astana-view

Білікті көмек жеңіске жеткізді

2016 жылғы 28 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6598 просмотров

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының заңгері кәсіпорындарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол бермеді

Сотта Алматы облысы Қарасай ауданы  ауданаралық  мамандандырылған әкімшілік сотының үкімі қайта қаралды. Бұған дейін «Алатау-құс» ЖШС мен «Алель Агро» АҚ-на қатысты іс Кәсіпкерлер құқығын қорғау Кеңесі отырысында қаралған болатын. Басқосуда соттың 2015 жылғы қазан айындағы шешімі талқыланған. Ол бойынша «Алатау құс» ЖШС-ға әкімшілік құқық бұзды деген айып тағылған еді. Яғни, кәсіпорын «Алель Агро» АҚ-мен бірге, келісілген түрде, құс еті бағасын көтеру арқылы бәсекеге қарсы іс-әрекет жасады деп айыпталған еді.  Осылайша, компанияға 2778 012 теңге көлемінде айыппұл салынып, монополиялық кіріс бойынша  мемлекеттік қазынаға 166 661 теңге өтемақы алынған болатын. Сот Табиғи монополиялар және бәсекені қорғау комитеті департаменті жүргізген тергеу жұмыстарына сүйенген екен. Онда «Алель Агро» АҚ мен «Алатау-құс» ЖШС бәсекеге қарсы астыртын іс-әрекет жасады делінген. Осының негізінде, қылмыстық іс қозғалған.

Алайда, Еңбекшіқазақ аудандық соты «Алель Агро» АҚ ісінен заңға қайшы әрекет жоқ екенін анықтап, ол «Алатау-құс ЖШС-мен бірге бәсекеге қарсы астыртын іс-әрекет жасады деген дерек бойынша істі тоқтатқан. Ал, Қарасай ауданы  ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты «Алатау-құс» ЖШС-ын кінәлі деп танып, 2 млн теңге көлемінде айыппұл салған.

«Департамент «Алель Агро» АҚ-на қатысты Еңбекшіқазақ аудандық соты шешімімен келіспей, Алматы облысы прокуратурасына іске қатысты наразылық білдіру туралы өтінім жасаған. Іс материалдары зерттеліп, Алматы облысы прокуроры Г.Миразовтан наразылық білдіруге негіз жоқ деген жауап келген. Осылайша, облыс  прокуратурасы Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілік істі жабу туралы шешімімен келісіп отыр. Ал шешім күшіне енді», – деді ӨКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Диас Оташбаев.

Сол себепті, Алматы облысы азаматтық істер бойынша сот төралқасы Алматы облысы АМЭС шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Осылайша, «Алель Агро» АҚ мен «Алатау-құс» ЖШС-на қатысты департамент тарапынан қозғалған іс жабылды. Осыған орай, экономикалық сот зерттеу нәтижелерін заңсыз деп таныған. Ал Палата заңгері істің жаңа бағыт алуына байланысты шешімді қайта қарау туралы өтініш жазған. Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекске сәйкес, істі қайта қарауға келесі себептер негіз болады: аталған үкімге себеп болған шешім, үкім немесе сот қаулысы не өзге мемлекеттік органның (лауазымды тұлға)  құқықтық актісі.

Бір қуантарлығы, әділдік салтанат құрып, іс кәсіпорындар пайдасына шешілді. Қарасай ауданы  ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты Г.Байырбекова аталған өтінішті мақұлдап, әкімшілік заң бұзушылық туралы қаулыны жоққа шығарды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер