astana-view

«Жастар жылы – жаңа мүмкіндіктер» форумы өтті

2019 жылғы 07 Ақпан
3623 просмотров

Ақтауда «Жастар жылы – жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық жастар форумы өтті. Шараға өз ісімен қоғамға пайда әкеліп, өзгелерге үлгі болып, белсенділік танытқан 300 жас қатысты

Белсенді жастардың атынан сөз алғандардың бірі – Айнұр Қуанова.Ол зағип жандарға арналған «Ақылды таяқ» жобасының авторы. Бұл шараға жас тарихшы Кенжебек Сержанұлы, «Каспий» футбол клубының ойыншысы, «Арсенал Киев» командасының тәлімгері Алтынбек Мырзабеков, жас кәсіпкер, ментор, «Үздік педагог-2018» республикалық байқауының жеңімпазы Фатима Салқынбаева, ментальды арифметикалық жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы, Гиннесс рекордтар кітабына енген Орынгүл Арыстан сынды талапты жастар да шақырылды. Форумға қатысушылар өз жобаларын ұсынып, кейбірі бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін айтты.

Өңірдегі жастар  тиісті мекемелермен бірлесе отырып 2019 жылға арналған «Жол картасы» аясындағы 100 нақты шараны іске асыратын болады. Жиында жастар жылымен құттықтап, сөз алған облыс басшысы Ералы Тоғжанов:

«Жастар жылында өңір жастарына қажетті және түсінікті шаралар қабылдауымыз қажет, олар 4 негізгі бағытты қамтуы тиіс, жастардың сапалы және қол жетімді білім алуы, жұмыс пен қамтылуы, тұрғын үй алуына мүмкіндіктер және отбасы құруына жағдай жасау. Биылдан бастап, жастардың сапалы білім алуы үшін облыс әкімінің арнайы гранттарының саны 150-ден 200-ге дейін артады. Атап айтқанда ағымдағы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 221 жас ауылдық жерлерге тартылып, оларға көтерме ақы беріледі. «Жастар практикасы» жобасы арқылымыңнан аса жас жұмыс орындарына жолданып, одан әрі тұрақты жұмыспен қамту шаралары қабылданады. «Жасыл ел» бағдарламасы мен жаз айларында жұмыспен қамтылатын жастар саны 1500-ге жетпек. Сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлеп палатасында жастар кәсіпкерлігін қолдау бағытында «Бастау бизнес» жобасы арқылы 800 жасты оқыту жоспарланған», – деді.

 

Сонымен қатар,биылғы жылы өңір жастарын көптеген тың жобалар күтіп тұр. Атап айтсақ, жастарға патриоттық тәрбие беру, оларды қоғамдық-мәдени ортаға тарту мақсатында 500-ге тарта түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, 2 ірі халықаралық шара ұйымдастыру көзделіп отыр. Бірінші, тамыз айында Ақтау саммитінің 1 жылдығы аясында Маңғыстауға шекаралас мемлекет жастарының «Жастар достығы – 2019» форумы. Маусым айында «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың 7 қыры» мақалалары аясында «Өз тарихыңды танып біл» атты жастардың республикалық экспедициясы өткізіледі. Ауқымды экспедиция Маңғыстаудан бастау алып, одан әрі Атырау (Сарайшық, Исатай, Махамбет кесенелері), Орал (Бөкей орда), Ақтөбе (Қобыланды батыр кесенесі), Қызылорда, Ұлытау, Түркістан, Есік қорғаны, Астана қалаларын араламақ.Өңірдің жас ғалымдарын инвесторлармен таныстыру, оларды халықаралық көрмелерге қатыстыру және еңбегін таныту мақсатында тағы бір жоба қолға алынбақ. «Туған жер upgrade» Шерқала немесе Айрақты тауы етегінде өтетін көшпелі жастар кездесу-тренингі. Республика бойынша «100 жаңа есімге» енген, жетістікке жеткен тұлғалар шақырылады деп жоспарлануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер