Қызылордада кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешуға арналған жұмыс тобы құрылады

08.09.2022
Қызылордада кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешуға арналған жұмыс тобы құрылады

Қызылордада кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу үшін облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы біріккен жұмыс тобын құратын болды. 

Қызылордада кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу үшін облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы біріккен жұмыс тобын құратын болды. 

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бизнес қауымдастықпен кездесуде айтты. Жиын Кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен өтті.

Шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, салалық құрылым басшылары, Қызылорда қаласы мен аудан кәсіпкерлері қатысты.

Атап өту керек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын жүзеге асыруды бастап кетті. 

Бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу көзделген. 

Облыс әкімінің кәсіпкерлермен кездесуі де осы экожүйе аясында жүйелі кездесетін, шешімін табуды қажет етіп отырған мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Жиында отандық өнім өндіру, азық-түлік қорын көбейту және жергілікті тауарөндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы ашық айтылды.

Аймақ басшысы мұнай қорының сарқылуына байланысты газ өндіру ісінің көлемін арттыруға басымдық берілгенін, өндіріс орындарының жанынан ілеспе зауыттар ашу арқылы жаңа жұмыс орындары құрылатынын жеткізді. Сондай-ақ, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау арқылы кәсіпкерлердің жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін қаперге салды.

«Инвесторларды қолдау мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының рөлі күшеюде. Оның құрамында «Қызылорда инвестициялық және талдау орталығын» ашып, инвестиция тартуға кең мүмкіндіктері мен қызметтік байланыстары бар ірі кәсіпкерлерді шақырамыз. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық береміз. Бұл бағытта бірінші кезде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арттыруды қолға аламыз. Өнім өндіруге ынталы азаматтарды қолдаймыз.Келер жылы экспортқа шығарылатын томат концентратын өндіретін зауыттың құрылысын бастаймыз. Ал, әртараптандыру бағытында шет елдерде сұранысы көп азықтық жүгеріні егу қолға алынады. «Ақжарма и К» шаруашылығы СПК-мен бірлесіп жүгері өсіруге қажетті технологияны енгізуге инвестор тартуда. Мұнан бөлек, агро-индустриялық зоналар ашу жоспарымызда бар,– деді Нұрлыбек Нәлібаев.

«Атамекеннің» басқарма мүшесі Тимур Нақыпбеков мұндай кездесулердің саладағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Атамекеннің» бастамасымен осындай кездесулер барлық облыста ұйымдастырылып жатыр. Қызылорда тоғызыншы өңір. Ал кәсіпкерлік мәселесімен айналысатын жұмыс тобын құрып отырған әзірге жалғыз облыс. Жергілікті мәселелерді әкімдік шешіп берсе, республикалық деңгейдегі проблемаларды Үкіметке біз жеткізіп отыратын боламыз», – деді Атамекен ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.

 

Келелі кездесуде Нұрлыбек Нәлібаев шетелдік кәсіпкерлердің тәжірибесі мен инновацияларын енгізу ісі басталғанын тілге тиек етті. Мәселен, украиналық инвесторлармен тұкым шаруашылығын дамыта отырып күріш, бидай, жүгері, соя дақылдардың жаңа сорттарын шығаруда ынтымақтастық орнаса, австралиялық «Рубикон» компаниясының суды пайдалану тиімділігі тәжірибесі қолға алынған.

Басқосуда «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашов көтерме-тарату орталығының әлеуетін жоғарылату арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жолдарын ұсынды. Ал, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов егін шаруашылығын әртараптандыру туралы тәжірибесімен бөлісіп, бақша дақылдарын көбейтудің желісін жандандыру мәселесін көтерді.

Облыс әкімі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан әкелу тәуелділігінен арылу үшін бақша дақылдарын егу ісінде жергілікті кәсіпкерлерді, ынталы бизнесмендерді әрдайым қолдайтынын ашық айтты.

«Көкөністердің біразын көрші аймақтардан алатынымыз жасырын емес. Картопты Павлодардан, сәбізді Қостанайдан әкелудеміз. Қалғаны Түркістан облысынан келеді. Бұл проблеманы жою үшін егін егуге ынталы шаруаларға жер бөлуді тапсырып, оларға жағдай жасадық. Бақша өнімдерін, көкөністі егуге біздің өңірдің мүмкіндігі жетеді. Істі ілгерілетіп әкеткен шаруалар да бар. Күрішке ғана иек артып қоюға болмайды. Артылса, өнімді сатуға мүмкіндікті де қарастырамыз»,– деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ, бірқатар кәсіпкерлер жаңа емхана ашу, бос тұрған ғимараттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану, туризмді дамыту, жеке балабақшаларға субсидия бөлу, жеңіл өнеркәсіп саласына жағдай жасау сынды өзекті мәселелерін ортаға салды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының берген ақпараты бойынша  кәсіпкерлерді қолдауда әртүрлі көздерден 20 млрд. теңге шамасында қаржы қаралып, бүгінде 700-ден астам жобаға жеңілдікпен несие берілген. Ауылдық елді-мекендердің кәсіпкерлері үшін шағын несиелер беру бағытында кәсіпкерлердің 393 жобасы 6,1 млрд. теңгемен қаржыландырылған.