astana-view

Балабақшаға кезекке тұрушылардың саны азаймақ

2016 жылғы 23 Ақпан
- Ақтөбе облысы
8367 просмотров

Ақтөбе Қазақстан бойынша мектепке дейінгі мекемелердегі орын жетіспеушілігі мәселесін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы шешкен алғашқы облыс болды

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер Палатасының жанынан құрылған іскер әйелдер Кеңесі мектепке дейінгі білім беру мен жекеменшік балабақшаларды ашу саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мақсатында семинар өткізді. Оған кәсіпкерлер мен жекеменшік балабақшалардың иелері, білім беру басқармасы мен бөлімінің, сондай-ақ облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің, «Ақтөбе облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» ЖШС-нің өкілдері қатысты.

Іскер әйелдер Кеңесі кәсіпкерлердің аймақтық палаталарында 2015 жылдың наурызында құрылған болатын. Құрамына тәжірибесі мол кәсіпкер әйелдермен қатар жаңадан аяққа тұрып келе жатқан жастар да қосылған еді. Оның жұмысын реттеп, арнайы жоспар құру мақсатында әрбір Кеңес мүшелерінен тұратын Үйлестіруші кеңес жасақталып, оған 11 кәсіпкер әйел кірді. Аудандарда да осындай ұйым жұмыс істеп жатыр. Олардың араласуымен ҰКП аймақтарда әйелдер кәсібін дамытуға көңіл бөліп, бизнесте әйелдер санын арттыруға мән береді.

«Кеңес өз жұмысын бастағалы бері 25 әйел start-up жобасын қаржыландыруға мүмкіндік алды. Оның 10-ы қолда бар бизнесті нығайтуға бөлінді. Тағы 10-ына жер телімдерін алуға қажет құжаттарды реттеуге көмек қолын создық. Ал бүгінгі жиында біз әйелдерге балабақша ашуды ұсынамыз. Бұл нарықта қазірше үлкен бәсеке жоқ», – деді Іскер әйелдер одағының төрайымы Апуажан Түлегенова.

Қазіргі уақытта облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған «Ақбөбек», «Еркемай», «Ертөстік», «Айлин» – барлығы 4 балабақша жұмыс істейді. Соңғы үш балабақшаны ақтөбелік кәсіпкер, аймақтық кеңес мүшесі Зәмзәгүл Баймағамбетова ашты.

«Бұл жерде жалпы саны 6 мың бала бар. Жыл сайын әрбір балаға 16 мыңнан бөлінеді. 2016 жылы 4 кәсіпкер балабақша құрылысын бастауды жоспарлады, тағы жетеуі мектепке дейінгі білім беру орталықтарын саяжайлар мен көп қабатты үйлердің бірінші қабатынан ашуға дайын», деді Ақтөбе қаласы білім беру басқармасының жетекшісі Ләззат Оразбаева.

Облыс бойынша 3 және 6 жас аралығындағы 20 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр екен.

Жиын барысында ӨКП кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бизнес-тренері Олеся Матяш балабақша ашудың қаржылық есептерін көрсетіп, осы салада жұмыс істейтін іскер әйелдер одағына көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы айтып берді.

Ал кәсіпкерлік саласының білікті әйелдері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын жүзеге асырудағы тәжірибелерімен бөлісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер