astana-view

Ақыны алдын ала төлеуге мәжбүр

2016 жылғы 06 Маусым
- Шымкент қаласы
12315 просмотров

Газбен қамту ұйымының газ тұтынушыларымен бекітілген типтік шартының болмауы себебінен кәсіпкерлік субъектілерінің заңдық құқықтары мен мүдделері аяққа тапталуда

Кәсіпкерлік субъектілерінің газ үшін 100 пайыздық алдын ала төлем жасауы туралы атышулы мәселе өңірлік Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында тағы да талқыға салынды.

Палата сарапшылары мұндай шағымдар екі жылдан бері ұдайы түсіп отырғанын айтады. ОҚО-да «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалынан басқа, тауарлық газды жекелеп сатумен ешкім айналыспайды. Ал кәсіпкерлер монополистердің орынсыз шарттарымен келісіп, өз конституциялық құқықтарын аяққа таптатуға мәжбүр.

«Бүгінгі күні кез келген кәсіпкер «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалымен келісімге отыру кезінде әлі пайдаланылмаған табиғи газ көлемі үшін 100 пайыздық алдын ала төлем жасау туралы шартты автоматты түрде қабылдайды, – деді ОҚО КП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі департаментінің басшысы Тимур Нақыпбеков. – Егер бұрын кәсіпкерлік субъектілері сөз айтпай бұл төлемді орындап келсе, қазір бұл шарт бизнес үшін қиынға түсіп отыр».

Бизнесмендер газбен жабдықтау ұйымы өз шартын жасап, оны кәсіпкерлер қабылдауға мәжбүр болатынына наразы. Себебі, оларда басқа таңдау жоқ. Сондықтан да оларға табиғи газ үшін алдын ала төлеуге тура келуде. Конституциядан кейін тұратын Азаматтық кодексте «газ үшін төлемді оны алғаннан кейін есептеу құралдарының көрсеткіштері бойынша жасау керектігі» айтылған.

«Біз бұл мәселені жан-жақты зерттедік. Алдын ала төлем жасау мәселесі тек бізде, ОҚО-да ғана емес, республиканың барлық өңірінде бар екені анықталды. Бұл мәселе Жамбыл, Атырау облыстары мен өзге де өңірлерде көтерілген», – деді Тимур Нақыпбеков.

Кеңес отырысында алдын ала төлем жасау шартымен келіспегендер жеткізуші атына қайшылықтар хаттамасын жолдаған, бұл Азаматтық кодексте қарастырылған. Алайда жеткізуші мұндай шағымдардың бәрін қараусыз қалдырған.

Дегенмен, «Табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар туралы» ҚР заңының 5-бабы 1-тармағы 5-тармақшасына сәйкес: «Табиғи монополия субъектісіне табиғи монополиялардың реттелетін қызметтеріне (тауарлар, жұмыстар) қолжетімділік шарттарын тықпалау немесе өзге де тұтынушылар кемсітушілігіне әкелетін өзге де әрекеттер жасауға тыйым салынады». Бұл мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Кеңес мүшелері ҚР үкіметі мен прокуратураға заңды тұлғаларға арналған табиғи газды жеткізудің типтік шартын бекітетін үкімет қаулысын шығару туралы нақты ұсыныстарын жолдау қажет деген пікірді бірауыздан айтты. Бұл үшін шартта табиғи газ үшін жасалатын төлем іс жүзінде тұтынылған есептеу приборларының алынған көрсеткіштер бойынша жасалатыны нақты көрсетілуі тиіс. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің көзқарасы бойынша, бұл шара монополист қызметтерінің тұтынушыларды кемсітуін болдырмауға мүмкіндік бермек.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер