astana-view

Кәсіпкерлер Астанада медициналық нысандар мен паркингтер салуға мүдделі

2016 жылғы 08 Сәуір
8203 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП МЖӘ бойынша пилоттық жобаларды ісе қосуды ұсынды

«Атамекен» Ұлттық палатасы қызметінің басым бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі 2016 жылға арналған Жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік-жекеменшік әріптестік басымдық берілген бағыттар қатарында тұр. Палата бұл бағыт бойынша өкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және кәсіпкерлік қоғамдастығымен бірлесіп белсенді жұмыс атқаруда.

ҰКП ұсынысы бойынша заңнамада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары республикалық және жергілікті болып бөлінеді. Жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына ЖАО жауапты.

Астанада МЖӘ жобаларын жүзеге асыру үшін әкімдік дөңгелек үстел ұйымдастырып, оның аясында кәсіпкерлік қоғамдастыққа МЖӘ саласындағы бірқатар жобалар таныстырылды. Олардың қатарында 3 паркинг, 2 автовокзал, 3 дәрігерлік амбулатория, қалалық емхана, балалар бақшасы, 2 қосалқы станция, мектептер аумағындағы спорттық ғимараттар, жылыжайлар құрылысы жобалары бар. 

Жобалар сипаттамасын мына жерден көруге болады.

ҰКП Экономика департаментінің директоры Алена Романованың айтуынша, бүгінгі күні МЖӘ жобаларын іске асыру айтарлықтай қиындап отыр. «МЖӘ жобаларына қызығушылықты арттыру үшін жобаларға келісім алу процесін жеңілдету, инвесторлық тәуекелдерді өтеу, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндіктері және өткізу кепілдігін қамтамасыз ету қажет деп санаймыз. Осыған байланысты ҰКП пилоттық жобаларды жүзеге асыру ұсынысымен мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте жүгінген еді. Бұл пилоттық жобалар процедураларды айтарлықтай оңтайландырады», – деді Романова.

Ұлттық палата өкілінің айтуынша, «Атамекен» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе пилоттық жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жасауда. «Денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ жобаларын іске асыру бойынша «Жол картасының» 2016-2018 жылдарға арналған жобасы жасалды. Денсаулық сақтау саласында МЖӘ-ні жүзеге асыру үшін жұмыс органы ретінде «Атамекен» алаңында Палата басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның төрағалығымен, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртановтың тең төрағалығымен, сондай-ақ ДӘДМ, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ, «МЖӘ жобаларын қолдау орталығы» ЖШС, ҚР Денсаулық сақтау палатасы, ҚР ҰКП өкілдерінің қатысуымен Жұмыс тобы құрылды», – деп мәлімдеді ол.

Романованың айтуынша, денсаулық сақтау саласында МЖӘ-ні қолдану механизмдерін табысты жүзеге асыру үшін, министрлік Ұлттық палатамен бірлесе отырып республикалық деңгейдегі бір және өңірлік деңгейдегі (жобалар тізімі бойынша жаңа нысандар құрылысы) екі пилоттық жобаны іске асыру туралы шешім шығарған. Бүгінгі таңда ҚР ДӘДМ ҚР ҰКП-мен бірлесе отырып денсаулық сақтау саласындағы пилоттық МЖӘ жобаларын анықтауда.

Осыған ұқсас Астана қ. әкімдігімен бірлесіп, балабақша салу жобасы да бір кездері қолдау тапқан еді.

ҰКП өкілінің  сөзіне сенсек, кәсіпкерлер де паркингтер, автовокзалдар және  өзге де нысандар салуға қатысты МЖӘ жобаларына қатысуға мүдделі болып отырған көрінеді. Осыған байланысты әкімдікке Ұлттық Палатамен бірге пилоттық жобаларды жүзеге асыру, Ұлттық палата алаңында бұл жобаларды іске асыру бойынша жеке жұмыс топтарын құру, жоғарыда айтылған жобаларға келісім алуды жеңілдету бойынша жол карталарын жасап шығару ұсынысы тасталды.

«Астана қ. әкімдігі мен ҰКП-ның пилоттық жобаларды бірлесе жүзеге асыру тәжірибесі ел өңірлерінде жүзеге асырылатын табысты жобалар санының артуына мүмкіндік беріп, МЖӘ механизмдерін енгізуге ынталандырады», – деп қорытындылады Романова.

Дөңгелек үстел модераторы, Астана қаласы Инвестициялар мен даму басқармасының басшысы Ілияс Жанғаскин МЖӘ жобаларына келісім алу және оны жүзеге асыру процедураларын жеңілдету және оңтайландыру қажет деген ұсыныспен келісіп отыр. Сонымен бірге Палатаның пилоттық жобаларды бірлесе іске асыру туралы ұсынысын да қолдайтынын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер