ШҚО: кәсіпкерлерге өндірісті дамыту мен сотталғандарды жұмыспен қамту бойынша жаңа мүмкіндіктер ұсынылуда
ШҚО: кәсіпкерлерге өндірісті дамыту мен сотталғандарды жұмыспен қамту бойынша жаңа мүмкіндіктер ұсынылуда
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен (ҚАЖД) бірлесіп, бизнес пен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері арасындағы әріптестікті дамытуда. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – өңірдегі түзеу мекемелері базасында өндірістер ашуға жәрдемдесу.
ҚР ІІМ ҚАЖК РММ «№17 мекеме» кәсіпкерлерге мекеме аумағында өндіріс ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Басты мақсат – сотталғандарды еңбекке тарту арқылы оларға жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік жауапты бизнесті дамыту.
Мекеме аумағында инженерлік желілерге қосылған бос ғимараттар бар. Кәсіпкерлер оларды түрлі бағыттағы өндірістер ашу үшін жалға ала алады. Мысалы: арнайы киім тігу, ағаштан бұйымдар жасау (музыкалық аспаптар, жәшіктер, ойыншықтар), сондай-ақ металл бұйымдарын өндіру – қоқыс жәшіктері, контейнерлер, арбалар, баспалдақтар, орындықтар және басқа да өнімдер.
Мекеме әкімшілігі өз тарапынан сотталғандар арасынан жұмысшыларды іріктеуді және оқытуды, күндізгі және түнгі ауысымдарда, сондай-ақ мереке және демалыс күндері жұмыс істеуді ұйымдастырады. Бұл кәсіпкерлерге өндірістік процесті үздіксіз жолға қоюға мүмкіндік береді.
Бизнес үшін артықшылықтар:
- Инженерлік желілерге қосылған дайын өндірістік ғимараттарға қол жеткізу;
- Жалға алу және қызмет көрсету шығындарының төмендігі;
- Кадрларды өздігінен іздеудің қажеттілігінсіз жұмыс күшімен қамтамасыз етілу;
- Икемді жұмыс кестесі;
«Әлеуметтік жауапкершілік және оң имидждік әсер – сотталғандарды еңбекке тарту мен қайта әлеуметтендіру бағдарламасына қатысу, өндірісті кеңейту немесе жаңа бағыт ашу мүмкіндігі төмен тәуекел мен шығынмен жүзеге асады», - деп атап өтті ҚАЖ департаментінде.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мұндай бастамалар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға, мемлекет пен бизнес арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ сотталғандарға еңбек дағдыларын меңгеріп, өз отбасыларына материалдық көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қосымша ақпарат алу үшін келесі телефондарға хабарласуға болады:
8-777-273-74-37 (ШҚО Кәсіпкерлер палатасы),
8 (7232) 78 91 07 (Сотталғандарды еңбекпен қамту бөлімшесі).
Мекенжайы: Өскемен қ., Красин кенті, Чкалов көшесі, 34.