astana-view

Қостанайда іскер әйелдерге арналған шағын несиелеу бойынша алғашқы 2 жоба мақұлданды

2018 жылғы 09 Тамыз
- Қостанай облысы
4835 просмотров

Бизнестегі қос Оксана – жаңа бағдарламамен шағын несие алған алғашқы іскер ханымдар

Жылына 5%-дық мөлшерлемемен 6 900 000 теңге алған Рудныйдағы іскер ханым Оксана Зарипова Iveco Daily автокөлігін сатып алды. Ол кәсібігін «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің «Қазақстан Ұлттық банкі» АҚ және Еуразиялық топпен бірлескен арзан несие бағдарламасының арқасында ұлғайта алды. Бұл бағдарлама кәсіпкер әйелдерге пайыздық мөлшерлемесі төмен шағын несие беруге арналған.

Оксана Зарипованың бизнесі негізі қыз-келіншектерге тән кәсіп емес. Дегенмен оның фирмасы 2008 жылдан бастап жүк тасымалдаумен айналысады. Жаңа автокөлік сатып алуды ойға алғалы көп болған. Бірақ банк несиесінің жоғары пайызы ғана тоқтау салып отырған еді.

«Жеңілдетілген шағын несие бағдарламасы туралы білген соң, бірден өтінім бердім, – дейді Оксана Зарипова. – Таңқаларлығы, «Халық банкінде» өтінімді тез қарады, несиені де жылдам рәсімдеді. Банкке жиі қатынаудың да қажеті болмады, консультация онлайн тәртіпте өтті. Жылдам, ыңғайлы ең бастысы арзан. Енді аз тонналы жүк көтеретін көлігіміз бар. Қайта жабдықтаудан өткізілуде, таяу арада алғашқы тасымалдауға пайдаланамыз».

Жеңілдетілген шағын несиеге қол жеткізген іскер ханымның бірі – Оксана Черная. Ол айналым қаражаты ретінде қолдану үшін 3 млн теңге несие алған. Сонымен қатар дүкенге арнап азық-түлік пен тұрмыстық техниканы да алмақ. Кезекте әлі 50 өтінім жатыр: 38 өтінімді кәсіппен айналысатын іскер ханымдар берген, ал 12 өтінім стартап жобалардан түскен.

«Шағын несие алу процедурасы күрделі емес, – деп түсіндіріп өтті «Қазақстанның Халық банкі» АҚ Қостанай филиалындағы шағын бизнес бойынша сату орталығының басшысы Роза Ерденова. – Кәсіпкер әйелдер бізге өтініммен жүгінеді. Шағын сауалнама толтыратын экспресс-талдау жүргізіп, несие бюросынан ақпарат сұратамыз. Өтінім мақұлданса, сол мезетте келісімшарт жасалады».

Еске салсақ, бұл бағдарламаға заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Ең бастысы фирма әйел адамның атына рәсімделуі керек, егер ЖШС болса, онда кемінде 50 пайызы қыз-келіншектерге тиесілі болуы тиіс.

Жоба құжаттарымен бірге Қостанай облысы Іскер әйелдер кеңесі активінің отырысында қаралады. Дауыс беру арқылы шешім қабылданып, одан кейін банктің қарауына жолданады.

Қостанайда өтінім әл-Фараби көшесі, 116, 1-қабат мекенжайында қабылданады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер