astana-view

«Менің Атамекенім»: 9 жасар Камилланың еміне көмек қажет

2019 жылғы 18 Ақпан
- Алматы қаласы
3683 просмотров

Церебралды сал ауруына шалдыққан қыздың анасы «Атамекен» ҚР ҰКП-ның жаңа әлеуметтік платформасында көмек сұрап, өтінім қалдырды

Ләззат Қасымова баласын өзі тәрбиелеп отыр. Ана түрлі қорлардан, тікелей меценаттар мен бизнесмендерден көмек сұраған. Қиын өмірлік жағдайда қолдау сұрауға  немесе көмек ұсынуға мүмкіндік беретін «Менің Атамекенім» платформасы туралы естігенде, Ләззат Қасымова бірден өтінім беремін деп шешті.

«Өте жақсы жоба, мұнда «Маған көмек керек» немесе «Көмектескім келеді» деп таңдау жасауға болады. Менің өтінішіме еліміздің жанашыр адамдары жауап қайтарады деген үміттемін», – деді ол.

 Қорқынышты диагноз туралы отбасы балаға 4 ай толғанда естіген. Ары қарай квота бойынша науқас қызды Астана қаласында емдеген.

 «Аружан Сайын қорының қолдауы арқылы 2014 жылы Челябі қаласына емге барып келдік, келесі жылы демеушілерді өзім іздедім, өйткені ем нәтиже көрсетті», – деді Ләззат Қасымова.

 Қыз бала өз есімінің алғашқы әріптерін айта бастаған, мультфильмдерді қуана көрді, айтқан сөзді түсіне бастаған. Камилланың анасы тағдыр берген әр мүмкіндікті пайдаланды. Сондықтан ресейлік дәрігерлер ұсынған отаға ойланбай келісім берген.

 «2016 жылы Атырауда тұрдық, ол жақтан Алматыға отаға бардық. Ота бала бойындағы спастиканы алып тастау мақсатында бұлшықеттеріне тілік жасаудан тұрды», – деді қыздың анасы.

Камиллаға 22 тілік жасалды. Дәрігерлер барлығы жақсы болады деп сендірді, бірақ отадан кейін келесі күні клиникалық өлім орын алып, бала комаға түскен, комадан бір айдан соң ғана оянды.

 «Комада болған уақытта ми клеткаларының біразы зақым алды, нәтижесінде бала өздігінен демала алмайды, оған тілік жасап, трахеостомикалық түтік орнатқан. Баланы мұрынға қойылған түтік арқылы тамақтандырады, тағы бір түтік зәр шығаруға қойылды», – деді Ләззат Қасымова.

 Түтіктерді уақтылы ауыстыру үшін отбасы Алматыға көшіге мәжбүр болды.

«Ай сайын қажет түтіктер, сүзгілер, зондтар, антисептикалық препараттар,  Картан және Пантогам дәрілерін алуға 300 мың теңге қаражат кетеді. Жәрдемақы айына 72 мың теңге көлемінде беріледі. Бұл түтіктерді емхана бермейді бізге. Онсыз бала тыныс ала алмайды немесе сілекейіне тұншығып қалуы мүмкін. Қазір көмекке өте мұқтажбыз, қайырымды жандардан көмек сұраймын», – дейді Ләззат Қасымова.

 Камиллаға көмектескісі келетін жандар «Менің Атамекенім» платформасында байланыс нөмірін тастап немесе текелей науқастың анасына хабарласа алады: +7 778 359 80 80.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер