astana-view

Рустам Жүрсінов: өрт қауіпсіздігіне байланысты шаралар қолданудан тыс қала алмаймыз

2018 жылғы 12 Сәуір
5030 просмотров

«Атамекенде» өрттің алдын алу шаралары бойынша жүйелі жұмыс қажеттігі талқыланды

12 сәуір «Атамекен» алаңында өрт қауіпсіздігі саласындағы аудитті жетілдіру және оны жүргізу барысында пайда болған мәселелерді анықтау бойынша отырыс өткізілді. Отырысқа «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов төралқалық етіп, ҚР ІІМ Мемлекеттік өрт бақылау бөлім басшысы Рүстем Ысқақов, «Өрт сөндіруші» АҚ Өндіріс бойынша вице-президенті Сырым Ғаббасов және өңірлер бейне байланыс арқылы қатысты.

«Біз Ұлттық палата ретінде соңғы уақытта орын алған мәселелер бойынша өрт қауіпсіздігіне байланысты шаралар қолданудан тыс қала алмаймыз. 2 сәуір ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминның басшылығымен отырыс өткізіліп, біз мемлекеттік органдармен бірлесе жүйеде өрт қауіпсіздігіне байланысты қандай жұмыс жасалу қажеттігін талқыға салдық», – деп отырысты ашты Рустам Жүрсінов.

Спикердің айтуынша нәтижесінде «Атамекен» ҚР ҰКП, ҚР ІІМ және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе Жол картасы дайындалды. Құжатта маңызды орын алған бөлімдердің бірі өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит мәселесін жетілдіру болды. Мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша өрт қауіпсіздік аудитін жүргізу бойынша 177 ұйым тіркеліп, жоғары тәуекел деңгейіне 11 600 кәсіпкерлік субьектілері жатқызылды. Оларға байланысты жыл сайын ерекше тәртіппен тексерістер жүргізіледі.

«Бұл арада өрт аудиторлар қызметіне шамамен 1000 кәсіпкер жүгінеді, бұл жалпы көрсеткіштің 10%-ынан төмен. Статистика бойынша, бір сараптама ұйымына орта есеппен 5 аудиторлық тұжырымдама келеді. Бұл аудиторлардың қызметі төмен қолданыста екендігін дәлелдейді», – деді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Аталмыш мәселе бойынша ҚР ІІМ Мемлекеттік өрт бақылау бөлім басшысы Рүстем Ысқақов өз ойымен бөлісті.

«ҚР ІІМ тарапынан аудиторлар өз қызметін атқару үшін барлық материалдық база ұйымдастырылды. Кез келген норма уақыт сынағынан өтуі тиіс. Шынында, аудит кең қолданысқа ие деп айта алмаймыз. Алайда, біз өз тарапымыздан аталмыш институтты бұқараға таныту үшін қолымыздан келгенін жасадық. Бұл арада Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көрсеткен көмегі зор болды», – деді Мемлекеттік өрт бақылау бөлім басшысы.

Рүстем Ысқақовтың айтуынша қазіргі күнге дейін 1324 аудиторлық тұжырымдама берілгендігі белгілі. Оның ішінде нысанның сәйкес келмеуі бойынша теріс тұжырымдамалар саны 7: Астана – 4, Ақмола облысы – 2, Жамбыл облысы –1. Ол заңға сәйкес тексерісті қайта тексеру қарастырылмағандықтан көрсеткіштердің күмән тудыратындығына назар аударды.

«Қазіргі жағдайдағы аудит қызметі көңілімізден шықпайды. Бизнеске тікелей қатысы болғандықтан өңірлік кәсіпкерлер палатасының талқылауына ұсынысымыз: әртүрлі формадағы халықаралық тәжірибені сараптап, тиімді әрі тиісті бағыт анықтау. Мәселен, Еуропада аудитор кешенді жұмыс істейді. Бұл бір. Екіншіден, аудиторлардың қызметін сақтандыру», – деді Рүстем Ысқақов.

«Өрт сөндіруші» АҚ Өндіріс бойынша вице-президенті Сырым Ғаббасов қолданыстағы кәсіби мамандарға қойылатын талаптарды күшейту, өрт қауіпсіздігі саласына қатысы бар барлық нормативтік актілерді қайта қарастырып, сараптама жасау сынды ұсыныстарымен бөлісті.

Өз кезегінде қауымдастықтар мен өңірлерден мүдделі тараптар мәселеге байланысты өз пікірлерін айтты.

Қазақстанның азаматтық қорғаныс одағының төрағасы Мирас Әменов жоғарыта аталған мәселелер мен жағдайлар қазіргі күні орын алғандығын мойындап, аудиторлық компаниялар үшін аттестаттау саласында талаптарды күшейту керектігін айтты.

«Біздің қауымдастық бұл саланы өзін-өзі реттей қызметіне ауыстыруды ұсынады. Тәжірбеге сүйенсек, бәсекелестік бар жерде, сапа да бар», - деп ойын түйді Мирас Әменов.

Ал өңірлер тарапынан қойылған сұрақтарға ҚР ІІМ Мемлекеттік өрт бақылау бөлім басшысы Рүстем Ысқақов жауап берді.

«Сұрақтардың көпшілігі мәселені толық түсінбегендіктен орын алған. Мәселен, Кәсіпкерлік кодекстің жағдайын, қабылдау (приемка) алынып тасталған жоқ, ол қысқартылды. Қылмыстық, әкімшілік жауапкершілік және барлық ережелер мен нормалар бар. Баса назар аударатындарыңыз, біз қоғамдық бақылауды, тұтынушылардың құқығын қорғауды қолдаймыз. Өзін-өзі бақылау ұйымдарына байланысты біз толық келісеміз. Алайда, қазіргі жағдайында саланы өзін-өзі реттеуге бере алмаймыз. Алдымен тәртіп орнатамыз, жүйе дұрыс бағытта жүріп жатқандығын көрген уақытта, сендердің бақылауларына беру ұсынысын қарастыратын боламыз. Кез келген мәселеге байланысты ашықпыз, талқылауға дайынбыз», – деді Рүстем Ысқақов.

Барлық тараптардың пікірлері ескерілген соң Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов отырысты қорытындылады.

«Менің ойымша бірінші кезекте аудит, жобалау, автоматтандыру сынды бірін біріне өте тығыз байланысты, дегенімен әрқайсысы өз алдына жеке бір талдауды қажет ететін түсініктер бойынша сараптама жүргізілуі тиіс. Екіншіден, жауапкершілікті сақтандыру мәселесін қайта қарау керек деп санаймын. Ол азаматтық-құқықтық не кәсіби жауапкершілік болсын. Сақтандыру бойынша біз тиісті ұйымдармен кездестік және олар аталмыш жұмысқа дайын деп айту қиын. Осыған дейін салық салу бойынша тәуекелдер жүйесін талқылаған болатынбыз. Ол жерде бәрі анық әрі түсінік. Бүгінгі мәселе бойынша да дәл сондай жұмыс жүргізу қажет», – деп отырысты қорытындылады Рустам Жүрсінов.

Отырыс нәтижесінде бүгінгі кездесуге қатысушылардың барлығынан ұсыныстар Ұлттық палатаға жөнелту қажеттігі айтылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер