astana-view

Табиғи тұздан жоғары технологияларға дейін

2017 жылғы 28 Шілде
2254 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары»: халықтың таңдауы қандай?

Астана қаласы «Көрме» орталығында еліміздің ең озық кәсіпорындары өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілерінің ІІІ форумы аясында екі бірдей көрме өтіп жатыр.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы жыл сайын үздік кәсіпорындарды анықтауға ықпал етеді. Аталмыш байқауға қатысам деуші кәсіпорындар көп, осыған орай іріктеу талаптары да өсіп, кәсіпкерлер арасында бәсеке артып, көрмеге қойылатын тауар түрлері көбейіп келеді. Бұл жақсы тенденция: ішкі нарықты жетілдіре түсу арқылы, отандық тауарды сыртқы нарыққа қарай бейімдеу үдерісі жүруде. Ал экспортты жолға қоюда, отандық тауарды бірыңғай брендпен шетелдік нарыққа шығару «Ұлы дала елі» форумының басты миссиясы.

Форум аясында Елорда тұрғындары мен қонақтары түрлі бағыттағы отандық өнімді өндіруші бағасымен сатып алуға мүмкіндік алды. Үш күнге созылған көрмелерде халық қарасы қалың, көздің жауын алатын сан алуан тауар легі Қазақстанда шығарылады. Айта кетелік, аталмыш ірі іс-шараны  «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында «Атамекен» ҚР ҰКП және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қоры ұйымдастырып отыр.

Отандық әлеуетті байқаған Көрменің қонақтары өз ойларымен бөлісіп отыр.

Көрме қонағы Мадина Ергебаева мұндай шараға бірінші рет келген: «Босағадан аттай сала жақсы көңіл күйде болдым. Шынымен осының бәрі Қазақстанда өндіріле ме? деп тамсандым. Өзіме ұлттық нақыштағы киім ұнайды. Әдемі комзол, бешпеттерді бірден өндіруішден сатып алуға арнайы келдім. Осындай шаралар Астанада көптеп өткізілу керек». 

Бүгін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік деңгейінде жеңіске жеткен 144 компания ішінде «Үздік азық-түлік тауары» аталымында 48 кәсіпорын іріктеліп, нағыз халықтық өнімдер жинақталған.

«Ас адамның арқауы демекші» өңірлік кезеңде жеңіске жеткен кәсіпорындарға сараптама жасау арқылы халық табиғи өнімдерді таңдайтынын байқадық. Мәселен, нан-тоқаш өндірін дайындайтын 6 кәсіпорын, кондитерлік бағытта 3 кәсіпорын байқаудың республикалық деңгейіне өткен. Сүт өнімдерін өңдейтін 6 кәсіпорын, ет өнімдерін шығаратын 4 кәсіпорын, балық шаруашылығымен айналысатын 5 кәсіпорын, сондай-ақ табиғи бал өндіретін, омарта шаруашылығымен айналысатын 3 кәсіпорын көрмеге өз өнімдерін қоятын болады. Осы компаниялардың ішінен үздіктер жылдың аяғында таңдалады.

Отандық азық-түлік өнімнің басты артықшылығы және экспорттағы басымдығы  табиғи шикізаттан, еш гендік модификацияланған ағзаларсыз дайындалады. Сондықтан «Ұлы дала елі» ортақ бренді арқылы әлеуеті зор компанияларды сыртқы нарыққа шығару – басты мақсат.

«Мұндай көрмелер нағыз халықтың жәрмеңкесі деп айтуға толық негіз бар. Мұнда күнделікті тамақтануға қажет, өте пайдалы, табиғи өнімдер бар. Мәселен, нан, сүт, ет, бал өнімдері бірінші кезектегі тауарлар. Көрмедегі тауарларға қарап осы азық-түлік заттардың сан алуандығына қуанып отырмын. Табиғи таза өнімді тұтынған қазақстандықтардың болашағы зор», – деді көрме қонағы Зоя Колосова.

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бойынша өңірлік кезеңде түрлі салада жұмыс істейтін кәсіпорындар іріктелген.

 Жасалған сараптама бойынша аталымнда киім-кешек, тігін өндірісімен айналысатын кәсіпоырндар саны басым, барлығы – кәсіпорын. Аяқ киім тігентін 3 кәсіпорын іріктеуден өтсе, жиһаз өндірісі бойынша – 4, резіңке мен пластикалық өнімдер, Жарық құралдарын өндіретін – 3 кәсіпорын, тұрмыстық химия –2, дәрі-дәрмек өндіретін фабрика – 1, сұлылық салоны –1, зергерлік бұйымдарды әзірлейтін 1 кәсіпорын бар.

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымында Өңірлік кезеңде екінші орын алған  «Zhulduz» Мәрия ханым сән үйі» жеке кәсіпкерлігінің директоры көрме ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп отыр. «Осындай ауқымды шаралар арқылы кәсіпорындар танылады, нарықтағы бәсекелестерін бағалайды, тәжірибе алмасады, тиімді келісімдер жасайды. Жалпы отандық нарықтың мүмкіндігі зор, біріміз киім тіксек, біріміз мата өндіреміз, үшіншіміз аяқ киім тігеміз осылайша байланыс орнату қажет», – деді сән үйдің директоры Жұлдыз Оспанова.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымында құрылыс (12) және электр (10) жабдықтары мен құралдарын өндіруші кәсіпорындар басым, екінші кезекте полипропилен, полиуретан өндірісі (9) металл өндеу  өндірісі (8) болса, химиялық заттар шығаратын кәсіпорындар да жақсы позицияларға ие. Сонымен қатар көлік бөлшектерін шығарушы, есептеу құралдарын жасаушы кәсіпоырндар өңірлік кезең жеңімпаздары қатарында бар.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен «Қазақстанда жасалған» көрмеге қойылған отандық өнімге қарап, ішкі нарықтың сан алуандығына куә болдық. Мұнда қарапайым аз тұзынан бастап, жоғары технологиямкен өндірілетін тауарлар ұсынылған.

Елорда тұрғындары мен қонақтарын Отандық кәсіпкерлерді қолдап, тиімді бағамен сауда жасап, бағалы сыйлық ұтысына қатысуға шақырамыз.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер