astana-view

Прокурор болған бір күн

2016 жылғы 03 Қараша
- Алматы қаласы
6412 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы мен қалалық прокуратура бизнесті қорғау бойынша ерекше акция өткізді

Белгілі қазақстандық бизнесмен Бейбіт Әлібеков бір күн бойы өзін прокурор ретінде сезіне алды. Қазақстандық телерадио хабарларын тарату қауымдастығының басшысы, Bentley Kazakhstan клубының негізін қалаушы, First Media Group медиахолдингінің төрағасы Бейбіт Әлібеков кезекші бөліммен, прокурор бөлмесімен жеке танысып, тіпті қадағалау органына жүгінген кәсіпкерлерді де қабылдады.

Оның қабылдауына бірінші болып мұнай өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын «ЭкоЛайт-М» ЖШС басшысы келіп, салық органдарының заңға қайшы әрекеттеріне шағымданды. Мәселені тыңдап болған соң, Бейбіт Әлібеков өз кеңесін берді. Өз кезегінде Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев бір апта ішінде осы мәселені қарап, шешім шығаратынын айтты.

Бұл қалалық прокуратура мен өңірлік Кәсіпкерлер палатасының бірігіп жүргізген бірінші акциясы емес. Екі ұйым арасында жасалған меморандумның арқасында жыл басынан бері бизнесті заңсыз тексеру оқиғасы орын алмаған. 613 прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, 1268 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Мұндай сандық көрсеткішке жетуде кәсіпкерлердің шағымына тез арада көңіл аударатын прокуратураның жедел тобының орны ерекше екенін айту керек. Заңбұзушылық жайлы телефон арқылы да хабарлауға болады. Бизнесті қорғау бойынша Алматы қаласының прокуратурасына 469 шағым түскен.

Жасалған жұмыстар жайына Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайберген де тоқталды.

«Қала прокуратурасы мен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы бірігіп, «Бизнес-мен» атты мобильді қосымшаны іске қосты.  Ол «Forbes Kazakhstan» мәліметтері бойынша «Қазақстандағы үздік 30 мобильді қосымшаның» қатарына енді. Бұл қосымша қаржы көздерін табуға, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен байланыс жасауға, кәсіпкерлерге бюджеттік және басқа қолдау түрлерін көрсетуге көмектеседі. Қосымшада тексерістің жалпы ережелері туралы ақпараттар бар. Мұнда кәсіпкерлік іс бойынша бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың телефондарын, мекенжайын, сайттарын табуға болады. Бұл кез келген пайдаланушыға өз құқығы мен мүддесін қорғау үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан көмек сұрауға, онлайн байланыс арқылы тексерістің қаншалықты заңға сай екенін білуге, мемлекет қызметкерлерінің заңсыз істеріне шағымдануға мүмкіндік береді. Алматы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында (КҚО) үздіксіз жұмыс жасайтын «прокурор кабинеті» жұмысы ұйымдастырылған. Кез келген бизнесмен өз мәселесі бойынша осында жүгіне алады. Қабылдау әр бейсенбі сайын сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін өтеді», – деді Қайрат Құдайберген.

Бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында ұйымдастырылған шаралардың арқасында мегаполис айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізді. Жыл басынан бері Алматы бюджетіне салық пен міндетті төлемдерден 1 020,6 млрд теңге түсім түседі. Бөлшек тауар айналымының көлемі 0,4%-ға өсіп, 1 374,3 млрд теңгені құрады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер