда тағы да бірнеше рет кездесеміз. Уақыттарымызды сәйкестендіріп, нәтижелерді және алдағы жоспарларды жүйелі түрде талқылап отыруымыз керек. Біздің есігіміз ашық», – деді Ақан Ысқақов.

Кездесу қорытындысында тараптар саланы тежеп тұрған кедергілерді жою бағытында жұмысты бірлесе жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Прокуратура, мемлекеттік органдар және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ақпарат алмасуды жүйелі жолға қоюдың әрі салалық түйткілдерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді тетіктер қалыптастырудың маңызды екенін атап өтті.