astana-view

Қызылорда: Тағы да әуре-сарсаңға салынған кәсіпкер

2020 жылғы 20 Ақпан
- Қызылорда облысы
12916 просмотров

Қызылордада соңғы кезде аукционға қатысып, кәсіпкерлік мақсатта жер алған кәсіпкерлердің алған жерлері бос болмай, қиындыққа кезігіп жүргендері жиі кездесе бастады. Жыл басында да осындай мәселемен жүрген кәсіп иесі туралы жазған болатынбыз https://kyzylorda.atameken.kz/kk/news/34512-kyzylordinskij-predprinimatel-v-techenii--let-ne-mozhet-poluchit-zemel-nyj-uchastok-ploshad-yu-v--sotku 

Қызылордалық жеке кәсіпкер Қарылға Жеткергенованың кәсіпкерлік саласында жүргеніне біршама уақыт болған. Бұрын жылжымайтын мүлікті тек жеке тұлғалардан алып, жұмыс жасап жүрген кәсіп иесі 2019 жылы мемлекеттік органның жариялаған ашық аукционына қатысып, кәсіпкерлік мақсатта 0,1 га жер телімін ұтып алғанда қуанышында шек болмаған.

«Жер телімі Қызылорда қаласының сол жағалауындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің арасында орналасқан. Аталған жер учаскесіне тиісті құқық беретін құжаттарды заңдастырып, кәсіпкерлік мақсаттағы нысанның құрылысын жүргізуге дайындық жұмысын жасадым. Осы нысанды салу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан несие рәсімдеп, кепілге өзім тұрған үйімді қойдым. Алайда салынатын нысан құрылысына құрылыс-жобалау жұмыстарын жүргізу үшін 22 маусымда жер теліміне барғанымда көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатқандығын анықтадым», - дейді кәсіпкер Қарылға Жеткергенова.

Бұл орын алған жағдай кәсіпкердің құрылысқа қатысты барлық жұмыстарының тоқтауына алып келеді.Кәсіпкердің айтуынша, қала әкімдігі тарапынан ешқандай ескерту хабарламасы келмеген де. Әрі қарай әкімдік кәсіпкердің аукционнан жеңіп алған жерінің орнына басқа жер телімін ұсынып, тек қазан айында ғана кәсіпкер жердің заңды иесі атана алады.

Орын алған заңсыздық салдарынан кәсіпкер Өңірлік инвестициялық орталығынан алған несиесі, оны игерудегі міндеттемесі бойынша мерзімінен кешігеді.

Кәсіпкердің ендігі қиындығы кәсіпкерлік нысаны, яғни дүкен құрылысының эскиздік жобасын бекітуде шығады. Әкімдік тарапынан берілген нұсқамаларды орындағандығына қарамастан, кәсіпкердің 3 рет ұсынған эскиздік жобасы да кері қайтарылады. Мұнымен қоса, жергілікті атқарушы органның жауапты мамандары «құрылыс жобасы жоқ бола тұра құрылыс жүргізілуде» деп, облыстық құрылыс-бақылау басқармасына хабарлама жібереді.

Амалы таусылған кәсіпкер Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келеді. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бұл мәселеге қатысты жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысымен бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізе алды.

Біріншіден, кәсіпкерге «құрылыс жобасы жоқ бола тұра құрылыс жүргізілуде» деген желеумен салынғалы тұрған миллион теңгеден астам айыппұлдың көлемі бизнес өкілінің кездескен кедергілері ескеріле келе төмендетілді.

Екіншіден, кәсіпкерлік мақсаттағы ғимараттың эскиздік жобасы бекітіліп, кәсіпкер құрылыс жұмыстарын толық аяқтай алды.

Үшіншіден, кәсіпкердің шағымына қатысты Кәсіпкерлер палатасының ұсынысына сай Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен көрсетілетін эскиздік жобаны бекітуге қатысты мемлекеттік қызметті тексеріп, тексеру барысында заңды нормативтік құжаттардағы талаптар сақталмай, негізсіз бас тартылғандығын анықтаған. Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде кемшіліктерге жол бергені үшін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты қызметкеріне «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер