astana-view

Өңірлік кеңес мүшелері ауыл кәсіпкерлерімен кездесті

2019 жылғы 04 Мамыр
- Маңғыстау облысы
4314 просмотров

 Маңғыстау облысының Шетпе ауылында МО «Атамекен кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңестің көшпелі жиыны өтті

Шараны Өңірлік кеңестің төрағасы Жаңабай Сүйіндіков жүргізіп отырды. Басқосуға жиналған ауыл кәсіпкерлері өзекті мәселелерін ортаға салып, оның шешілу жолдарын тиісті мамандардан сұрады. Іскерлердің көпшілігін бизнесті дамытуға қажетті несие алудың қиындығы толғандырады екен. Әсіресе, өңірдегі 1%-бен несие беретін «Нұр капитал» бағдарламасы қаражатының қол жетімсіздігі тақырыпқа тұздық болды.

Кәсіпкер Мереке Ахметов: «Мен халықаралық тас жолдан шәйхананың құрылысын бастадым. Енді ішкі жұмыстары мен құрал-жабдықтарға 10 млн тг несие қажет болып тұр. «Нұр капитал» бойынша несие алайын десем, кепілге Ақтаудан 3-4 бөлме үй қоюымды сұрайды. «Атамекеннің» несиесі 6 млн тг, аздық етеді. Кәсібімді бастап кетсем 5 адамды жұмыспен қамтып, отбасымды асырайтын едім. Мамандардан осының шешу жолдарын сұрап, кеңес алдым»,-дейді.

Бұл бағдарлама бойынша несие тапсырған аудандағы 20 кәсіпкердің де жай-күйі осындай. Шарада ауылшаруашылығы саласына аса қажет су мәселесі де қозғалды. Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Файзулла Жаңабаевтың айтуынша, ауылшаруашылығын суландыру мақсатында 2007 жылы 7, 2018 жылы 13 құдық қазылды. Тереңдігі 100 метрден асатын құдықтарға 80/20 бағдарламасымен субсидия берілетін еді. Соңғы жаңалықтарға орай тек 100 метрге дейінгі құдықтар қаржыландырылады. Осы үлкен мәселе болып отыр. Үстіртте 100 метрге дейін су шығады, ал ойда 300 м, Бозащы түбегінде 700 м тереңнен ғана су шығады. Бұл суға тәуелді шаруаларға кедергі бюолып отыр.

Маңғыстау ауданында 3 мыңға жуық кәсіпкер бар. Олардың дені мал шаруашылығы саласын өркендетіп отыр. Өңірлік кеңесте қозғалған түйінді мәселелер шешілсе, кәсіпкерлік саласының дамуы арта түсер еді, дейді шаруалар.

Нұрбек Қарасаев, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

«Жуық арада әкімдердің рейтингін жасауды қолға аламыз. Бастапқы кезеңі тест түрінде өткізілді. 17 бағыт бойынша жұмыс сапасы сараланады. Кәсіпкерліктің дамуы, жер мәселесі т.б.бойынша аудан әкімдерінің рейтингі анықталып шығады. Одан әрі республикалық көлемде жүзеге асырылмақ. Жобалық офисті құрып отырмыз. Барлық елді мекендегі кәсіпкерлердің өнімдерін әрі қарай тұтынушыларға өткізу жолдарын қарастырамыз. Елбасы өңдеуші өнеркәсібін қолдауға 600 млрд тг жұмсау, оны жүзеге асыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жасақталды. Ауыл кәсіпкерлері мен әкімдеріне осы жайттарды жиналыста толық түсіндірдік.

Одан әрі ауыл кәсіпкерлеріне «Atameken Services» порталының қызметі арқылы үйде отырып-ақ барлық маңызды қызметтерді пайдалану қажеттігі турасында ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. «Атамекен» микроқаржы ұйымы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен  екінші деңгейлі банк өкілдері де шаруаларға тиімді шарттарды түсіндіріп берді. Ауыл кәсіпкерлері ауқымды шараның алда да жиі өтуіне тілектестік білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер