astana-view

Шымкентте бір жер учаскесі алты адамға сатылған

2019 жылғы 30 Қаңтар
- Шымкент қаласы
11039 просмотров

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мемлекеттік органдардың жиынға келмеуіне көз жұмып отырмақ емес. Мемлекеттік органдардың жиынға қатыспауы  кәсіпкерлерге зиян тигізеді

Кеңестің кезекті отырысында жер қатынастары мәселесі көтерілді. Бұл түйткіл Шымкент қаласында таралып кеткен, онда бір жер учаскесі екі, тіпті үш адамға берілетіні бойынша фактілер жиі кездеседі. Ал осы жолы орын алған жағдай тіптен шектен шыққан: бизнесменнің жер учаскесі бірден алты адамға тиесілі екені анықталды!

 2006 жылы шымкенттік «Құрылыс» ЖШС қала ішінде көпқабатты үй салуды жоспарлайды. Оның құрылысына деп компания сол жылдың сәуір айында Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған  аукцион арқылы 3 гектар жер сатып алады. Заңға сайкес әкімдікпен сату-сатып алу келісшарты жасалды, ЖШС кадастрлық нөмір алды және әділет органдарында жер учаскесін иемдену құқығын тіркеп қойды.

  2008 жылы учаскенің 1,3 гектарын мемлекеттік қажеттілігіне деп жергілікті билік қайтарып алды. Компания иесі қалған 1,7 гектар жерге көпқабатты үй салуды көздеп, қаланың Жер қатынастары бөліміне барып, жер учаскесінің шекараларын белгілеу үшін жүгінді. Бірақ, Шымкент қаласының әкімдігі қалған жер учаскесін мемлекеттік тіркеуден бас тартады. Өйткені, жер учаскесі Сайрам ауданы әкімінің 18.04.2006 жылғы қаулысына сәйкес алты бөліке бөлініп, алды қожайынға өтіп кеткен. Демек, әкімдік 2016 жылы кәсіпкерге біреуге тиесілі жерді сатып жіберген. Зерттей келе, кейбір учаскелердің бірнеше рет сатылғаны анықталды, учаскелердің біразын Жер қатынастары бөлімі қалалық білім беру бөліміне берген. Бұған қоса басқа адамдар жер учаскелерін аукцион өткізбей, жер заңнамасы нормаларын бұзып, тез алған. Осы ретте жер учаскелерін сатып алған алты адам да заң бойынша әділет министрлігінде тіркелген екен.

 

Кәсіпкер 2006 жылы өткізілген аукцион қорытындысы туралы хаттаманы, жерді сатып алу-сату шарттарын, жер телімін иеленуді және меншік құқығын тіркеуді және Сайрам ауданы әкімінің қаулысын бұзу туралы сотқа талап-арыз берді. Бірақ, сот «Құрылыс» ЖШС талап арызын қанағаттандырмады. Осы ретте 11 жыл ішінде жерге деген нарықтық баға өзгеріп, қазір осы 1,7 гектар жер 351 млн теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі таңда «Құрылыс» ЖШС 2006 жылы сатып алған жер учаскесін заңгерлік талап салдарынан иемдене алмай отыр. Кәсіпкер Шымкент қаласы әкімдігіне заңгерлік талапты алып тастау бойынша өтінім жасады, алайда әкімдік орындаудан бас тартты.

«Қарап тұрғандарыңыздай, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» және жергілікті атқарушы органдар арасындағы әрекеттердің сәйкессіздігіне байланысты жылжымайтын мүлікке меншік құқығын мемлекеттік тіркеу кезінде өрескел бұзушылықтар болған», – деді Шымкент қаласы ӨКП директорының Құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Акенов.

 Бірақ Кеңес отырысында осы жер учаскесіне қатысты проблеманы шешуді ешкімнен сұрау мүмкін болмады. Мемлекеттік органдар кезекті рет Кеңес отырысына шақыртуды елемеді. Ал «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы атынан қатардағы қызметкер келіп, іс бойынша құзіретсіз екенін байқатты.

 Кәсіпкерлер мәселесіне осылай немқұрайды қарау, шақыртуларды елемеу Кеңес мүшелерінің ызасын тудырды.  

«Осындай әрекет арқылы басшылықтарыңыз мемлекеттік қызметтің беделін түсіріп, мемлекеттік қызметкерлердің абыройына нұқсан келтіруде. Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ресми өтінім жіберетін боламыз! Ұлттық бюроға жүгінеміз, өйткені бұл істе жер учаскесін бөлуде сыбайлас жемқорлықтың схемалары бар. Нәтижесінде кәсіпкер уақыты мен қаражатын жоғалтып, бизнесін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлеудің  орнына әрекетсіз отыруға мәжбүр», – деді Кеңес төрағасы Мелес Сейітжанов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер