Қарағандылық кәсіпкерлер «Атамекен» съезіне ұсыныстар әзірлеуде
Отандық тауар өндірушілерді қолдау, жастар кәсіпкерлігін дамыту және жасанды интеллектіні бизнеске енгізу мәселелері Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында талқыланды. Кәсіпкерлердің ұсыныстары 25 қарашада өтетін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезінде қарау үшін алдын ала пысықталады.
Владимир Алескеровтың төрағалығымен өткен отырыста өңір кәсіпкерлері үшін өзекті мәселелер мен оларды республикалық деңгейде шешуге бағытталған бастамалар талқыланды.
20 қазанға дейін Өңірлік кеңес мүшелері мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау үшін қосымша ұсыныстар енгізуі тиіс. Ұсыныстардың қатарында отандық тауар өндірушілерді қолдау, импорттық өнімдермен бәсекелестік жағдайын жақсарту, жер қойнауын пайдалану, салық берешегі, алкоголь өнімдерінің айналымын реттеу және құрылыс саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бар.
«Атамекен» съезінде Қарағанды облысының атынан 13 делегат қатысады. Олардың құрамы Өңірлік кеңестің отырысында бекітілді.
Отырыс барысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында бизнес-идеялар байқауын өткізу мәселесі де қаралды. Биыл байқауға 96 өтінім түсіп, оның 61-і іріктеуден өтті.
Жас қатысушылар өз жобаларын төрт бағыт бойынша ұсынады. Олар: агроөнеркәсіптік кешен және қайта өңдеу өнеркәсібі, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар, экологиялық бизнес-идеялар, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі.
Жобаларды конкурстық комиссия алдында қорғау 22 қазанда өтеді. Ал жеңімпаздар 29 қазанда Кәсіпкерлер күні аясында анықталады. Әр бағыт бойынша бір жеңімпазға 1 миллион теңгеден беріледі. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – жасанды интеллектіні бизнес саласында қолдану мүмкіндіктері. Анна Бойделова Tericon мектебінің компания қызметкерлеріне арналған оқыту бағдарламаларын таныстырды. Бағдарламалар қатысушылардың дайындық деңгейіне қарай әзірленген. Олар негізгі цифрлық құралдарды меңгеруден бастап, жасанды интеллектіні компаниялардың жұмыс процестеріне енгізуге дейінгі бағыттарды қамтиды.
Оқыту бағдарламасында тәжірибеге 80 пайыз, теорияға 20 пайыз уақыт бөлінеді. Қатысушылар нақты кәсіпорындардың жұмысында кездесетін міндеттерді шешуге машықтанады. Мәселен, шоттарды салыстыруды автоматтандыру, іскерлік серіктестерді тексеру, статистикалық есептілікті дайындау және презентациялар әзірлеу сияқты жұмыстарды жасанды интеллектінің көмегімен жеңілдетуге болады.
Бұл тәсіл жасанды интеллектіні жаңа технология ретінде ғана емес, уақытты үнемдеуге, жұмыс процестерін оңтайландыруға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін тиімді құрал ретінде қолдануға жол ашады.
Сондай-ақ отырыста Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы журналистік материалдар байқауын өткізу мәселесі талқыланды. Өңірлік кеңес байқаудың жүлде қорын 1 миллион теңгеден 3 миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады.
Байқау 15 қазанда басталады деп жоспарланып отыр. Қатысу талаптары, номинациялар және материалдарды қабылдау мерзімдері туралы толық ақпарат байқау ережесімен бірге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында қосымша жарияланады.