astana-view

Еурокодтар туралы толығырақ

2016 жылғы 05 Ақпан
21896 просмотров

Қазақстанда еуростандарттарды енгізудің құрылыс сапасына қалай ықпал ететіні жөнінде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, 2010 жылдан бастап құрылыс саласында техникалық реттеу жүйесінің реформасы жүргізілуде. Бұл Қазақстанның дамыған елдер тәжірибесімен жүйелер мен үдерістерді үйлестіру арқылы әлемдік экономикалық жүйеге интеграциялануға ұмтылысын білдіреді. Нормативтік-техникалық базаны реформалау негізінде Еурокодтарға сәйкес ҚР ҚН EN ұлттық нормаларын енгізу арқылы параметрлік қағидаларға кезең-кезеңмен көшу жатыр.

Қазақстанда Еурокодтарды енгізу туралы сұрақтарға  “Атамекен” ҰКП құрылыс, құрылыс материалдарының өндірісі және ТКШ Комитеті Хатшылығы Хатшысының орынбасары Әбілман Досанов жауап береді.

- Еурокодтарды енгізу қалай жүріп жатыр?

– Еуропалық Комиссияның жетекші құжаттарына сәйкес «Еурокодтар ғимараттар мен құрылыстардың негізгі тірек конструкцияларының механикалық беріктігі мен өртке төзімділігін қамтамасыз ету үшін ЕҰ мүше елдерінің анықтамалық құжаттары ретінде қолдануға арналған жобалаудың жалпы әдістемесін білдіреді». Олар тікелей қолдануға арналмаған және  жергілікті жағдайларға бейімделуі тиіс. Бұл үшін оларды қолданатын әрбір елде Еурокодтардың ұлттық қосымшалары әзірленеді, онда аталған елге тән параметрлер (сандық мәндер) көрсетіледі, сондай-ақ дәлсіздіктер бойынша қосымша түсіндірмелер келтіріледі: стандартты ағылшын тілінен ұлттық тілге аударуға байланысты туындаған, қолдану ерекшеліктері және басқа ақпарат. Бейімделуден кейін әрбір Еурокод ерікті қолдану стандарты мәртебесіне ие болады (ереже бойынша, ұлттық стандарт дәрежесінде). Еурокодтар он бөлімнен, 58 тармақтан және қазақстандық климат пен сейсмологиялық жағдайлар ескерілетін  ұлттық қосымшалардан тұрады. Бүгінгі күні барлық 58 тармақ және ұлттық қосымшалар әзірленді, Стандарттау жөніндегі Еуропалық комитеттен (СЕН) Еурокодтарды Қазақстан территориясында қолдануға ресми рұқсат алынды. Еурокодтар құрылыс саласындағы жобалау ісінің тар көлемді мамандарының құзырына жататынын атап айту қажет. Дәл осы себепке байланысты мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері және тұрғындар арасында, біріншіден, Еурокодтар дегеннің не, екіншіден, оларды Қазақстанды енгізуге байланысты құрылыс қызметіне қатысушылар қандай нақты практикалық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуі және жүзеге асыруы тиіс екені жөнінде анық түсінік жоқ.

- Бүгінгі күні Қазақстан территориясында жобалау саласында қолданылып жүрген нормативтер Еурокодтардың енгізілуінен кейін жойыла ма?

- Жоқ, олар жаңа Еурокодтармен қатар қолданыла береді. Мәселе мынада, Еурокодтардың заттар саласы есептеу әдісімен ғана шектелген, олар ғимараттар мен құрылыстардың салмақ түсетін конструкцияларының механикалық беріктігі, тұрақтылығы және отқа төзімділігін қамтамасыз  етуге жауап береді. Жалпы түсінік ретінде атап айтарым, Еурокодтар бойынша жобалау әдістемесі инженер-жобалаушыға қандай да бір ғимараттың, айталық, көпір құрылысының конструкциясын негізді түрде және дұрыс есептеуге көмектеседі және оның механикалық, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

- Еурокодтар қандай елдерде қолданылады?

– Еурокодтар Еуропалық Одаққа мүше елдер территориясында қолданылады. Бұл арада, тіпті, Британ стандарттау институты (BSI)  базасында Еурокодтар жөніндегі техникалық комитет жұмыс істейтін Ұлыбританияның өзінде, жобалау саласындағы кәсіпқойлар құрылыс конструкцияларын жобалау және есептеудің қалыптасқан практикасынан бас тартпағанын ескеру қажет. Бұл Еурокодтардың ерікті мәртебесін білдіреді. Осы әдістеме бойынша пилоттық жобалар Беларусь Республикасында іске асырылды, бірақ, құрылыс құнының өсуіне байланысты Еурокодтарды қолдану тоқтатылды. Ресейде қазіргі уақытта Еурокодтарды Ресей Федерациясында қолдану үшін ұлттық  бейімдеу мәселесі осыған ұқсас отандық стандарттарға балама есебінде талқылану сатысында жатыр.

- Олар құрылыстың қандай саласында қолданылады?

- Еурокодтар ғимараттар мен құрылыстарды (жобалау саласында) жобалау кезінде қолданылады. Алайда Еуропалық Комиссия ЕО мүше-елдерінің құрылыс саласындағы ішкі нарықтың қатысушылары мен салушыларына аталған стандарттарды құрылыс өнімдері бойынша аймақтық талаптарды сақтаудың ерікті құралы ретінде ұсынады (Регламент № 305/2011).

– Оларды Қазақстанды енгізу қаншалықты маңызды? Бұл бізге не береді? Еурокодтар тіпті 100 қадам Ұлт жоспарында да белгіленген ғой.

– Бүгінгі күні Еурокодтарды Қазақстанда енгізу міндетін елдің ең жоғары басшылығы қойып отыр. Және де, президенттік реформаның осы нақты қадамы табыспен іске асырылуы үшін, яғни, «Қазақстанның құрылыс саласын Еуропалық техникалық реттеу жүйесіне интеграциялау, Қазақстан нарығындағы шетелдік инвесторлардың қызметіне техникалық кедергілерді жою, инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік беруі» үшін алдағы уақытта көп жұмыс атқару керек. Оған қоса, бұл отандық құрылыс өнімдерін өндірушілердің еуропалық нарыққа шығуына, еуропалық стандарттарға жауап беретін өнім дайындауға, ЕО елдерінде құрылыс және инжириниг қызметтерін көрсетуге, құрылыс материалдары мен бұйымдарын Еуропалық сертификаттауға кететін шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.

Бірақ, Еурокодтарды Қазақстан территориясында қолдану мәселесіне қатысты ерекшеліктерді ескеру және меңгеру қажет: табиғи-климаттық (жел және қар жүктемесі, сыртқы ауа температурасының күрт өзгеруі) және геофизикалық (күрделі грунттық және сейсмикалық аудандар) шарттар  еуропалық елдердегі жағдайдан өзгеше. Еурокодтарды Қазақстанда енгізу мәселесінде, сондай-ақ, Қазақстан еуропалық стандарттар жөніндегі ұлттық орган ретінде алған халықаралық міндеттемелерді де ескеру қажет, сонымен бірге, Еурокодтарды ЕО-қа мүше емес елдер территориясында бейімдеу бойынша Еуропалық комиссияға және Стандарттау жөніндегі аймақтық ұйымға (СЕН) жалпыға бірдей көмек көрсету практикасын орындау қажет. Яғни, құрылыс саласы үшін маңызды мәселеде «велосипед ойлап табудың» керегі жоқ.

– Еурокодтардың біздің ҚНжЕ-нен айырмашылығы неде?

– ТМД елдерінің маман-жобалаушылары Еурокодтар мен ҚНжЕ арасындағы салмақ түсетін конструкцияларды жобалау және есептеу бойынша (барлық ҚНжЕ емес) айырмашылықты бұрыннан анықтаған болатын. Негізгі түйін ретінде кеңестік жобалау мектебінің өкілдері саналатын мамандар мынадай сұраққа жауап беруге ұмтылады: құрылыс конструкцияларын әртүрлі әдістемелер (ҚНжЕ мен Еурокод) бойынша есептеу нәтижелері олардың құнына қалай ықпал етеді? Сәйкесінше, ҚНжЕ мен Еурокод бойынша жобалау құрылыстың соңғы құнынан қалай көрініс табады? Қайсысы пайдалы? Қандай әдістеме артық деген жауап әлі күнге алынған жоқ. Басты себеп – мұндай салыстырмалы зерттеулер нақты нысандарда тиісті қаржыландырудың жоқтығы салдарынан тым аз апробациядан өтті. Бірақ, бір нәрсе анық, ол есептеудегі ҚНжЕ мен Еурокодтар құрылымы мен мазмұны жағынан өзгеше, бұл форматы мен мәртебесі мүлде бөлек құжаттар. Сонымен бірге, осы құжаттарды қолдану нәтижесінде көзделетін мақсаттар мен міндеттер сәйкес келеді. Олардың міндеті – әртүрлі материалдардан жасалған құрылыс конструкцияларының екі түйінді аспектілер бойынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету: олардың механикалық беріктігі мен өртке төзімділігі.

– Кедендік одақта қабылданған мемлекетаралық құрылыс стандарттары мен Еурокодтар бір-бірінен ерекшелене ме?

– Бүгінгі күні ЕАЭО Келісім-шарты қолданыста бар, және де экономиканың жекелеген секторларындағы техникалық реттеу қағидаттарына қатысты бүкіл мәселелер аталған халықаралық келісімде, оның ішінде, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі техникалық реттеу хаттамасы» атты 9-шы нөмірлі қосымшада ескертілген. ЕАЭО-тың жаңа құрылымы аясында Еурокодтарға ұқсас өңірлік стандарттар комплектісі әзірше жоқ.  

Еурокодтар Қазақстанда 2015 жылы қабылданған. Олар іске қосылған соң жаңа стандарттарды енгізу үдерісі қанша уақыт алады?

– Расымен де, Еурокодтар Қазақстанда 2015 жылдың 1 шілдесінде қабылданған. Оған қоса, оларды қолданумен қатар жобалау ісі саласындағы қолда бар нормативтерді қатар қолдану белгіленген. Еурокодтарды әзірлеу, оларды қабылдау және қолданысқа енгізу соңғы жылдары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері бойынша уәкілетті орган қамқорлығымен қабылданған болатын. Менің білуімше, олардың қолдауымен биылғы жылы осы әдістемені қолданып тұрғын үй кешенін салу жобасының пилоттық жобасын іске асыру жоспарлануда. Еурокодтарды біздің елімізде енгізу үдерісін бұдан былай президенттік реформаның маңызды институционалдық жүйелік жобасын іске асыру ретінде қарастыру керек. Құрылыс саласын және кәсіби қоғамдастықты түрлі инновациялық материалдардан құрылыс конструкцияларын жобалау және есептеудің жаңа әдістемесін енгізуге байланысты өзгерістерге дайындау үшін, алдымен Еурокодтарды ҚР-да бейімдеу жөнінде кезең-кезеңмен іске асырудың мемлекеттік деңгейде келісілген ұлттық жоспарын әзірлеу қажет. Біздің көзқарасымыз бойынша, сол кезде Еурокодтарды енгізу үдерісі жеделдейді және алғашқы нәтижелер ортамерзімдік кезеңде 3-5 жыл ішінде алынуы ықтимал.

Еурокодтарды енгізу инвестициялар тартуға ықпал ете ме?

Еурокодтардың өзінде Еуропалық Одақ және басқа елдердің жобалаушылары, құрылысшылары мен өндірушілері көп жылдық экономикалық тәжірибесінде меңгерілген басқа да еуропалық стандарттарға, құрылыс материалдары мен бұйымдарға, конструкциялар мен материалдарды сынақтан өткізу әдістеріне сілтемелер көп жасалған. Сол себепті, әрине, шетелдік инвесторлар тарапынан  ҚР территориясында құрылыс жобаларын іске асыруға деген жоғары қызығушылықты, сондай-ақ, жобалық-құрылыс қызметінің шетелдік қатысушылары тарапынан бәсекелестіктің күшеюін күту түсінікті жайт. Қазақстанға инвестиция салуға, ең алдымен, ЕО елдері ұмтылатын болады, олар біздің нарыққа еуропалық өндірістің сапалы құрылыс технологияларын және инновациялық материалдарын әкелуім күтілуде.

Еурокодтардың енгізілуімен құрылысшылардың жұмысы қалай өзгереді?

– Қазақстан аумағында Еурокодтарды нақты енгізген соң құрылыс компаниялары құрылыс жұмыстарын анағұрлым жоғары сапа талаптарымен және құрылыс нысандарының қауіпсіздігімен орындау мәдениетіне бағдарлануға мәжбүр болады. Қазақстанның құрылыс саласындағы ықтимал және елеулі өзгерістер деп таяудағы болашақта еуропалық елдердің құрылыс саласындағы техникалық жарақтандырылу деңгейіне сәйкес келетін құрылыс технологиялары мен даярлаушы зауыттардың пайда болуын күтеміз.  

– БАҚ-на зер салсақ,  Еурокодтардың  ҚНжЕ-нен ерекшелігі, оларда не істеу керектігі айтылмайды, тек нәтижелер қандай болуы тиістігі айтылады деген сөз бар. Бұл жобалаушылар мен орындаушыларға асқан еркіндік бере ме?

– Мен бұған дейін атап өткендей, БАҚ-тың Еурокодтар дегеннің не екені жөнінде анық әрі айқын түсінігі жоқ. Құрылыс саласындағы жобалаушылар мен өзге де орындаушыларға үлкен еркіндік берілетіні туралы мәселе қойылған кезде, әлбетте, құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қандай да бір қисынды талаптардың төмендетілуі жөнінде сөз қозғалмауы тиіс. Еурокодтар мәселесін бұлайша түсіну ешқандай да еркінсуге жол бермейді, ол жерде де ҚНжЕ тәрізді ережелер бар. Ал, жобалаушылар немесе өзге де орындаушылардың, олар іске асырған жобалық немесе қауіпсіздікке қойылатын міндетті талаптарды құрылыстық шешімінің сәйкестігін бекіту үшін нормативтік-техникалық құжатты немесе мақұлданған әдісті өз еркімен таңдауы жайлы сөз қозғалса, ол басқа мәселе. Озық елдер тәжірибесі бойынша,  мұндай еркіндік Еурокодтармен де, ҚНжЕ-мен де берілмейді, керісінше, Building Regulation (құрылыс регламенті) немесе Building Code (құрылыс кодексі) тәрізді актілермен тағайындалады.      


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер