astana-view

Тексерудің де өз тәртібі бар

2016 жылғы 28 Қазан
- Жетісу облысы
9658 просмотров

Кәсіпкерлерге Тексеру картасы таныстырылды

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің Алматы облысы прокуратурасындағы басқармасының прокуроры Алмас Үсембаев, қала кәсіпкерлеріне жаңа ақпараттық жүйе – «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімін» (ТСОБТ) таныстырды.
Ақпараттық жүйені Бас прокуратура жасаған, қазіргі таңда пилоттық жоба ретінде іске қосылуда. Жүйені жасаушылар жобаның мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын оңтайландыруға бағытталғанын атап өтті. Заңсыз тексерулердің кәсіпкерлер үшін басты мәселеге айналғаны жасырын емес. 

Жаңа «ТСОБТ» жүйесі тексерулерді  қалыптастыру процесін автоматтандыруға арналған. Прокурор Алмас Үсембаевтың айтуынша, жоба аясында Тексеру картасы әзірленген. Ол жерде тексеру объектісі мен субъектісі, қай органның тексергені, қандай құқықбұзушылықтардың анықталғаны немесе анықталмағаны көрінеді. Осылайша бизнеске қолайлы ахуал пайда болады. Кез-келген қолданушы, Картаға кіріп, кімнің жауапты, кімнің жауапсыз кәсіпкер екенін көріп отырады. ТСОБТ-тың тиімділігін іс жүзінде келесі жылы анықтауға болады.

«Тексеру картасында бағдаршам ұстанымы пайдаланылады. Қызметінде өрескел құқық бұзылған нысандар қызылмен белгіленеді. Сары түспен қызметінде болар-болмас құқықбұзушылық орын алған нысандар көрсетіледі. Оларға «қолайлы нысан» санаты беріледі. Ал жасыл түспен мүлдем құқық бұзбаған нысандар белгіленбек. Олар «мінсіз нысан» мәртебесіне ие болады», – деді ол.

Кәсіпкерлердің Тексеру картасы мына сілтеме арқылы қолжетімді: http://infopublic.pravstat.kz/ersop/. Сонымен қатар ол жерде компанияның болашақтағы тексеру тарихы туралы білуге жол ашылған.

Сондай-ақ, ТСОБТ-та полицияға өтініш білдіруге және оның күйін тексеруге, мемлекеттік органдарға бағытталған өтініштерді, прокуратураның тексеру тағайындау туралы тіркеу нөмірін анықтауға, айыппұлдар мен құқықтық көрсеткіштерді білуге болады.

Сонымен қатар, бақылау және қадағалау органының өкілі кәсіпкерлерге тексерушілердің мақсаты тексерулер немесе бақылаудың басқа түрін жүргізу болып табылатынын ескертті. Егер тексерушілердің келуі тексерудің басқа түріне жататын болса, олардың әрекеті профилактикалық сипатқа ие болады. Оның нәтижесінде, құқықбұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалмастан қорытынды құжаттар толтырылады (анықтама, нұсқама, қорытынды және басқалар). Егер тексерушілердің әрекеті тексеруге жататын болса, нысанды тексеруге келгендер, тексеруді тағайындау, қызметтік куәлік, медициналық рұқсаттама, тексеру парағы туралы акт ұсынуы тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер