astana-view

Қазақстандық «моцарелла»

2016 жылғы 24 Тамыз
- Шығыс Қазақстан облысы
12899 просмотров

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Восток молоко» ЖШС ірімшік өнімдерін экспортқа шығаруда

Өнімнің алғашқы топтамасы – 10 тоннаға жуық «качкавал» ірімшігі, биыл Ресейге жөнелтілмек.

«Бұған дейін біз Ресейге тек шикізат түрінде, жартылай дайын өнім түрінде жеткізентінбіз. Қазір дайын ірімшік өнімдерін жөнелтудеміз. Әзірге тек аз көлемде ғана, алайда, біртіндеп экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ресейде бәсекеге түсу қиын. Онда сүт нарығы жақсы дамыған. Десе де, біз Ресей нарығын сапамен жаулап алудамыз», – дейді  «Восток молоко» ЖШС өндіріс бойынша директоры Әділ Женсекбаев.

Өндірушілер ірімшік өнімдері түрлерін көбейтіп, экспортталатын тауар көлемін  ондаған тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Кәсіпорын биылғы жылдың өзінде өндіріске еуропалық сападағы ірімшік өнімдерін енгізуді қолға алған. «Моцарелла» ірімшігін өндіруге қажет шикізат түрлері де сатып алынған. Мамандар пікірінше, Қазақстанда өнімге деген сұраныс өте көп.  Алайда, бұл азық күні бүгінге дейін сырттан әкелінетін көрінеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Восток молоко» ЖШС қазақстандық тұтынушыларға арнап алғашқылардың бірі болып моцарелла ірімшігін жасап шығару ісін қолға алмақ. Әрине, отандық өнім импорттан келетін өнімге қарағанда əлдеқайда арзан болады дейді мамандар.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Восток молоко» ЖШС бұрынғы қалалық сүт зауыты ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтаған болатын. 3000 шаршы метр аумағы бар жаңа сүт зауыты өнімді бұрынғыдан бірнеше есе көп береді деп күтіліп отыр.

«Зауытты біз театр сияқты кең, жарық еттік. Ондай ғимаратта жұмыс істеу біздің қызметкерлерге ыңғайлы әрі тиімді болмақ. Сүт адамның туғанынан бастап «жанында» болады ғой. Ақ халатты адамдар өз жұмыстарынан ләззат алсын деп ойладық. Біз өз ойымызды іске асырдық деп санаймын. Әзірге зауыттың тек 50%-ы ғана жұмыс істеп тұр. Барлық көлемді әзірге ала алмадық. Қондырғылардың жартысы іске енді қосылады. Жаңа жылға дейін зауытты жүз пайыз іске қосуды жоспарлап отырмыз», – дейді Әділ Жексенбаев.

Өндіріс толық көлемде іске қосылғанда жаңа зауыт күніне 250 тонна сүт өнімдерін жасап шығара алады деген болжам бар. Əзірге тәулігіне тек 80 тонна сүт өңделуде.

«Бізде микроағзалардың ғана емес, сондай-ақ, ауыр металдардың да 99%-ға жуығын жоятын теңдессіз қондырғы бар. Соның есебінен сүт жоғары деңгейде тазартылады. Сонымен бірге, күрделі тазарту да бар. Онда екі фильтр бар. Яғни, келіп түскен сүт тазартудың екі сатысынан өтеді. Сол себепті, сүтті сақтау мерзімі ұзартылады. Жалпы сүтті сақтау мерзімі бізде бір ай, алайда қазір 10 тәулік деп көрсетудеміз. Сүт өңделген, термизделген, пастерленген. Бүгінде сүт өнімдері таңдауын арттырудамыз», – дейді кәсіпорын технологы Шынар Сембаева.

Десе де, өндіріс көлемінің артуына байланысты мамандар жетіспеушілігі сезіліп отырғанын айтады Әділ Жексенбаев.

«Қазіргі таңда сүт саласы мамандары, өкінішке қарай, жоқтың қасы жəне мамандардан талап етілетін білім деңгейі де жоғары. Бізге келген әр қызметкер өз жұмысын қатардағы қызметтен бастайды. Десе де, зейнетке шыққан қызметкерлердің орнын жастар басуда және олардың болашағынан зор үміт күтуге болады», – деп атап өтті өндіріс директоры.

Қазақстандық нарықта «Восток молоко» ЖШС 1999 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бүгінде ол тамақ өндірісін біріктіріп отырған ірі  кәсіпорын. Корпорация құрамына облыстың жеті ауданында орналасқан сегіз зауыт кіреді. Қазіргі таңда, «Восток молоко» шығысқазақстандықтарды сүт өнімдерімен толығымен қамтамасыз етуде.

Корпорация серіктестері қатарында облыс аумағындағы үздік шаруа қожалықтары бар. Олар: «Қамысты» ШҚ, «Белокаменское» ШҚ, «Антропова» ШҚ, «Средигорненский» ӨК, «Соловьевский» ӨК, «Восход» ШҚ, «Уваров» ШҚ. Корпорация меншігінде Украинка және Донское ауылдарындағы  сүтті мал шаруашылығы да бар. 

Жалпы «Восток-Молоко» ЖШС сүт өнімдерінің 40-тан астам түрлерін шығарады: мәйекті, ерітілген ірімшіктер, май өнімдері, балмұздақ, қаймағы алынбаған сүт өнімдерінің көлемді таңдауы. 

Жеміс бөлшектері қосылған «Бифилюкс» қышқыл сүт өнімдері мен йодты ақуыз қосылған сүт өнімдерін шығару ісі де жолға қойылған. Кәсіпорынды әйгілеген ірімшіктер арасында «Шығыс» және «Васильевский» ірімшіктері бар. Өнімнің барлығы дерлік облыстық және республикалық, халықаралық көрме-байқауларда медальдармен, диплом және мақтау қағаздарымен марапатталған. 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер