astana-view

Қазақстанда 2014 жылғы егін жағдайы: аграрилердің шығыны басым, қаржылық босаңдық қажет

2014 жылғы 27 Қазан
4322 просмотров

Ауа райының қолайсыздығы еліміздің солтүстігінде  астық жинау қарқынын төмендетіп отыр. Бидай сапасы төмен. Әсіресе жағдай Солтүстік Қазақстан облысында қиын болып отыр. Бұл өңірде үздіксіз жауын жауып, қазан айының ортасында қар жауған болатын.  Ал жергілікті атқарушы органдар көрсеткіштердің көңіл толарлығын айтып есеп беруде.

Аса шығынға батып отырған ауыл шаруашылық өнімдерін шығарушылар банк және «ҚазАгро» алдындағы міндеттемелерін орындауға қауқарсыз болып отыр. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  «Агробизнес-2020» бағдарламасына қатысушылар осы бағдарламадан шығарылып қалуы мүмкін деп алаңдауда. Жағдайдың ушыға түсуі себебінің бірі – дәнді дақылдардың өндірісін қаржыландырып отырған банктер  келесі жылдың көктемгі егін егу жұмыстарына қатысатындарына күмән туындатуында.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  Үкіметтен егін жинау барысы және егін сапасының көрсеткіштері туралы шынайы мәліметтерді жинау бойынша шаралар қолдануды сұрайды.

Осыған қатысты құрылатын комиссия құрамына ҰКП, Фермерлер одағы және Қазақстанның  астық одағының сарапшыларын қосуды ұсынуда. Сонымен қоса, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы келесі шараларды қолдану орынды деп санайды:

-  дәнді тұқымдардың мемлекеттік қорын қалыптастыруға  арналған бюджет қаражатын ағымдағы жылы кем дегенде 500 мың тонна көлемінде бөлу;

- аталған қорлардан 2015 жылы шығынға батқан ауыл шаруашылығы өндірушілеріне  тұқым беру арқылы несиелер ұсыну;

- аграрилердің  «ҚазАгро» еншілес компаниялары алдындағы міндеттемелерін орындауды 2016 жылға кейінге қалдыру мүмкіндігін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қарастыруы.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшыларының болжамы бойынша, орташа егін шығымдылығы 8-9 ц/га құрайды  немесе бидайдың  есепті салмағы  11,5 млн тоннадан аспайды.

ҰКП сарапшыларының  пайымдауынша, келесі маусымда экспорт  3,5 млн тоннадан аспайды.  Мамандардың  есептеуінше, егіннің басым бөлігінің сапасы  - 4-5 санатты (жем-шөпке арналған бидай).  Мамандар әсіресе Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға алаңдаулы,  тәуелсіз талдау нәтижесі бойынша бұл өңірде  шаруашылықтардың басым бөлігі егіннің жартысыннан айырылуы мүмкін. Балама зерттеулер жүргізуге жергілікті атқарушы органдар мен салалық қауымдастықтардың  мәліметтеріндегі қарама-қайшылықтар себеп болып отыр. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар СҚО егін жинау 87% деңгейінде деп хабарласа, аграрилер тек  50% (жекелеген аудандарда 34%) көлемінде екендігін атап отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есептеуінше, жергілікті атқарушы органдардың егін сапасы мен егіннің жиналу көлеміне қатысты ақпараттардың  бұрмалауына егін жинау іс-шараларына қажетті дайындықтың болмауы және  аудандардың  жанар-жағармаймен қамтамасыз етілмеуі себеп деп санайды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер