«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Біз туралы
Қаз

Мұғалімдерге арналған «Кәсіпкерлік негіздері» оқу курсы басталды

06 Тамыз 2018
2987 просмотров

«Атамекеннің» алаңында мұғалімдерге арналған 10 күндік оқу курсы басталды.

Алқалы жиынға ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта мектепке білім беру департаментінің басшысы Талғат Жәкенов,  ҚР «Атамекен» ҰКП әлеуметтік сала және әлеуметтік кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов,  «Кәсіпкерлік негіздері» оқулығы авторларының бірі Әсемгүл Сейтенова және «Көкжиек-Горизонт» баспасының әдіскері Наталья Новосельцова қатысып, сөз сөйледі.

Ұлттық палата 2014 жылдан бері «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқу бағдарламасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде сарапшылар мектепте кәсіпкерлікке үйрету және «Бастау» жобасын дайындау барысында халықаралық бағдарламалардың тәжірибесін зерттеп, танысқан.

Аталған пән пилоттық режимде ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанның 17 өңірінде іске қосылады. Оқытушыларға арналған курстарды «Атамекен», «Eл тірегі» қауымдастығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен  ұйымдастырды. «Кәсіпкерлік негіздері»  пәнін оқу жоспарына енгізу жобасы Рухани Жаңғырудың «Іскер Азамат-Ел Тірегі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

«Бұл оқулық экономикадағы жаңа үрдістер, кәсіпкерлік және әлеуметтік өмір туралы. Төртінші өнеркәсіптік жаңғыру біздің елімізге тың серпін алып келгенін осыдан да байқауға болады», - деді Талғат Доскенов.

Оқу бағдарламасына қазақ даласындағы кәсіпкерлік бастаулары да кірген.

«Қазақ ежелден кәсіппен айналысқан, адал еңбек етіп, нәсібін тапқан халықтың бірі. Сондықтан бұл пән Қазақстан тарихы мен әдебиетінде бар деректермен толықтырылған»-деді Талғат Жәкенов.

Ресми түрде бүкіл Қазақстан бойынша бағдарлама 2019 жылдың қыркүйегінде басталады. Авторлар бұл оқулықтар  оқушыларға кәсіби білім алуға мүмкіндік беретініне сенімді. Алынған білім - бизнесті бастауға және одан әрі дамытуға негіздеме және дағдыны қалыптастырады.

«Біз осы кезге дейін шетелдік оқулықтарға сенім артып келдік. Оқулықты дайындау барысында жергілікті ерекшеліктерге назар аудардық. Мысалы, Қарағандыда аймақтық кәсіпкерлік қарастырылады. Біз үшін нәтижеге бағытталған  пысықтау сұрақтары маңызды.  Олар жаттығу үшін керек, Неге бұл тақырыпты таңдадың? Тақырыпты қалай түсіндің? деген сауалдар арқылы оқушылар өз пікірімен ашық бөлісетініне сенемін», - дейді оқулық авторларының бірі Әсемгүл Сейтенова.

Бағдарламада  68 сабақ бар.Әр сабақ ойын қағидасына негізделеді және міндетті түрде талдауға негізделген.

«Бұл сұхбат алаңы. Мұнда нақты мысалдар келтіріледі, оқушылар кәсіпкерлік негіздерімен танысады, пікір алмасады. Білім министрлігі ұстаздарды конкурс бойынша іріктеп берді. Бүгін осынау пәнді гуманитарлық сала ма, жаратылыстану пәндерінің немесе еңбек пәнінің мұғалімі оқыту керек пе, соны да белгілеп аламыз», дейді оқу курсының спикерлері.

«Қазіргі мектеп оқушыларын ел-жерді сүюге баулып, кәсіп үйрету әрбір оқыту мекемесінің мақсаты. Бұл кітап нақ уақытында дүниеге келген оқулық болды» дейді Наталья Новосельцова.

Айта кетейік «Кәсіпкерлік негіздері» пәні әлемнің бірқатар елдерінің мектептерінде, атап айтқанда Германия, Финляндия, Франция және т.б оқытылады.

 

 

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Ұқсас жаңалықтар:

Серіктестер