Энергетикадағы популизм: бизнеске ауыр салмақ түсуде
Сарапшы кәсіпкерлерге мәселенің шығу жолын ұсынды.
Биыл Қазақстанда коммуналдық қызметтердің тарифі күрт өсті: суық су – 96%-ға, кәріз жүйесі – 34%-ға, жылу – 19%-ға, ал электр қуаты – 12%-ға қымбаттады.
Бұл өсім, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін ауыр тиіп жатыр, себебі энергия шығындары олардың өмірлік маңызы бар мәселесіне айналған. Осы жағдайдың анық-қанығын білу үшін біз Қазақстандық Энергиямен Жабдықтаушы Ұйымдар Қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновпен сұхбаттастық.
Сергей Агафоновтың пікірінше, тарифтердің өсуі – бұл ұзақ күткен үрдіс, ол бірнеше жыл бұрын басталуы керек еді. Билік ұзақ уақыт электр энергиясының бағаларын шектеп, еш негізсіз, біржақты «өз еркінше» шешім қабылдап, инфрақұрылымның деградациясына әкелді. Енді үкімет осы саясаттан бас тартып, тарифтер келесі бес жылда жыл сайын 20%-ға өсіп отырады.
«Бұл менің ғана болжамым емес, мұны сала реттеушілері растап отыр, тіпті үкімет деңгейінде де әрі қарай бағаны ұстап тұру болмайтыны айтылды. Келесі 5-7 жылда тарифтердің өсуі инфляциядан озып түсіп, модернизацияға резерв жасалуға тиіс. Бұл – Президент талабы, ол энергетикада 15-20% қор болу керектігін атап өткен болатын», – деді Агафонов.
Сарапшының айтуынша, бизнес осы жағдайға бейімделіп, тіпті бұдан пайда да таба алады.
Оның айтуынша, кез келген энергия аудиті жарықтандыру жүйесінен басталады. Мәселені шешудің бір жолы – энергия-сервистік келісімшарт. Ол бойынша арнайы компания өз қаржысына жаңғырту жұмыстарын жүргізеді, мысалы, энергия үнемдейтін шамдар немесе жылу сорғыларын орнатады, ал кейін үнемделген шығынды бизнеспен бөліседі. Бұл кәсіпкерлерге үлкен біржолғы шығындарға тап болмауға мүмкіндік береді.
Екінші жолы – жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) көшу. 2050 жылға қарай Қазақстан толықтай көміртегі ізінен бас тартып, ЖЭК-ке өтуді жоспарлап отыр. Бұл бизнеске жаңа мүмкіндіктерді ашады.
Мысалы, 200 кВт дейінгі күн электр станцияларын орнатуға болады. Осындай станцияның құны – шамамен 70 мың доллар, бұл наубайханалар секілді зауыттардың қажеттіліктерін едәуір көлемде өтей алады.
Бұл ретте табысты кейстерді келтіруге болады, мысалы, «көмір астанасы» саналатын Қарағандының өзінде де сауда орталығы жылу сорғыларымен толықтай жылытылып отыр.
Тағы қандай қиындықтар бар?
Тарифтерден бөлек, Сергей Агафонов тағы бірнеше түйткілді мәселені атап өтті:
Біріншіден, тарифтерді әділетсіз дифференциациялау. Бүгінде шағын және орта бизнес электр энергиясы үшін тұрғындарға қарағанда айтарлықтай көп төлейді. Бұл – «әлеуметтік жағыну» саясатынан туындаған жағдай, яғни мемлекет халықтың көңілінен шығуға тырысады, алайда бизнестің бұл шығындары тұтынушыға тауарлар мен қызметтер бағасының өсімі түрінде қайта оралатыны ескерілмеген.
Сарапшының пікірінше, тарифтер бәріне бірдей болуы керек, тіпті халық артығырақ төлеуге тиіс, өйткені тұрмыстық тұтынушыларға қызмет көрсету қымбатырақ жүреді.
Екіншіден, басқарудың тиімсіз жүйесі. Қазақстанның энергетика саласы нарықтық емес және ашық та емес. Монополистер табыс таппағандықтан, айналма жол іздеп, жөндеу компанияларымен серіктес болуға көшті. Бұл жүйенің ашықтығын азайтып, қызмет сапасын төмендетеді.
Үшіншіден, бизнеспен диалогтың жетіспеушілігі. Агафоновтың айтуынша, Энергетика министрлігіне қарасты кеңесте шағын және орта бизнестің пікірі ескерілмейді.
Қазақстан энергетикасының болашағы
Болашақ энергетикасы – бұл тек орталықтандырылған ЖЭО емес, кәсіпорындар мен үйлерге орнатылған көптеген шағын ЖЭК нысандары.
Инновациялық жобаларды қаржыландыру үшін ЖЭК-ке инвестиция тартатын платформалар қажет. Мұндай бастамалар әзірлену үстінде, оның ішінде осы күзде қабылдануы ықтимал баламалы энергетика туралы жаңа заң да бар.
Жаңа механизмдер ұсынылуда, мысалы, «сұранысты басқару» тетігі, яғни бұл кезде тұтынушылар, оның ішінде бизнес те сұраныс жоғары уақыттарда тұтынуды азайтқаны үшін сыйақы алады.
«Энергетикадан популизмді бірден алып тастау керек. Төмен бағадағы электр энергиясы немесе жылу болмайды. Жоғары тарифтер – бұл тек мәселе емес, инвестициялар үшін мүмкіндік, себебі олар тиімді және заманауи шешімдерді енгізуге ынталандырады», – деп сендірді сарапшы.
Бұл жөнінде толығырақ «Атамекен» ҰКП-ның «Business Bailam» подкастынан тыңдай аласыздар.