Қарағанды облысында сауда және қоғамдық тамақтану саласындағы бизнесті тексеру мәселелері талқыланды
Кәсіпкерлерге қатысты тексеру іс-шараларын жүргізу тәртібі және әкімшілік заңнаманы қолдану мәселелері Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы ШОБ және сауда жөніндегі салалық кеңестің отырысында қаралды.
Отырыста қоғамдық тамақтану және алкоголь өнімдерін бөлшек саудалау саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200 және 282-баптарын қолдану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Теміртау қаласында жүргізілетін тексеру іс-шараларының практикасына назар аударылды.
Жиынға Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Теміртау қаласының Мемлекеттік кірістер органдары, бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты. Отырыс офлайн және онлайн форматта өтті.
Кездесу барысында Кәсіпкерлік кодекс талаптарының сақталуы, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты жүргізілетін тексерулерді тіркеу мәселесі де қаралды.
ШОБ және сауда жөніндегі комитет төрағасы Владимир Быковтың айтуынша, көтерілген мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың нақты әрі ресми ұстанымын алу маңызды.
«Кәсіпкерлер көтерген мәселелер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың нақты түсіндірмелері қажет. Сондықтан тиісті материалдар прокуратураға, ал тексеру іс-шараларының заңдылығына қатысты сұрақтар бойынша Қарағанды облысының Полиция департаментіне жолданады. Алынған жауаптарды Салалық кеңестің келесі отырысында қарастырамыз», – деді Владимир Быков.
Отырыс қорытындысы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 200 және 282-баптарын қолдану және кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексеру іс-шараларын жүргізу мәселелері бойынша материалдарды Қарағанды облысының прокуратурасына жолдау туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар Қарағанды облысының Полиция департаментіне полиция қызметкерлерінің кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде Теміртау қаласындағы бизнес өкілдеріне қатысты тексеру іс-шараларын жүргізу тәртібі мен заңдылығына қатысты жазбаша сауал жолданады.
Прокуратура мен Полиция департаментінен тиісті мәселелер бойынша жазбаша жауаптар алу жоспарланып отыр. Олар 2026 жылғы қазан айында өтетін Салалық кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен қаралады.
Мемлекеттік органдарға келесі отырысқа дейін көтерілген мәселелер бойынша толық жауаптар мен ресми ұстанымдарын дайындау ұсынылды.