astana-view

Киелі мекен Кең Жылыой

Атырауская область
Құлсары-1954 жылдан Жылыой ауданының орталығы. Іргетасы 1939 жылы мұнай –газ өндірілуге байланысты қаланды. Атауы ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген және осы арада жерленген, ел арасында беделді, көріпкелдігі бар дана, ақылман ақсақал есімімен аталған. Қала ортасындағы күмбезді бейіті 2013 жылы жаңартылды. Қосшағыл – мұнай кен орны. 1926 жылы барлау жұмысы жүріп, 1935 жылы пайдалануға берілді. Мұнай төменгі бор, юра, пермптриас дәуірі қабаттарында 81-420 м тереңдікте орналасқан. Қарашүңгіл-қыстақ орын. Қазақ мұнайының ілкі өнім берген кен орыны, алғашқы мұнай 1899 жылы 7 қарашада №7 ұңғымадан 40м тереңдіктен тәулігіне 20 тн мұнай өндірумен бастаған. Аққұдық- бұрынғы «Коммунизм таңы» кеңшары №1 фермасының орталығы. 1995 жылдан бастап мұнай өндіретін кен орыны ашылды. Ақмешіт- ол Пір баба Бекеттің кіндік қаны тамған, бала оқытып, білім берген, бүгін де ұрпағы мәңгілік тыныстап жатқан жер. Ақмешіттің иқұбыла бетінде Қырғын төбе деген жер бар. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда, қалмақ пен қазақ соғысында еліне қайтқан қалмақтар жолай бейбіт халықты өшіккендей өлтіріп, содан адамдар қырылған дейді. Қырғын төбе аталуы да содан болса керек. Әлем халықтары алдында әрбір ұлттың өзіндік бет-бейнесін көрсететін ерекше белгісі болуы шарт. 1750 жылы Жем өзенінің жиегіндегі тау етегінде қасиетті пір Бекет ата дүниеге келген. 1899 жылы дүние жүзінде тұңғыш рет қазақ елінің Қарашүңгіл деген жерінде мұнай бұрқағы атқылады. Қазақтың біртуар ерлері Нарынбай, Өтен, Төремұрат пен Басшы батыр, сондай-ақ аузы дуалы Мәтжан, Дәден ата сынды би-шешендердің туған топырағы-Жылыой өңірі-тарихы-мәдени мұраға бай аймақ. Осыдан үш мың жыл бұрын осы өңірде гүлденген, тарихта аты аңызға айналған Ұшқан көне мекені талай сырды қойнауының түкпіріне бүгіп жатыр. Аудан аумағында Жұбан тамы күмбезі – облысымыздағы бірден-бір республикалық дәрежедегі ескерткіш. 2006 жылы еліміздің шеберхана мамандары бұл көне сәулет мұрасын күрделі жөндеуден өткізді. Жылыой ауданы аумағының оңтүстік –шығысында ХІХ ғасырдың сәулет өнерінің айшықты көрінісі болып табылатын Ортатау, Желтау қорымдары, Қайнар, Шолабай діни тұрмыстық кешендері орналасқан. Ескерткіштерді 2004 жылы Батыс Қазақстан кешенді этноархиологиялық экспедиция басшысы С.Е.Әжіғали зерттеген. Құлсары қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 138 шақырым қашықтықта орналасқан Ортатау қорымында барлығы 23 объекті бар. Олардың ішінде қойтас, қабіртас, сағана тамдар кездеседі. Бұл өңірдегі таңғалдырып, таңдай қақтырған «АЛТЫН АДАМ» ескерткішін ауызға алмай-ақ қойғанныңғ өзінде де, кейінгіге аңыз етіп айтып, мынау сенің қаның , тарихың» дейтұғын мұралар шүкір жетерлік. Жем өзені –Дүйсеке көпірінен бастап екіге бөлініп ағады. Оңтүстік бөлігі Құрт Жем деп аталады. Мұның бойында Жаңабай батыр, Шүрегей қауымдары орналасқан. Ұшқан ата қорымы – Құлсары қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Ұшқан ұлы Жібек жолының бойындағы бау бақшалы, гүлденген қала болған. Атауы –«үш аққан» немесе «үш хан» сөзінен шыққан делініп, ХVІІІ ғасырдағы қалмақ – торғауыттар мен қазақтар арасындағы қанды қырғындармен байланыстырылады. Зират тұщы сулы бұлағы бар Алтын Орда дәуіріндегі қалашықтың жанында пайда болған. Ұшқан ата қорымында Адай, Кете, Шекті, тағы да өзге рулардың өкілдері жерленген. Иманқара тауы - Құлсары қаласынан солтүстік-шығыста 60 шақырым жерде орналасқан. Таудың ұзындығы 2 шақырым, ені 300 метр, биіктігі 200 метр. Тау үсті тегіс жазық, үстіндегі жазықта 18 қорған орналасқан. 1989-1991 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Біздің эрамызға дейінгі V-ші ғасырға жататын қабірлер ашылған. Оларда адам жерленіп қастарына қанжар, қола жебе, қола айна, шыны моншақ, қыш ыдыстар қойылған. Иманқара тауы ерте кезден қасиетті тау болып есептелген. Ол ерте темір дәуірінде, орта ғасырларда, адамдар табынатын әулиелі жер болған. Жылыой ауданы (орысша Жилокосинский деген сөзден) 1928 жылы құрылған. Жылыой ауданы 1929 жылы Адай округінен шығарылып, Гурьев округіне қарады. 1930 жылы Ауданда 4 балық колхозы жұмыс істеді. Олар – «Қызыл ту», «Жаңа тұрмыс», «Қызыл жем», «Қызыл Каспий». Ауданда мұнай іздеу жұмыстары қолға алынып, Қаратон, Иманқара, Қарашүңгіл, Қосшағылға бұрғы салынды. 1932 жылы Иманқарада, Қарашүңгілде мұнай барлау жұмыстары жалғасты. Қосшағылда №6 скважина тұңғыш мұнай фонтанын берді. 1936 жылы Құлсары кен орындарында бұрғылау жұмыстары жалғасты. Сондай-ақ, 1933 жылы 4 қазанда аудандық «Социалды ауыл», «Коммунизмге алға» «Ембі», «Кең Жылыой» газетінің бірінші нөмері жарық көрген.

Дочерние организации

Партнеры