astana-view

Құны миллионға татитын қателік жойылды

2016 жылғы 19 Сәуір
- Алматы қаласы
7958 просмотров

Алматылық кәсіпкерлер маңдайшадағы жазу үшін орынсыз салынған салықты алып тастауға ықпал еткен «Атамекен» ҚР ҰКП-ға алғыс айтуда

Низамдинов ЖК, «INVIVO» ЖШС, «Манго Тревел» ЖШС, Amari tour ЖШС, «Роза ветров турфирмасы» ЖШС секілді өзге де алматылық компаниялар тобы Алматы қ. сәулет және қала құрылысы басқармасы қызметкерлерінің кінәсінен туындаған проблеманы шешкені үшін Палатаға алғыс айтып отыр. 2015 жылдың тамыз айынан бастап қала сәулетшілері кәсіпкерлерге жарнама нысандары деп танылған маңдайшадағы жазуларға салық төлеу туралы ескертпелер жолдаған.

«Сәулет басқармасы автожуу орнының алдындағы «Автожуу» деген жазуды кәсіпкер ұсынатын қызмет түрін көрсететін маңдайшадағы жазу емес, сыртқы жарнамаға жатқызып, Алматы қ. Бостандық ауданы Мемлекеттік кірістер департаментіне жарнама үшін төлем төлеу туралы мәліметтер жіберген. Салықтық органдар да, өз кезегінде, республикалық мәні бар қалалардағы ғимараттар шегінен шығып, ашық кеңістікке сыртқы (визуалды) жарнама орналастырғаны үшін төленетін төлем бойынша салықтық қарызды өтеу туралы ескертпе жіберген. Негізгі төлем сомасы – 83 244 теңге, ал өсімпұл сомасы – 619,71 теңге. Мен маңдайшадағы жазуды жарнама нысаны деп есептемеймін, мен не үшін төлеуім керек? Мұндай жағдайда өз бизнесіңді қалай сәйкестендіруге болады? Клиенттер бұл автожуу емес, мысал үшін, ТЖО екенін қайдан білмек?»,– деді бірінші болып шағым айтқан Суриям Низамдинова.

«Осыған ұқсас проблема бізде де туындап отыр. Біздегі «Турагенттік» деген жазу ешқандай сыртқы да, визуалды да жарнама емес. Біз мұның орынсыз екенін білместен, 50 мыңнан астам теңге төлеп қойдық. Бұл оқиғаның соңы немен біткенін естіп, қуанып отырмыз. Аз уақыттың ішінде біздің құқығымызды қорғап қалған Палатаға рақмет, әйтпесе, біздің үнсіздігіміздің салдарынан бизнеске жөнсіз қосымша ауыртпалық артылар еді», – деді Алматы Кәсіпкерлер палатасына алғысын білдірген Amari tour  турагенттігінің директоры Мухаббат Ахметова.

Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Құдайбергеннің айтуынша, Алматыдағы тіркеуде тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 242 000, ал олардың 184 000-ы ғана жұмыс істеуде. «Ал енді бұдан қанша ақша түсетінін елестетіп көріңіз. Тек осы жылдың басында ғана мұндай алымдар 400 млн. теңгені құраған. Кәсіпкерлер салық төлеу туралы ескертпе алып қана қоймай, оны төлемеген жағдайда бұдан да зор проблемаға тап болатын болған. Олардың есепшоттары бұғатталып, мүлкін шектеу туралы шешімдер шығарылған. Бұл кәсіпкерлік қызметтің тоқтауына әкелетін әрекет. Заңнамадағы олқылықтардың салдарынан банктер секілді ірі бизнес қана емес, сонымен бірге ксерокөшірме, басып шығару қызметтерін көрсететін кішігірім фирмалар да зардап шекті. Тек сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету салаларына ғана салық салынбаған. Бұл проблеманы біз кезең-кезеңімен, Кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі кеңестер отырыстары барысында,  бұған қатысы бар барлық мемлекеттік органдардың қатыстыру арқылы шештік. Нәтижесінде, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы маңдайшадағы жазу жарнама емес екенін дәлелдеп, оларға салық салу туралы норманың күшін жоюына қол жеткізді», – деп хабарлады Қайрат Құдайберген.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынысымен ҚР Парламентінде талқыланған  проблемалар негізінде 29 наурыз күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат құжаттарын қысқарту және рұқсат беру процедураларын жеңілдету мәселелері жөнінде өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын айта кетейік. Бұл құжат екі күннен соң, 22 сәуір күні күшіне енбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер