astana-view

Көлемді айыппұлдан босатылды

2016 жылғы 06 Сәуір
- Атырау облысы
6287 просмотров

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы ҚР Жоғарғы сотында кәсіпкердің мүддесін қорғап қалды

Нәтижесінде кәсіпкер шамамен 4 млн. теңгелік заңсыз айыппұлды төлеуден босатылды.

Іс желісіне үңілсек, 2008 жылы «Telco Technoljgy International Holding Inc.» LLC түрік компаниясы мен «Восток» ЖШС бекіре тұқымдас балықтар уылдырығын сатып алу туралы келісім-шартқа отырған. Сатып алушы тауарды алғанымен, түрік компаниясы ақысын шотқа аудармаған.  Осыған байланысты 2009 жылдың ақпанынан бастап келісім-шарттың әрекет ету мерзімі қосымша келісімдермен ұзартылған.

Бұған қарамастан, ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалы «Восток» ЖШС-на қатысты өкілетті банктер шотына экспорттан түскен ұлттық және шетелдік валютадағы түсімді аудармау арқылы ұлттық және шетел валютасын қайтару талаптарын орындамау әкімшілік құқықбұзушылығы туралы хаттама толтырылған. Бұдан ары Атырау қаласы Мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 11 наурызындағы қаулысымен серіктестік әкімшілік құқықбұзушылыққа барғаны үшін айыпты деп танылып, 2000 айлық есептік көрсеткішке тең 3 964 000 теңге көлеміндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған.

Сот шешімімен «Восток» ЖШС төмендегі жайттар бойынша келіспеді. Біріншіден, сот отырысы 2015 жылдың 11 наурызында сағат 10.00-де өткен, ал ЖШС өкілінің телефонына сот отырысы өтетіні туралы СМС-хабарлама сол күннің кешінде ғана келген. Яғни, бұл уақытта сот отырысы өтіп кеткен. Ал компания өкілінің айтқан уәжі бойынша, олардың қолында репатриацияның мерзімін ұзарту туралы барлық құжаттар бар.

Екіншіден, қаулыда «Восток» ЖШС өкілі сот отырысында ЖШС айыбын мойындады деп жазылған. Алайда, серіктестік өкілі отырысқа мүлдем қатыспаған болып шықты, себебі сот отырысы туралы ескертпе оларға кештетіп жеткен. Бұл туралы жоғарыда айтылды. 

Үшіншіден, қаулыда іс материалында «Восток» ЖШС әрекеттерінде қылмыстық жазаға тартылатын іс-қимылдар белгілері барын растайтын құжаттар жоқ деп көрсетілген.

Жоғарыда айтылған жайттарға байланысты «Восток» ЖШС Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына бұл мәселені шешуде көмек сұрай жүгінген.

«Соттың бұл шешімі компанияның бұдан ары дамуына қауіп төндіріп отыр. 4 000 000 теңге көлеміндегі айыппұл шағын кәсіпкерлік субъектісі үшін аз сома емес. Біздің компания бизнесті дамыту үшін алған 300 млн. теңгеге тең несиелік қарызын қайтаруы керек, қызметкерлерге жалақысын беріп, салықтарды да төлеуі керек. Ал бұл айыппұл біздің мүмкіндерді шектеп, қаржылық жағынан бизнесіміздің құлдырауына әкелуі мүмкін», – деп жазды серіктестік басшылығы Кәсіпкерлер палатасына жолдаған өтінішінде. Палата сарапшылары істің мән-жайына талдау жасап, банк талаптарын негізсіз деп тапты. Істі қарау процесі кезінде Палата заңгерлері сот тыңдалымдарына қатысып, кәсіпкер мүддесін қорғап бақты. Алайда алғашқы, апелляциялық және кассациялық сот инстанцияларында «Восток» ЖШС айыпты танылды.

Істің ақырғы нүктесі 2016 жылдың 31 наурызында қойылды. Атырау облысы Палата сарапшысы Жоғарғы сот отырысына қатысты. Сот Палата өкілінің келтірген уәждерін ескеріп, алғашқы, апелляциялық және кассациялық сот инстанциялары шығарған қаулыларды  алып тастап, «Восток» ЖШС төлеуге міндеттелген 3 964 000 теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлдан босатты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер