astana-view

Астанада Қазақстанның үздік тауар өндірушілері анықталды

2016 жылғы 18 Қараша
4972 просмотров

Елордада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы өтті

«Ұлы дала елі» Форумы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын іс-шара.

Отандық өнімдерді өткізу, оның сату алаңына шығарылуы іс-шараның басты тақырыбы болды.  Осылайша, Форум аясында өткен  «Сатып алу. Тауар өткізу. Сауда. Экспорт» панельдік  сессиясында тақырып кең талқыланды. Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылында экономиканың әртүрлі саласында отандық тауар шығарудың үрдісі қалыптасып, жолға қойылды. Алайда отандық тауар өндірушілер тауарды сату алаңына шығаруда көптеген қиындықтар туындауда.

Кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуына не кедергі болып отыр? Бизнеске тауарларын өткізуде қандай қолдау қажет? Қазақстанның барлық ұлттық компанияларының басшылары, «Самұрық-Қазына» қоры еншілес ұйымдарының және бизнес-қауымдастық өкілдері, 700-ден астам кәсіпкерлер қатысқан пікірталаста осы және өзге де сұрақтар талқыланды.

Отандық тауар өндірушілердің ІІ «Ұлы дала елі» форумы Қазақстан кәсіпкерлерін қолдауды көздейді және оның аясында белді тұлғалар сұрақтарға жауап беріп, В2В сипатында кездесулер өтеді.

Сонымен қатар, Форум барысында, заңнамалық саладағы соңғы жаңалықтар айтылып, бизнес-орта отандық кәсіпкерлікті қолдаудағы Үкімет жұмысымен жақынырақ таныса түсті.

Форумда бизнестің табысты өркендеуіне жол ашатын ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойылды. Нәтижесінде отандық тауар өндірушілер бизнесін сәтті жүргізудің тетіктерін тауып, жарқын болашаққа сенімдері нығаяды. Ұзақ мерзімге арналған шарттардың мәнісі сонда, өндірісті жаңғыртып, компаниялардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік туып, несиеге қолжетімділік жақсарады, қосымша өндіріс желілері іске қосылады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, отандық өнімдердің «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін  алыс-жақын шетелде таныту мақсатында, кәсіпкерлік субъектілері арасында «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін қолдану құқығын табыстайтын жылсайынғы байқауын қолға алды.

«Ұлы дала елі» брендін қолдану құқығы жыл сайын, Қазақстан брендін халықаралық ауқымда алға жылжытуға ден қойған, үздік отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге табысталады. Байқауда ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатар бақ сынауда.

«Ұлы дала елі» белгісі сапалы өнімдер мен қызметтерді бір бренд аясында біріктіруге, ел абыройын асқақтатуға мүмкіндік береді. Бір жағынан бұл, жеңімпаздарға қосымша мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ұсынылатынын ескерсек, тауар өндірушілерге қозғау салып, ынталандырар болса, екінші жағынан, Қазақстанның халықаралық ортадағы беделін өсіре түседі.

Көрме отандық өндірушілердің тауарының сапасына көз жеткізіп қана қоймай, әріптестік қарым-қатынастарды және өзара ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілер форумының қатар өткізілуі, елдегі ірі тапсырыс берушілер (мемлекеттік мекемелер, ұлттық холдингтер мен компаниялар) мен отандық тауар өндіруші кәсіпорындарды ортақ арнаға табыстыруға мүмкіндік беріп, оның аясында өткен В2В сипатындағы кездесулерде аталған саладағы көптеген мәселелер талқыға түсті.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы отандық өнімдердің сапасын көтеру мақсатында жеке және заңды тұлғалардың белсенділігін көтеріп, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз етуге; отандық және халықаралық стандарттар негізінде қазіргі заманғы басқару тәсілдерін енгізуге алғышарттар жасап, кеңінен қолданысқа енгізуге септесуге; сапа түйткілдерін тарқатуға өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аударуға бағытталған.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы үш аталым бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Халық тұтынатын үздік тауарлар»; «Үздік азық-түлік тауарлары».

Қос шарада өңірлік байқауларда жеңіп шыққан 145 отандық компания қатысып, өнімдерін назарға ұсынды. Байқау жүлдегерлері әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының белгісі және дипломдармен марапатталады.

Жеңіске жеткен тараптар төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырса, өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауларын елдің 14 өңірі мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан Кәсіпкерлер палаталары өткізеді.

19 қараша «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы аясында Әйелдер кәсіпкерлігі күні – Women's Entrepreneurship Day өтті.

Отандық тауар өндірушілер көрмесін 18-19 қарашада тамашалауға болады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер