astana-view

Бақылау-өлшеу құралдарын жанармай құю бекеттері мен мұнай базаларына орнату керек пе?

2017 жылғы 16 Мамыр
7531 просмотров

Жаңа бағдарламаны енгізу жолдары талқыланды

 «Атамекен» ҰКП Төралқа мүшесі Данияр Абылғазиннің жетекшілігімен «KAZENERGY» компаниясында жанармай құю бекеттері мен мұнай базаларындағы мұнау өнімдері өндірісі, сақтау, сату нысандарына бақылау-өлшеу құралдарын орнату жобасының мәселелері талқыланды. Шараға ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Қолға алынбақ бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасындағы мұнай өнімдерін толық бақылауға алу. Осы арқылы ел қазынасына салықтық түсімдер артып, мұнай ресурстары экономика дамуына толыққанды жұмыс істейтін болады.

Бағдарламаны жүзеге асыру мерзіміне сәйкес ҚР  бойынша мұнай өндіретін зауыттары мен шағын зауыттарында бақылау-өлшеу құралдары 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін, жанармай құю бекеттері мен мұнай базаларында 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін орнатылуы тиіс.

Жиналыс барысында бірқатар компаниялар өкілдері бақылау-өлшеу құралдарын енгізу бойынша қазіргі жағдайды, пилоттық жобаларды жүргізу нәтижесі, құралдарды енгізудегі техникалық түйіткілдер мен қаржы мәселесі туралы ақпарат берді.

Шараға қатысқан «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС, «Sinooil»ЖШС, «ТЭК-Казахстан» ЖШС өкілдері бақылау-өлшеу құралдарын орнатуға дайындықтың өзіне қыруар қаржы кеткенін, уақыт өте келе бұл шығындар өсетінін алға тартты.

Бақылау-өлшеу құралдарын орнатуды мемлекеттік органдардың бизнес ортамен талқылауы барысында қол еңбегін қысқартып, толықтай автоматтандыруға көшіп, деректерді жинап, оларды бірден салық органына жөңелту мәселесі көтерілді.   

 Алайда бүгінде осы бастамадағы түрлі техникалық және құқықтық келіспеушіліктер (қайта жобалау мен мемлекеттік сараптама, бақылау-өлшеу құралдары мен өлшеу әдістеріне қойылатын техникалық талаптар, нормативті-құқықтық актілеріне өзгерту енгізу және т.б.)  қойылған мақсатқа жетуге, жоспарланған экономикалық әсер жасауға кедергі болып отыр.

Мұнай өнімдерін өндіретін компаниялардың бірі хабарлағандай мұнай базаларына бақылау-өлшеу құралдарын орнату үшін 4 млрд теңгедей қаржы керек, 1 мұнай базасына шамамен 500 млн теңге жұмсалмақ. Кететін қаржының ауқымдылығын ескерсек, жергілікті қаржы институттары мұндай ұзақ мерзімді әрі тиімсіз жобаларға несие бөлуге құлықсыз. Бағдарламаны ұсынған мемлекет тарапынан да  қолжетімді құралдар беріліп отырған жоқ.

 «Қазақстанның отын қауымдастығы» небәрі 1000 тонна сақтай алатын шағын мұнай базаларына жаңа бағдарлама ауыр тиетінін айтты. Мұндай базалардың тұтынушылары ауылшаруашылылық кәсіпорындар. Заңнама талап еткендей бақылау-өлшеу құралдарды енгізуге шамасы келмейтін базалар қаржы ауыртпалығынан жабылуы мүмкін.  

Шара қорытындысы бойынша қатысушылар бағалау-өлшеу құралдарын енгізу бағдарламасына қатысты ұсыныстарды іріктеп, ұсыныстар топтамасын ҚР Үкіметі алдына қарастыруға беру бірауыздан шешті.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер