astana-view

Даудың құны – 1 млрд теңге

2016 жылғы 02 Ақпан
9922 просмотров

Сот шешімінің орындалмағаны үшін шенеуніктер жауапқа тартылуы тиіс

Мемлекеттен бизнестің пайдасына берешектерді өндіріп алу туралы сот актілерінің орындалмауы ҚР «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңесінің мәжілісінде талқыланды.

«Палата  кәсіпкерлердің пайдасына шығарылған сот актілерінің орындалуы бойынша қоғамдық мониторинг өткізген болатын. Мүліктік және сондай-ақ, мүліктік емес даулар бойынша сот актілерін ұзақ уақыт орындамау фактілері анықталды. 2015 жылдың қараша айындағы жағдайға қарай, орындалмаған сот актілері бойынша жалпы сома 1 млрд теңгені құрайды», – деді мәжілісте сөйлеген Кеңес төрағасы Ғани Қасымов.

ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко Павлодар облысын мысалға келтірді. Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы облыстық прокуратураға уәкілетті органдардың атқарушылық іс жүргізу туралы заң талаптарын сақтамауына қатысты тексеру жүргізуін өтініп, хат жолдаған. Тексеру нәтижелері бойынша облыс прокуратурасы 22 атқару құжатының және Екібастұз аумақтық бөлімінде 13 құжаттың жоғалу фактісін анықтады. Сонымен бірге, прокуратура сот орындаушыларының жұмысы лайықты дәрежеде орындалмайтынын көрсетті. Осыған байланысты Павлодар облысының әділет департаментіне лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде мәселе қою арқылы кемшіліктерді жою туралы ұсыныс енгізілді», – деді ол.  

Аталған құжаттар бойынша жұмысты орындау істі қозғау күнінен бастап екі айлық мерзім ішінде аяқталуы тиіс екендігін атап айту қажет. Осылайша, сот орындаушылары заңмен тағайындалған мерзімдерді бұзған. Бұл арада осындай атқарушылық іс жүргізумен тек мемлекеттік сот орындаушылары ғана айналыса алады.

«Бұл жұмысты реттейтін ережелерде  сот шешімі бойынша төлемдерді өндіретін мемлекеттік органдар, ҚР-ның қолданыстағы заңнамасында көзделген негіздемелер болған жағдайда, оларды барлық сот инстанцияларында шағымдануы тиіс екендігі көзделген. Осылайша, біз көп жылдық сот процестеріне тап боламыз. Алайда, шенеуніктер көбінесе осы шараларды тым кеш қолға алады. Айталық, 2014 жылы Қызылорда облысының сот актілерін орындау департаменті шешімнің заңды күшіне ену сәтінен бастап нақты мерзім өткеннен кейін «Фрак Джет» ЖШС-нің пайдасына 4 226 129 теңге өндіріп алу туралы іс жөніндегі сот актісін 

Ұлттық палатаның уәкілетті органның адресіне актінің орындалмағаны туралы шағымынан кейін ғана шағым берген», – деп атап өтті Савеленко.

Павлодар облысы әділет департаментінің Баянауыл аумақтық бөлімінде, сонау 2008 жылы салық басқармасынан «Майкөбен Вест» ЖШС-нің пайдасына 3 249 938 теңге өндіріп алу туралы қозғалған атқарушылық іс жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы әділет департаментінің аумақтық бөлімшелерінде 2012 жылы қозғалған істер бар. Сот орындаушылары істерді, құжаттарды жоғалтып алуы жиі кездеседі, мұның өзі орындау мерзімінің созылуына әкеп соғады.

Кеңес мәжілісіне осы сұрақ бойынша Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаментінің өкілі Жанар Ғалиева шақырылды. «Мемлекеттік мекемелерден өндіріп алу, мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес, меморгандардан өндіріп алу туралы сот актілерін орындау кезінде біз ақшалай қаражатты ғана өндіріп ала алатынымызға, ал мүліктермен жұмыс істемейтінімізге байланысты күрделене түседі. Тиісінше, сот орындаушысы белгілі бір шаралармен шектеледі: кассалық өкімдерді ұсыну – бұл қазынашылық шотта жатқан ақшаға тыйым салу. Мұның өзі мемлекеттік мекеменің қаржылық қызметін тоқтатуға алып келеді. Бұл – басты түйткіл. Меморгандардың өздері бұл ақшаларды 165 ерекшелік бойынша төлей алмайды, көбінесе бұл ерекшелікте оған ақша салынбауына байланысты ақша жоқ. Менің түсінігім бойынша, бір де бір меморган оларға қатысты сот актілері болуы мүмкін деп санамайтын сияқты. Сәйкесінше, оларда Жоғары сотқа дейін шағымдану рәсімі жүреді. Мұның бәрі атқару процесін созады», – деп мәлімдеді ол жағдайға түсінік беріп.

Алматылық кәсіпкер Гүлнәр Төлендинова Кеңесте сәулет басқармасымен көп жылға созылған сот дауы туралы айтты. «2000  жылы мен жұмыс істеп тұрған дүкенді алдым, оны бір жыл өткен соң алдымен өртеді, содан кейін бұзды да жаңа дүкен салуға АЖТ берді. Жоба 5 жыл бойы дайындалды. Бірақ, соның өзінде, келісім рәсімдерінің бәрінен өттім, сөйтіп 2007 жылы мен құрылыс компаниясымен келісім жасастым, бірақ ол  жауапсыз болып шығып, ештеңе де салмай менің ақшамды алып жоқ болды. Біраз уақыт өткен соң мен тағы да архитектура басқармасына АЖТ беруін өтіндім, бірақ, олар бас тартқан соң, Алматы қаласы әкімінің орынбасарынан көмек сұрадым. Алайда, ол маған анық жауап бермеді. 2014 жылы мен сотқа шағым түсірдім, және де оның шешімімен сәулет басқармасы маған АЖТ беруге міндетті болды. Бірақ маған оны бермеді: «Күте тұр, әлі апелляция, кассация болады» деді олар. Бұл сатының бәрінен өттім. Содан кейін сәулет басқармасы Бас прокуратураның наразылық жасауына бастамашылдық танытты, ол Жоғары соттың қаулысымен қабылданбады, сөйтіп алдыңғы сот инстанцияларының шешімі күшінде қалды. Бұл 2015 жылдың тамызында болды. Әлі күнге дейін сот шешімі маған берілмей отыр. Желтоқсан айында Алматы қаласы әкімінің орынбасарымен кездесу кезінде мен оған өз мәселемді тікелей айттым. Сол кезде асәулет басқармасы менің жер телімімнің орнына басқасын іздей бастады. Бірақ маған Шығыс айналма жолдан бағасы тең емес жер телімін ұсынып отыр. Олар мені алдауға көшті», – деп өз проблемасымен бөлісті кәсіпкер.

Осыған байланысты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңестің төрағасы Ғани Қасымов мынадай қарар ұсынды: «Облыстар, Алматы және Астана қалаларының кәсіпкерлер палаталары  мемлекеттік  сот орындаушыларының қызметін атқаруының заңдылығы мен уақыттылығы жағдайларына тексеру жүргізу туралы прокуратура органдарына шағым жасауы тиіс. Ұлттық палата сот шешімін орындамау фактісі бойынша Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту жөнінде  ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроға шағымдануы тиіс». 

Сондай-ақ, Ғани Қасымов  пікірталасқа қатысушылардың осы мәселеге қатысты жеке сот орындаушыларының қызметін қарастыру мүмкіндігі туралы ұсынысын қолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер