astana-view

Кәсіпкерлердің құқығын бұзу қашан тоқтайды?

2016 жылғы 02 Желтоқсан
- Батыс Қазақстан облысы
8363 просмотров

Экономикалық қылмыстар үшін кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту кезінде, олардың құқықтары жиі бұзылады

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында экономикалық қылмыстық құқықбұзушылықтар жасаған кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту кезіндегі құзырлы органдардың заңсыз әрекеті қаралды.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Қайдар Қапановтың айтуынша, экономикалық қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тарту кезіндегі заңбұзушылықтар, оның ішінде жалған кәсіпкерлікке қатысты мәселелер жиі орын алады. Олардың Кеңес отырысында қаралып жатқанының себебі де осы.

«Біз отырыстарды тек көз алдау үшін өткізбейміз, – деп нұсқады ол. – Қазір Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен де, Өңірлік палатамен де мемлекеттік ұйымдар санасады. Сондықтан да Кеңестің қабылдаған шешімі нәтижелі болуы тиіс. Біз тексерістер кезінде заңбұзушылықтар неліктен қайталанатынын түсіндіру үшін, отырысқа Мемлекеттік кірістер департаменті мен Облыстық прокуратураның өкілдерін шақырып отырмыз».

Кеңес мүшелерінің талап етуімен, БҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Серік Абдуллов, 2015 жылғы және 2016 жылдың 10 айы бойынша мемлекеттік органдар жасаған тексерістер кезінде прокуратура органдары, сонымен бірге мемлекеттік кірістер органдары анықтаған заңбұзушылықтар туралы ақпарат ұсынды.

«Жалпы айтқанда, Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура органдары кәсіпкерлерді тексеруді азайту керек, оның қызметіне араласа бермеген жөн деп алаңдап отыр. Біз де мұны қолдаймыз, – деп атап өтті Серік Абдуллов. – Прокурорлық тексерулерден біздің департамент те зардап шеккен. Атап өту керек, Сотқа дейінгі тексерістердің бірыңғай реестрінде мәліметтерді негізсіз тіркеу туралы прокурорлық деректер табылған жоқ. Яғни негізсіз тіркелген қылмыстық іс жоқ. Негізінен, прокуратура анықтамасында Ақпараттарды тіркеу кітабында (АТК) материалдарды тіркеуге байланысты ескертпелер көрсетілген. Алайда, тұтас алғанда, Мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен  болған тексерулер нәтижелі болды».

Кеңес мүшелері және кеңеске қатысушы кәсіпкерлер МКД қызметкерлерінің назарын мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерді тексеру кезінде жиі орын алатын заңбұзушылықтарға аударды. Бұл заңбұзушылықтар бас прокурордың «кәсіпкерлерге қысым жасамаңдар» деген бұйрығына қарамастан орын алып отыр. «Бизнеске тыныштық беріп,  кәсіпкерлік қызметті адал атқарып жүрген контрагент кәсіпкерлерге дұрыс жұмыс істеуіне мұрша беріңдер», – деп өтінді кәсіпкерлер.

Бұған қатысты берілген жауапта, бизнестегі шектен тыс тексерістер Қылмыстық және Салық кодексінің өзара үйлеспейтін тұстарына байланысты орын алып отырғаны айтылды.

Мысалы, бизнестегі жалған кәсіпкерлікке қатысты тексерулерді жалған кәсіпкерліктің барлық контрагенттерін тексеру қажеттілігін анықтайтын заңнама қарастырады. «Ал контрагенттер ондап, тіпті жүздеп саналатындықтан, бұл кәсіпорындарды тексермеу мүмкін емес, олар керісінше, өсе бермек,  – деп толықтырды МКД басқарма басшысы – Осыған байланысты дәл қазір қоғам алдында тұрған осы талаптарға салықтық және қылмыстық заңнаманы сәйкестендіру қажеттілігі туралы ұсыныс білдіремін».

Сонымен қатар Кеңес мүшелері жалған кәсіпкерлікке байланысты  дауларды реттеуге қатысты сот тәжірибесін анықтауды өтінді. Мамандарылған экономикалық соттың судьясы Алтынай Дәулетова жалған кәсіпкерлікке байланысты қызметті іске асыру кезінде заңды тұлғаны тіркеуді жарамсыз деп танудың негіздемелері туралы айтып берді.

Кеңес мүшелері бүгінде бизнес-қоғамдастық үшін жалған кәсіпкерлік жасағаны үшін, әсіресе жалған кәсіпорындардың жауапты контрагенттерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты мәселелер өзекті екенін келтірді. Олар қылмыстық тергеу органдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу деректері анықталған жағдайда өкілетті мемлекеттік органдар атына шағым түсіру, бизнес субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, оның ішінде құқықтық қолдауды қамтамасыз ету арқылы іс жүзінде көмек көрсету, осы мәселеге қатысты прокуратура органдарымен өзара ынтымақтастықты нығайту туралы шешім шығарды.

Бүгінде жалған кәсіпкерлік үшін жауапкершілікке тарту мәселелері «Атамекен» ҚР ҰКП деңгейінде қызу талқыланып жатқанын ескеріп, Өңірлік палатаға қолданыстағы заңнаманы (салықтық және қылмыстық) жетілдіру жөнінде айтылған ұсыныстарды жазбаша түрде Кәсіпкерлер палатасына жолдау ұсынылды. Ол алдағы уақытта «Атамекен» ҚР ҰКП-да қаралатын болады.

2017 жылдың 1-жартыжылдығына жасалған қорытынды бойынша бұл мәселе Кеңес қарауына қайта берілмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер