astana-view

Кәсіпкерге - қолдау бар

2016 жылғы 04 Ақпан
4728 просмотров

Қазіргі таңда кез-келген ауданда кәсіпкерлік күнделікті өмірімізден нық орын алып, көптеген азаматтардың тіршілік көзіне айналды. Аудан халқының азық-түлік, тұрмыстық және басқа да қажеттіліктерін кәсіпкерлер толығымен қанағатандырып келеді. Кәсіпкерлік саласының басым бөлігін бүгінгі күні сауда және қызмет көрсету саласы қалыптастырып отыр. Тиімді сауда және қызмет көрсету саясатын жүргізу өңір экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде маңызы зор. Өкініштісі сол, шаһарды ұмытпаймыз, тек кейде ауданды естен шығаратынымыз бар. Бұл ретте, ауданда бизнестің даму қарқыны жөнінде Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Балғабек Абаевпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

Балғабек Сисемәліұлы, қазір ауданда шағын және орта бизнес жағдайы қалай? 

Маңғыстау ауданында шағын және орта бизнес субъектілер саны осы жылы 2148-ге жетті, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,0  пайызға өскендігі байқалады. Өткен жылы кәсіпкерлер саны 2026 болатын. Жалпы аудан кәсіпкерлерінің бизнес бастамалары да көңіл қуантады. Ауыл тұрғындары да қалыс қалып жатқан жоқ. Азық-түлік дүкені, дәріхана, шаштараз, тіпті мейрамхана салуды қолға алғандар бар. Негізінен Маңғыстау ауданында бизнестің даму динамикасы байқалады.   

Кәсіпкерлер көбіне қандай мемлекеттік бағдарламалар бойынша және қай мекемелерден несие алуды құп санайды?

2015 жылы аудан бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 24 адам 54,2 млн.теңге көлемінде шағын несие алды. Оның ішінде: «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 20 адамға 44,0 млн.теңге, «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы 4 кәсіпкерге 10,2 млн. теңге несие берілді. «Қазагроқаржы» АҚ  2 адамға 9,565 млн теңге, «Маңғыстауагросервис» ЖШС арқылы 26 адамға 13,22 млн теңгеге лизингке техника алуға, барлығы  76,985 млн. теңге несие берілді. «Қазагромаркетинг» АҚ–ның  «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы субсидиялауға 10 кәсіпкер 24,116 млн. теңгеге   қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2 адамға 35,0 млн. теңгеге  несие берілді. Оның ішінде, пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мен кепілдендіруге жеке кәсіпкер Б.Құсымбаевқа жеке меншік емдеу орталығына медициналық құрал-жабдықтар алу үшін 15,0 млн.теңге, «Жаңа Орпа 2» ЖШС-на  негізгі құралдарға инвестиция салу үшін 20,0 млн. теңге, қаржысы алынып берілді.

Аудан кәсіпкерлерінің арасында республикалық байқауларға қатысып жүргендері бар ма?

Белсенділік әзірге тек облыстық деңгейде байқалады. Жалпы, болашақта жоспарымыз бар және міндетті түрде республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарамыз деген үміттеміз. Бір қуантарлығы, «Маңғыстаудың үздік кәсіпкері» көрме-байқауында үздік атанып жүрген іскер азаматтар қатары артып келеді. Мәселен, өткен жылы ауданнан жеке кәсіпкерлер Түймеш Абдуллаева, Тәуір Жаңбуршиева, Мәнім Құлдыбасова, Ақбибі Баспаева қатысты. «Жылдың үздік супермаркеті» номинациясы бойынша жеке кәсіпкер Тәуір Жанбуршиева бас жүлдені жеңіп алды, ал қалғандары Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың мақтау грамоталарымен марапатталды. Бұл біздің аудан үшін үлкен жетістік деп санаймын. Себебі барлық аудан-қалалар қатысатын болғандықтан,  бәсекелестік жоғары болып тұр. Десек те, жылда құр алақан қайтпайтынымыз қуантады.

Соңғы жылдары жанармай бағасының тұрақтамай тұрғандығы өзіңізге белгілі. Сол себепті көптеген автокөліктер газға ауысып жатыр. Осы жөнінде айтарыңыз бар ма?

Негізінен газ өз өңірімізде өндіріледі. Әрине газға ауысқан дұрыс деп есептеймін. Себебі экологиялық және экономикалық жағынан өте тиімді. Мәселен, газдың литрі 27 теңге, ал АИ-93 маркілі бензин бағасы литріне 115 теңге. Жалпы кім-кімде ұтымды жағын ойлайды, ол заңды. Біздің қызметкерлер аудан әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырды. Кездесуде ҚР 09.01.2012 жылғы №532-4 Заңына сәйкес сұйытылған газды бөлшек саудада сату талаптары өзгергендігі туралы хабарладық. Занның 28 бабының 1 тармағының 1,2,3, тармақшасына сәйкес аталған қызмет түрлерімен тек газ желі ұйымдары стационарлық газ толтыру, газ құю станциялары айналыса алады. Осыған сәйкес ауданда 22 газ құю бекеті жұмыс жасайды, қазіргі таңда баға тұрақты. Жалпы бұл сұрақтарды үнемі бақылауда ұстап отырамыз.

Ауданда негізінен қандай өміндер өндірілуде?

Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары арқылы өнеркәсіптік өнімдердің маңызды түрлерін өндіру бойынша қиыршық тас карьерлері мен «КаспийЦемент» ЖШС өткен жылы ұлу тас, қиыршық тас, цемент, бор 296,8 млрд теңге өнімдері өндіріліп, бұл өткен жылдың осы кезеңінің 99,4 пайызын құрады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылысына сметалық құжатын дайындауға 5,0 млн. теңге, Жыңғылды селосы Аграрлық индустриалдық аймаққа 45 га агроиндустриалдық зонаның тоқ желісінің және газ құбырының,  барлық зонаның қоршауының және әкімшілік ғимаратының құрылысына қажетті жобалық сметалық құжатты дайындауға 30,0 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда жасақталуда.

Ауданда қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда?

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, Маңғыстау облысының екінші бесжылдығына  арналған Индустрияландыру картасын жасақтау және жаңа жобаларды енгізу жүмыстарына сәйкес, «Шетпе Сулары LTD» ЖШС- нің 225,0 млн. теңгеге құрайтын минералды су шығаратын,  «Карьертау» ЖШС жалпы құны 300,0 млн.теңге құрайтын темір бетон зауыты инвестициялық жобалары енгізілді. Бұл жобалар Маңғыстау облысының Аймақтық Үйлестіру кеңесінің 2015 жылдың маусымында қаралып, аймақтық Индустрияландыру картасына енді. «Карьертау» ЖШС жалпы құны 300,0 млн.теңге құрайтын темір бетон зауыт жобаларын жүзеге асыру жөніндегі құжаттары облыстық индустриалды-инновация басқармасына тапсырылып, құрылыс жұмыстарын жүргізу 2016 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр.

Біздің білуімізше аудан халқының саны күн санап өсіп келе жатыр? Ал халық көп тұтынатын өнімдер жеткілікті ме?

Әрине мұндай проблемалар бұрындары болған. Ауданнан іздеген затыңның біреуін тапсаң, екіншісін шаһар орталығына барып алуға тура келетін. Қазір оның барлығы кешегі күннің еншісінде. Бүгінгі күні ауданда 120 дүкен, 9 тойхана, 100 қызмет көрсету орталығы, оның ішінде: 14 көлік жуу орны, 22 газ құю стансасы, 16 тігін цехы,  16 дәмхана, 16 көлік жөндеу орталығы, 16 шаштараз, барлығы 229 кәсіпкерлік нысандары халыққа қызмет көрсетуде. 2015 жылы да бірнеше жеке кәсіпкерлік объектілері де ашылып, халық игілігіне берілуде. Шетпе селосында «Шаңырақ» гипермаркеті,  «Сәт - Сапар» супермаркеті, Қарашоқы шағын ауданынан «Қадірлі» супермаркетінің филиалы, Ащыбұлақ шағын ауданында монша, жеке дәріхана мен емдеу орталығы, Өтес селосынан Шетпе - Бейнеу тас жолының бойынан шайхана,  Ащыбұлақ-1 шағын ауданынан және орталықтан арнайы балық дүкендері ашылып, пайдалануға берілді. Жалпы бізде қажеттінің барлығы бар деп айтуға толық негіз бар.

Өз ісін бастауды көздеген кәсіпкерлер қаншалықты жиі келіп, кеңес алуға асығады?

Кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып отырамыз, олар бизнес ашу немесе кеңес алу үшін сонау қалаға баруға мәжбүр екендерін алға тартатын. Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау аудандық филиалы өткен жылы наурыз айында құрылды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 551 адам хабарласып, 1203 кеңес алды. «Бизнес-кеңесші» оқу семинары өткізіліп, 85 адам сертификатқа қол жеткізді, оның  ішінен 17-сі «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы бойынша 37 млн 500 мың теңге көлемінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие алды. Тағы бір кәсіпкер аталмыш қордың «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы 3 млн. теңге несиеге қол жеткізді. «Казагроқаржы» АҚ арқылы 2 шаруа қожалығы құжат тапсырып, 4 техника алды.

Ауданда жаны жомарт жандар көп шығар? Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жанашырлық танытуда, олардың белсенділігі қалай?

Аудан кәсіпкерлерін ортақ іске жұмылдыруды мықтап қолға алдық. Әрине біздер оларды күштей алмаймыз, дегенмен қол ұшын беруге дайын жандар аз емес. Ұйымдастырылатын түрлі іс шараларға демеуші боламын деушілер бар. Мәселен, 1 маусым халықаралық Балаларды қорғау күніне 50 мүжәлсіз отбасында тәрбиеленіп отырған бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар алынып берілді. «Шаңырақ» қоғамдық қорымен бірлесіп, ораза айында мүгедек балаларға компьютер курстарын тегін оқыттырып, оларға планшеттер сыйға тартылды.  «Қарттар күніне»  орай   Шерқала  мейрамханасында 40  адамға арнайы дастархан жайылып ас  берілді, сыйлықтар жасалынды. Жаңа жыл қарсаңында іскер әйелдер Кеңесінің мүшелері бас қосып, мүжәлсіз отбасыларға қол ұшын созды. Барлығы 24 отбасына қажетті киім - кешек, азық-түлік өнімдерімен  жәрдем берді. Бір ерекшелігі жаңа жылдық сыйлық   тәттілері салынған қызыл қоржынын арқалаған Аяз ата мен Ақшақардың топты бастап әр үйге келуінің өзі, мүжәлсіз отбасыларға үлкен қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Алдағы жоспарыңыз туралы айтып өтсеңіз?

Биылға жұмыс жоспарымызды бекіттік. Ауылдарға көбірек көңіл бөлгенді жөн санап отырмыз. Келген кәсіпкердің бетін қайтармай, олардың кәсібін дөңгелетуге бар күш жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Кәсіпкерлікті өрістетуге жан-жақты жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өнімді қолдау, білікті мамандар даярлау, халықты бизнеске сауаттандыру мәселелері біз үшін күн тәртібінен түспейді. Жаңа ғасырда, жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерлеудің негізгі шешуші факторы еңбек болмақ, тек тынымсыз еңбектің арқасында біз қандай да бір қаржылық қиындықтарды жеңіп, ел экономикасын өрге сүйрей алатынымыз анық.

Балғабек Сисемәліұлы, әңгімеңізге рахмет! Алдағы жұмыстарыңыз жемісті болсын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер