astana-view

Несие негізінен қызылша өсірушілерге арналды

2016 жылғы 15 Желтоқсан
- Жетісу облысы
6308 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы мен қаржы институттарының өкілдері агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласын қаржыландыруға қатысты тың мәліметтермен бөлісті

Бүгінгі таңда қоғамда 2017-2021 жылдарға арналған АӨК саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасы кеңінен талқыланып жатыр. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында үш негізгі міндет анықталған. Олар: мал шаруашылығы тиімділігін 58%-ға, егін шаруашылығы тиімділігін 40%-ға арттыру, ауылшаруашылық кооперацияларын ауқымды түрде дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін шығарушыларды мемлекеттік бағдарламалармен жаппай қамтып, оларды қолжетімді ету, 600 мың гектардан астам суармалы жерді пайдалануға беру және АӨК-ті мемлекеттік реттеуді жетілдіру. Осылайша шаруалардың өнім көлемі артпақ. Алматы облысы аграрлық өңір болғандықтан, АӨК саласындағы жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру маңызды болып қала бермек. Жалпы өңірден қарқынды даму динамикасын аңғаруға болады. Мәселен, жыл сайын облыста кәсіпкерлердің саны артып келеді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығымен айналысатын 47 мыңнан астам заңды тұлға бар екен. Сол себепті, жергілікті атқарушы органдар, даму институттары және қаржылық қолдау орталықтары кәсіпкерлердің санын көбейту және тұрғындарды жаппай кәсіпке тарту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр.

Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов, кәсіпкерлік қоғамдастықтары жаңа тұжырымдаманы талқылап, оған бірқатар ұсыныстар енгізетінін мәлімдеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес үшін маңызды болып саналатын құжатқа өз ұсыныстары мен ескертпелерін енгізіп жатыр. Ал, Астанада өткен талқылау барысында, салалық қауымдастықтардан, одақтар мен кәсіпкерлерден 60-тан астам ескертпелер мен ұсыныстар келіп түсті», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, ол Палатаның ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты атқарған жұмыстарына да тоқталып өтті. Мәселен, биыл «Бизнес-өңірлер» атты шағын несие беруге арналған пилоттық бағдарлама табысты түрде жүзеге асырылыпты. «Атамекен» ҰКП «АЛМЭК» холдингтік тобы арқылы өңірге 300 млн теңгеге жуық қаражат бөлген. Несие Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қоры арқылы берілген көрінеді.

«Жобаның ашықтығын және оның табысты іске асуын қамтамасыз ету үшін, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Несие комитеті кәсіпкерлерден келіп түскен барық өтініштерді қарады. Айта кетерлігі, оның құрамына облыстағы бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері мүше боп енді. Жалпы, бағдарлама бойынша 87 кәсіпкер несиеге қол жеткізді. Алматы облысында қызылша өсіру ісі жандана түскені баршаға мәлім. Сондықтан, несие комитеті микронесие бөлудегі басты сала ретінде қызылша өсіру шаруашылығын таңдау қажеттігі туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге, несие алу талаптарын барынша жеңілдеткенімізді атап өткен дұрыс. Енді қаржы 6,7%-дық мөлшерлемемен беріледі, кепіл ретінде осыған дейін екінші деңгейлі банктер қабылдаудан бас тартқан барлық жер телімдері мен тұрғын үй нысандары қабылданатын болады», – деді Ә.Шаяхметов.

Бұдан бөлек, биыл Кәсіпкерлер палатасы фермерлерді оқытуға арналған ауқымды семинарлар ұйымдастырған. Шілде айынан бастап «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығымен бірлесе отырып, 2 мыңнан астам шаруа қожалықтарына 135 тегін семинар өткізілген. Кәсіпкерлер палатасы директорының  экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметовтың айтуынша, оқытудың басты ерекшелігі – олар өңірдің ең ірі әрі табысты кәсіпорындары базасында өткен. Сондай-ақ, ол семинарлардың сарапшылары  білікті кәсіпкерлер болғанын жеткізді. Ал, дәріс оқушылар қатарында отандық ғалым-агрономдармен бірге, Франция, Ресей және Венгриядан келген сарапшылар болған.

Баспасөз конференциясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы облысындағы филиалының директоры Төлебай Меңдоразов, АӨК субъектілеріне несие беру жүйесін қолжетімді ету мақсатын көздейтінін айтты. Себебі, нарықта кепіл мүлігінің  өтімсіздігі салдарынан, қандай да бір несиені алу қиынға соғып отыр дейді маман. Бұл ретте, корпорация ауылдық жерлердегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру және несие беру қызметін тікелей, сондай-ақ, несие серіктестіктері (НС) жүйесі арқылы атқарып келеді.  

«Филиалдың облыста бірнеше жыл бойы атқарған жұмыстары нәтижесінде,  17 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында, филиал тарапынан «Сыбаға» бағдарламасы аясында, барлығы 29186 бас ірі қара мал бағып отырған 433 шаруа қожалығына несие берілді. Сол сияқты «Алтын асық» бағдарламасы бойынша, жалпы саны 41166 бас ұсақ қара малды құрайтын 126 қожалыққа қаражат бөлінді. Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында, 7559 бас жылқы бағып отырған 93 шаруаға 2 млрд теңгеден астам несиемен қамтамасыз етілді. Олардың ішінде несие серіктестіктері жүйесі арқылы 1, 8 млрд теңге көлеміндегі қаражат берілді. Аталған бағдарламалар биыл да өз жалғасын таппақ. «Құлан» бағдарламасынан өзге барлық қаржы көздері игерілді», – деді ол.

Оның айтуынша, облыс бойынша 22 шаруашылық серікстестігі тіркелген. Олардың құрамына 1484 АШӨШ (ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушы) енген. Өткен жылдары серіктестіктер 16 млрд теңге игерген. Алайда, бірқатар мәселелер мемлекеттік бағдарламаларды толыққанды орындауға мүмкіндік бермей отыр екен. Олардың арасында өңірдегі несие серіктестіктерінің аталған бағдарламаларға қатысу белсенділігінің төмен болуы, жағымсыз несие тарихы, кепіл мүлігінің нарықтық құнының төмен болуы, несие серіктестігінің несие беру талаптарының бәсекеге қабілетсіз болуы, жаңа қатысушыларды тіркеудегі пролблемалар да бар.

Ауыл кәсіпкерлеріне микронесие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалардың негізі операторы болып саналатын – «Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету» АҚ-ның өңірлік филиалы директорының орынбасары Әмір Қамранбай, кәсіпкерлерге жеңілдетілген мөлшерлемемен берілетін бірқатар мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып өтті. Қазіргі таңда кәсіпкерлер «Береке», «Бірлік», «Ынтымақ», «Игілік», «Егінжай», «Кәсіпкер» бағдарламалары аясында несие ала алады. Несие алу мөлшері 3-6 млн теңгені құраса, пайыздық мөлшерлеме – 6% екен. Ал, несиені алу мерзімі 3-4 жыл аралығын қамтып отыр. 

Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында, филиал биыл жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құрайтын, 1 200 несие берген. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

«Бөлінген қаражаттың 90%-ы АӨК саласына берілді. Оның ішінде, мал бордақылау ісіне 2,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Отбасылық сүт фермалары мен сүт қабылдау желілерін құру, мал бордақылау алаңдары мен ауылшаруашылық кооперативтерін ұйымдастыру, жеміс-көкөніс шаруашылығы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың жобаларын қаржыландыруға қатысты жұмыстар қолға алынып жатыр», – деп қорытындылады «Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету» АҚ-ның Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Әмір Қамранбай.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер