Ақтөбеде құқықтық статистика органы мен Кәсіпкерлер палатасы фермерлерді жерасты суынын пайдалану үшін негізсіз айыппұлдардан қорғады

12.09.2025
Ақтөбеде құқықтық статистика органы мен Кәсіпкерлер палатасы фермерлерді жерасты суынын пайдалану үшін негізсіз айыппұлдардан қорғады

Ақтөбе облысында фермерлердің заңсыз су пайдаланды деген айыптауларына байланысты мәселелер оң шешімін табуда. «Табанов» және «Қанат - 2» шаруа қожалықтарына қатысты әкімшілік істер құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылды. Еске салсақ,…

Ақтөбе облысында фермерлердің заңсыз су пайдаланды деген айыптауларына байланысты мәселелер оң шешімін табуда. «Табанов» және «Қанат - 2» шаруа қожалықтарына қатысты әкімшілік істер құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылды.

Еске салсақ, бұған дейін аталған шаруашылықтарға ҚР ӘҚБтК-нің 141-бабы бойынша шамамен 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынған болатын. Бұған Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының жер асты суларын мал суаруға заңсыз пайдаланды деген қорытындылары негіз болған. Бұл шаралар аграршылардың наразылығын тудырды – олар Су кодексіндегі жаңа нормалардың ашық еместігін және нақты түсіндірулердің жоқтығын алға тартты.

Бұл мәселе кең қоғамдық резонанс тудырып, 3 қыркүйекте Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы АӨК салалық кеңесінің отырысында жан-жақты қаралды. Отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлишев, «Атамекен» ҰКП орталық аппаратының, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты. Кәсіпкерлер қауымдастығы айыппұлдарды ғана емес, Су кодексіндегі қолданыстағы нормаларды қайта қарауды талап етті.

Палата өз ұстанымында - жаңа нормалар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шынайы жағдайына бейімделуі тиіс, ал мәселелерді тек айыппұлмен шешу жолы дұрыс емес екенін үнемі атап келді.

Мәселені шешудегі маңызды сәт –прокурорлық ден қою шаралары. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің өңірлік департаменті бассейндік инспекцияның әрекеттерінің заңдылығын тексеретінін мәлімдеді. Прокуратураның ұстанымы фермерлердің мүддесін қорғауда басты факторға айналды.

Алғашқы нәтижелер де көп күттірмеді. 11 қыркүйекте әкімшілік органның қаулысымен «Табанов» және «Қанат 2» шаруа қожалықтарына қатысты іс тоқтатылды. Құжатта тікелей көрсетілген – құқық бұзушылық құрамы жоқ.

«Бұл шешім ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің тікелей қолдауының арқасында мүмкін болды. Фермерлер үшін бұл әділетсіз айыппұлдың жойылуымен қатар, маңызды белгі – олардың дауысы естілді, ал өңірдің бизнес қауымдастығы өз құқықтарын қорғауға сенімді алаңға ие екенін көрсетеді. Кәсіпкерлер палатасы мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін жүйелі өзгерістерге қол жеткізу жолында жұмысын жалғастыра береді», – деді өңірлік Палатаның АӨК бөлімінің басшысы Арман Алдабергенов.

Бұл жағдай аграршылардың мүдделерін ескере отырып, заңнаманы түзету қажеттігін көрсетті.