Алматы облысында құс фабрикасы мемлекеттік органнан 22 млн теңге субсидияны өндіріп алды

02.03.2022
Алматы облысында құс фабрикасы мемлекеттік органнан  22 млн теңге субсидияны өндіріп алды

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы «Алсад Қазақстан» құс фабрикасының құқығын қорғады. Палата өкілі Думан Керімбаев сот арқылы мемлекеттік органның 22 млн теңгеден астам сомадағы субсидияны төлеуіне қол жеткізді. 

2020 жылдың желтоқсан айында Алматы облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (МАӘС) кәсіпорынның облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қабылданған өтінімдер бойынша субсидиялар төлемеу жөніндегі талап-арызын қанағаттандырды.  2020 жылдың қараша айында сот мемлекеттік органға тағамдық тауық жұмыртқасы өндірісінің құнын арзандатуға тиісті субсидияларды төлеуді міндеттеді. Алайда басқарма соттың шешімін өтінімді қабылдау арқылы орындаған, бірақ өтінімдер қаржыландырылмады. Отандық тауарөндіруші тағамдық тауық жұмыртқасы өндірісінің құнын арзандату субсидиясына жалпы сомасы 22 463 823 теңгеге 2020 жылдың маусымында 43 өтінім, 2020 жылдың шілдесінде 64 өтінім, 2020 жылдың тамызында 11 өтінім беррген.

Осылайша, сот желтоқсан айында кәсіпорынның құқығын қалпына келтіріп, мемлекеттік органға бір айлық мерзімде  22,4 млн көлеміндегі субсидияны төлеуді міндеттеді. Сондай-ақ, құс фабрикасына 688 500 теңге төленген мемлекеттік баж қайтарылды.

2022 жылдың басында кәсіпорын Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасын тағы да сотқа берді. Арыздың мәнісі – 2019 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың ақпанына дейін асыл тұқымды құстан алынған жұмыртқа бағытындағы финалдық нысандағы тәуліктік балапанды сатып алуға өтінімдерді қабылдамау туралы әрекеттерін заңсыз деп тану. Өйткені, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне өтінім қалыптастыру кезінде кәсіпкер «Өтінім беру мүмкін емес. Таңдалған субсидиялау бағыты бойынша ағымдағы жылға арналған бюджет толық игерілді» сипаттағы хабарламаға тап болды.

«Кәсіпкер субсидиялау қағидаларында көзделген барлық талаптарды орындады, осыған байланысты өтінімдер қабылданып, тіркелуі керек. Тиісті айға арналған қаржыландыру жоспарында көзделген бюджет қаражатының көлемінен асатын өтінімдер бойынша субсидияны төлеу уақыты келесі айда кезек бойынша өтінімнің келіп түскен мерзіміне байланысы жүзеге асырылады. Сондықтан мемлекеттік органның өтініштерді қабылдаудан бас тарту әрекеті заңсыз деп санаймыз, өйткені өтінімдерді қабылдаудан бас тартудың заңды негіздері жоқ», – деді сотта құс фабрикасының құқығын қорғаған Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Думан Керімбаев.

Нәтижесінде сот облыстық басқарманың әрекетін заңсыз деп танып, бір ай мерзім ішінде субсидиялауға өтінімдер қабылдауды, сондай-ақ компанияға 14,5 мың теңге төленген мемлекеттік бажды қайтаруды міндеттеді.