astana-view

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті құқықтық қорғау бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді

27 Мая 2022
- Восточно-Казахстанская область
22218 просмотров

25-27 мамыр аралығында Қазақстанның бизнес-омбудсмені және «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің басшысы Семей және Өскемен қалаларына іссапармен барып, құқық қорғау органдарымен және бизнес-қоғамдастықпен кездесулер өткізді. Сапардың негізгі мақсаты – кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін анықтау және ШҚО Кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар мен жұртшылық ұсынатын бизнесті қорғау шараларын біріктіру болды.

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында бірінші күні Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығы қорғау департаментінің директоры Қуанышбек Мұқаш Семей қаласының кәсіпкерлерімен кездесті және ШҚО әкімімен, облыс прокурорымен «Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жол картасына» қол қойды.

Екінші күні де бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Елордалық қонақтар ШҚО Кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнес субъектілерін жеке қабылдап, өңірдің құқық қорғау органдарымен кездесті. Олар бизнес-омбудсмен тобы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген елдің белгілі бір бөлігіндегі бизнестің проблемалары және оларды шешудің жаңа индикаторлары туралы айтты.

Шығыс Қазақстан облысының прокурорымен кездесу барысында өңір кәсіпкерлерінен мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым көптеп түсетіні жөнінде айтылды, яғни осы тұрғыдан алғанда өңір көшбасшы болып табылады.

«Бұл біздің кәсіпкерлеріміз өз құқықтарын заңды түрде қорғауға бейім екенін көрсетеді, бізді жайдан-жай «Қызыл шығыс» деп атамайды! Ал, ШҚО-да бизнес мәселелерімен нәтижелі айналысатыны нені білдіреді дегенге келер болсақ, (статистика бойынша істердің 86% өтініш білдіргендердің пайдасына шешіледі) жергілікті жерлерде мамандар жақсы жұмыс істейді немесе бұл жерде кәсіпкерлердің құқықтары көп бұзылады», - деп түсіндірді Рустам Жүрсінов, ол өздеріңіз білетіндей, Өскемен қаласының тумасы.

Таңертең кәсіпкерлер жеке қабылдауда айтқан бизнестің жеке мәселелерін талқылай отырып, бизнес-омбудсмен ШҚО прокуроры Алмат Байшолақовтан «Ертіс» ӘКК алдындағы өтелмеген борыштарына тәуелді кредиттік серіктестіктерге қатысушылардың проблемасын жеке бақылауға алуды сұрады. Ол ШҚО әкімімен және ӘКК басшылығымен барлық шектеулерді алып тастай отырып, қарыздарды өтеуді қайта құрылымдау және бөліп төлеу мүмкіндігін талқылауды ұсынды.

Қуанышбек Мұқаш прокуратура органдары жанында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мобильді топтардың жұмысына қатысты мәселені көтерді, мобильді топтың форматын өзгерту қажет.

Сондай-ақ, бизнеске қатысты қылмыстық істерді олардың негізділігі тұрғысынан тексеру жүргізу қажеттілігі туралы, тергеушілердің жауапкершілігін күшейту туралы, учаскелік инспекторлар мен жалпы құқық қорғау органдарының жұмысын ұйымдастыру мәселелерінде елорданың оң тәжірибесін пайдалану мүмкіндігі туралы, сондай-ақ «1000 орындық көше саудасы» жобасын іске асыру және өзге де мәселелер туралы сөз қозғалды.

Келесі кездесуді елордалық делегация Шығыс Қазақстан облыстық сотында өткізді, онда сот органдарының ҰКП және бизнес-қауымдастықпен өзара тиімді қарым-қатынасы атап өтілді. Атап айтқанда, сот төрағасы Манат Комиршинов облыс соттары мен ШҚО Кәсіпкерлер палатасының «Сіздің құқығыңыз» атты бірлескен табысты жобасы туралы хабарлады, оның аясында судьялар ай сайын қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша тікелей эфирде онлайн семинарлар өткізеді.

Бизнес-омбудсмен «Іскерлік ахуал» рейтингісі туралы айтып өтті, рейтинг барысында 3 мыңнан астам бизнесмен сауалнамаға қатысты: 2021 жылдың қорытындысы бойынша ШҚО онда 5-ші орынға ие болды. Сондай-ақ, оның мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 76 құрам бойынша бизнес субъектілеріне қатысты 52 000 іс қозғалған, оның ішінде 3 800 адам сотталған. Осы мәліметтерге сүйенер болсақ, сот процесіне тартылған 14 кәсіпкердің біреуі ғана сотталады екен. Тиісінше, 13 субъектіге қатысты қылмыстық қудалау негізсіз деп қорытынды жасауға болады. Ең бастысы, шоттарға тыйым салу және құжаттарды алып қою сияқты шектеу шаралары кәсіпорындардың өміршеңдігіне кері әсерін тигізеді.

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Денис Шакеновпен кездесу барысында бизнес-омбудсмен сыбайлас жемқорлық бойынша жыл сайынғы шолудың нәтижелері туралы хабарлады, оның барысында өңірлер бойынша 6 мыңнан астам кәсіпкерге сауалнама жүргізілді. Ол ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлық оқиғаларының жиілігі 6-7% шегінде артып, пара мөлшері де ұлғайғанын атап өтті. Талдау көрсеткендей, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында жүргізіліп жатқан жұмысқа байланысты: тәуекел аймағы өссе, «баға» да өседі.

Бизнес-омбудсмен сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың ең көп саны әлеуметтік салада, атап айтқанда білім беру ұйымдарында, медициналық мекемелерде және т.б., яғни мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін барлық салаларда тіркелетіні туралы деректерді келтірді.

Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) алаңында өткен ШҚО Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысушылардың назарына кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл осы деректерді ұсынды. Дөңгелек үстелге ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев, ШҚО бойынша бизнес-омбудсменнің өкілі Әлия Мұқашева, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері және Шығыс Қазақстанның бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.

«Бизнеске қойылатын талаптар саны жыл сайын артып келеді және бизнесмендердің оларды қадағалап отыруға уақыты да жоқ. Олардың нақты санын анықтау мүмкін емес, бизнес-омбудсмен аппараты санақ жүргізіп, 30 540 санына тоқталды. Міне, сондықтан да 2019 жылы Қазақстан Президенті реформа жүргізуді тапсырды және өткен жылдың 30 желтоқсанында бизнесмендерге қатысты міндетті талаптардың 7 сүзгісін белгілейтін Жаңа реттеушілік саясат туралы заңға қол қойылды: олар негізді, орындалатын, дәйекті болуы тиіс, бизнес субъектілеріне де, квазимемлекеттік секторға да тең дәрежеде қолданылуы тиіс. Барлық мемлекеттік органдарға өздерінің барлық нормативтік-құқықтық базасын зерделеуге, содан кейін жоғары деңгейдегі комиссияларға олардың әрбір талабы бір мезгілде барлық жеті сүзгіге сәйкес келетінін дәлелдеуге тапсырма берілді, мемлекеттік орган дәлелдей алмаған жағдайда ол талаптың күші жойылады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнесмендер бұл талапты орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады» - деді Рустам Жүрсінов.

ШҚТУ-да кездесуге қатысқан кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге Мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне, кредиттік серіктестіктерге қатысушылардың «Ертіс» ӘКК алдындағы берешегіне, қойылатын талаптардың қатаңдатылуына байланысты қоғамдық автокөлік жүргізушілерінің тапшылығына, қызметкерлерге Семей ядролық полигонындағы сынақтар үшін экологиялық төлемдер жасау, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға қатысты өздерінің көкейтесті проблемалары туралы, сондай-ақ тауарларды және көлік құралдарын кеден бекеттері арқылы өткізу, мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерінің ашық еместігі, оқу орталықтарында қысқа мерзімді оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты төлеу, «АРТ Спорт» бағдарламасы шеңберінде балалар үйірмелері мен секцияларын қаржыландыру мерзімдері туралы айтты.

Жұмыс сапарының соңында Рустам Жүрсінов пен Қуанышбек Мұқаш Шығыс Қазақстанның жетекші кәсіпорындарының бірі – «Шығыс-Сүт» корпорациясы» ЖШС-да болып, оның директоры Сейілжан Сайлаубаевпен әңгімелесті. Кәсіпкер қонақтарға кәсіпорын цехтарын аралатып, өндірістік процесті көрсетті және өз ісінің шебері ретінде ветеринарлық қызметті дамыту және Салық кодексін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар берді.

ШҚО кәсіпкерлері көтерген барлық проблемаларды бизнес-омбудсмен және «Атамекен» ҰКП өкілі бақылауға алды: олардың кейбіреуінің шешімінде ілгерілеушіліктер байқалды, кейбірін бейінді министрліктермен талқылау керек, ал ең өткір мәселелерді Қазақстан Президентінің назарына жеткізу қажет.

«Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл мен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаменті директорының осындай ауқымды жұмыс сапарынан кейін Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері жергілікті деңгейде шешімін таппаған мәселелер республикалық деңгейде тыңдалып, өз шешімін табады деп сенеді. Әріптестерімізге сындарлы диалог пен кері байланыс орнатқаны үшін алғысымызды білдіреміз!» - деп ШҚО ӨКП директоры Қайрат Мамырбаев сапар қорытындысына түсініктеме берді.


Подписывайтесь на наш Telegram канал и оставайтесь в курсе последних новостей.

Дочерние организации

Партнеры